- Advertisement -

Сабақтан тыс «сағаттарға» кiм жауапты?

189

- Advertisement -

Жасөспірімдер неге
бір-біріне «салық» салады?

Қазір ауылдағы ағайынның өзінде бұрынғыдай бейқамдық жоқ. Нарықтық кезеңнің қатаң талабы бәрін өзара бәсекелестіріп қойған. Қысы-жазы бір тыным жоқ. Мал-жанның амандығы үшін тырбанып еңбек етпесе тағы болмайды. Қарап жатқанға кім қарайласа қойсын?! Ерте тұрып, қас қарайғанда бір-ақ дамыл табады. Таным да өзгерген. Өзгермеген бір ғана нәрсе – мектептегі жоғары сыныпта оқитын балалардың өздерінен кішілерден «салық» жинайтын «дәстүрі».
Демалыс күні ауылға барғам. Нағашымның мектепте оқитын баласы қыдырып келген екен. Немере ініммен жасы шамалас болған соң, әңгімелері таусылсашы. Күбір-сыбырлары көпке дейін басылмады. Еріксіз құлақ түрдім.
«Біздің мектептің «смотриящийі» – 10-сыныптың баласы. 11-лердің өзі соның айтқанынан шықпайды. Өзі біздің ағайын-туысымыз. Содан кейін маған тиіспейді. Жеті-сегіз жыл бұрын әке-шешесі аудан орталығына көшіп кеткен екен, биыл қайтып келді. Қазір соның орнатқан «тәртібі» бойынша 6-сыныптан бастап 11-дің жігіттеріне дейін «салық» жинайды. Бір жақсысы, шылым шекпейді, ішімдікке де жұмсап жатқан жоқ қой. Жиғанымызға «Coca-cola», чипси алғызады. Айтқаны орындалмаса, қоңырауда бәрін сапқа тұрғызып, «разборка»-«талқылау» жасайды», деді сөзінің соңын сыбырлай айтып. Әңгімеге беріліп кеткені сонша, «Неге?» деп қалды інім, сыныбының «атаманы» екенін аңғартып. «Бәрің сол не айтса, соны істеп жүре бересіңдер ме осылай?!».
Қызынып кетіп, даусы қаттырақ шығып кеткен соң сөздің сыңайын байқап қалған әкесі: «Тағы кімге соқтығыстың, тыныш жүрмесең, өзіңді таяқтаймын», десін. Бітті! Әңгіме осымен тәмам. Екеуі де жым болды.
Ауылда мұндай «дәстүр» ертеден бар. Жоғары сыныптағылардың төмендегілер үшін орнатқан жазылмаған «заңы» осындай. Біз мектепте оқып жүрген кезде де сондай еді. Одан бұрын да болған. Кім, қашан, неге енгізді оны? Ол жағын ешкім ойламаған шығар, сірә. Әйтеуір бір білетініміз – қазір бұл талап кей жерлерде қатайып, оның соңы қақтығысқа ұласып жататыны. Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге тараған Түркістандағы жас жеткіншектердің төбелесі – соның көрінісі.
Кейбір елді мекендерде мектеп бітіріп кеткен түлектер жоғары сынып оқушыларына әлі де «салық» салады екен. Жастар арасында кеңінен таралған терминмен түсіндірсек, «общягтің» тәртібі сондай. Балалар бұны бопсалау емес, алдыңғы толқынға кейінгі буынның көрсетер «құрметі» деп санайды. Ал қалыптасқан үрдіске көнбегендерді көпе-көрінеу көзге түрткі ететіндерін қайтесіз.

Әлімжет тік «жарнамасы» әлеумет тік желіде жүріп тұр

Жариялылық, ашықтық деп уысымыздағыны түгел ашып-шашып алдық па дейміз кейде. Ұялы телефондардың түр-түрі пайда болғалы бері мына қоғам ұятты да ұмыта бастаған секілді. Күнделікті не ішіп-жегенімізден бастап, қайда барғанымызды, жүрген-тұрғанымызға дейін тізіп отырамыз. Соның есебін бізден біреу сұрайтындай, суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жарыса жүктеу әдетке айналды. Үлкендердің өзі өстіп жатқан соң, кіші қайтсін?! Әлжуаздарға жасаған әлімжеттігін, жабылып тепкіге алып, қалай төбелескенін ешкімнен қаймықпастан әлемжеліге жүктей салатын болды.
Осы тақырыпта сөз қозғала қалса, көпшілік көрші Түркістан облысындағы жасөспірімдердің қатыгез «қылығын» жарыса айтады. Сорақысы сол, жас жеткіншектер осы іс-әрекеттеріне еш қымсынбады. Керісінше, көрсеткен өктемдіктерін көпке көрсетіп, мақтанғысы келгендей ме, қалай? Ал біз соны жарыса көрдік. Көрген соң, не істедік?
Көпшілігіміз сол әдеттегідей «қазіргі жастар не боп барады, өзі?» десіп, әлемжеліде ақылгөйсідік әбден. Жұртқа жария болып кеткеннен кейін тиісті мекемелер жедел кінәлілерді іздеуге кірісті. Осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін де болып жатыр ғой. Бірақ дәл бұлай көп көрсетілім жинамағаннан кейін назар аудармаған едік. Баяғы әдетпен, бассыздық жасағандардың қай мектептің оқушысы екені анықталды. Содан кейін сол білім ордасындағы жауаптылар жауапқа тартылды. Ал біреудің баласын ұрып, аузына темекі шоғын басқандардың ата-анасы қайда қалды?
Осыдан 4-5 жыл бұрын бір жиында Тараз қаласындағы бір мектептің мұғалімі жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесіне қатысты былай деп пікір айтқан еді: «Бір оқушы білім-өнер бәсекелерінен озық шығып, жүлдемен оралса, «ол кімнің баласы?» деп ата-анасын айтып, дәріптейміз келіп. Ал сабақтан тыс сағаттарда бұзақылық жасаса, бірден «түген мектептің шәкірті» деп шыға келеміз. Неге олай? Жеткіншек жетістікке жетсе, ұстазы сырт қалатыны несі?»
Шынымен солай. Жасөспірімдердің жайы жалпыға ортақ болғанымен, тәртіп мәселесіне келгенде барлық жауапкершілікті мектепке арта салатынымыз қалай? Балғындарға отбасындағы тәрбиенің ықпалы көп екенін неге ұмытамыз? Рас, жеткіншекке өскен ортасының да әсері бар. Көргенін қайталау – бала біткеннің әдеті емес пе?! Ендеше әлімжеттікті әлемжелі арқылы «жарнамалауға» заң арқылы тыйым салу керек шығар. Одан да біреуге зәбір көрсетіп, қысастық жасағандар жазасын тартатынын ескертетін бейнероликтерді көбірек көрсету қажет-ау осы.
Бейнеролик демекші, жақында әлеуметтік желілерде жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты облыстық ішкі саясат басқармасы әзірлеген бейнебаян тарады. Онда қазіргі қоғамдағы ахуал айқын көрініс тапқан. Мысалы, психологтің баланың сабақ үлгерімі, әдет-қылығы туралы қойған сауалына анасы кібіртіктеп, ашық жауап бере алмайды. Керісінше, ұстаздың сөзі шәкіртінің сырына көбірек қанық екенін байқатты.

«шәкірт теріміздің
тәртібінен ши шықпасын»

Таяқтың екі басы болатыны секілді, Түркістандағы жасөспірімдердің төбелесі жайлы желдей ескен ақпарат – өзге өңірлерге сабақ болғаны анық. Білім басқармалары мен бөлімдердің басшылары мектеп директорларына сабақтан кейінгі жағдайды да қадағалауды тапсырды. Тараз қалалық білім бөліміне хабарласқанымызда, бөлім басшысы Мүбәрак Жинақбаева жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесімен бірлесіп, мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ата-аналар комитетінің өкілдері мен мектеп инспекторлары, директордың тәрбие және құқық жөніндегі орынбасарлары кездесулер өткізіпті.
Сыныптағы оқушының бәрі тәртіпті. Сабақтан кейін ғой кейбірінің басбұзарлық жасайтыны. Осыны ойлап, бірнеше күн қаладағы біраз мектептерді сырттай бақылап көрдік. Мектептен қайтқаннан кейін де қадағалаудың барын байқай ма, көшеде әбес қылық көрсетпеуге тырысады екен. Алысып-жұлысып жатқаны жоқ. Қалай десек те, қазіргі «бәрін біліп туған» балалар арнайы тізімге ілігіп кетуден сескеніп, көпшілік орындарда бұзақылық жасамайды. Оның үстіне мектептің іші-сырты мен көзден таса тұстарының бәріне бейнебақылау қойылып, бәрі бақылауға алынған.
Орталықтағы №8 Төле би атындағы гимназия директорының құқықтық ісі жөніндегі орынбасары Дархан Мүсірбеков мектепте тәрбие ісіне жауапты арнайы мобильді топ жұмыс істейтінін айтады. «Инспекторымыз – Айсұлу Ибадулла, шені лейтенант. Жұмыс уақыты таңғы 8.00-ден кешкі сағат 19.00 аралығына дейін. 15.00-ден 17.00-ге дейін түскі үзілісі белгіленген. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған мобильді топтың мүшесі. Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, психологпен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Айына екі рет оқушылармен кездесу өткіземіз. Сонымен қатар қамқоршылық кеңесіне инспектормен бірлесе жүргізген жұмысымыз туралы екі айда бір рет есеп береміз», – дейді ол.
Дархан Оспанұлының айтуынша, әр сыныптың жетекшісі оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнату үшін «ватсапта» арнайы топ ашып, балалардың іс-әрекетін бақылауға алған екен. Сабақтан кейін топ болып жинала қалса, дереу әке-шешесіне хабарлап, мектептен қай уақытта қайтқанын қадағалауды тапсыратын көрінеді. Жақын маңдағы сауда нысандарының алдында да мұғалімдер кезекшілік жасап, көшеде бейсауат жүрмеуін ескертіп отырады дейді. Мектепте бірыңғай форма кию талап етіледі. Тіпті дене шынықтыру сабағында да солай. Қысқасы әлеуметтік теңдіктің сақталуынан бастап, барлық тәрбие жұмыстары жолға қойылған. Шәкірттеріміздің тәртібіне қатысты ши шықпасын деген ниет қой баяғы.
Барлық білім ордасында осындай талап бар. Енді ше, «пәлен мектептің оқушылары бұзық» деген сөз ешкімге де абырой әкелмесін бәрі біледі. Кеңестік кезеңде қалыптасқан «мектептің баласы» деген ұғым тәрбие мәселесінде барлық жауапкершілікті мұғалімдерге артуға мәжбүр еткені мәлім. Рушылдықты жою үшін атаның ұлын, қоғамға, оның ішінде білім ошақтарына теліді. Сөйтіп отбасылық құндылықтар бірте-бірте әлсіреп, тентегін тезге салатын ақсақалдар жүйесі жоғала бастаған еді.

Деректер не дейді?

Жасөспірімдер неге жағымсыз әдеттерге үйір? Әлсіздерге өктемдік көрсеткісі келіп тұратынының сыры неде? Ұрлық-қарлық жасауға кім итермелейді? Қулық-сұмдықты қайдан үйренді? Мамандар бұл түйткілдің түпкі себебін отбасылық құндылықтардың құны төмендегенінен іздейді. Ашық-шашық қалған қоғамнан көретіндер де бар. Ата-ананың дүние табудың соңына түсіп кетіп, тәрбиені ұмыт қалдырғанын айтып кінәлайды көпшілігі. Жайсыз отбасында өскендердің жағымсыз істері осы екенін алға тартады біразы. Сайып келгенде кейінгі толқынға үлгі көрсетер үлкендердің болмай тұрғаны ғой.
Жас жеткіншектердің басбұзарлық әрекеттерімен жиі бетпе-бет кездесіп отырған облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полициясының бастығы, полковник Қуаныш Қалжанов мұның бәрінің себебі ата-аналарының тәрбиеде жіберген кемшілігінде дейді. Жасөспірімдердің қылмысқа баруы, бір-біріне деген қатыгездігі – үйде балаларға жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігінің көрінісі екенін айтады. «Жеткіншектерге жастайынан заңдарды сақтауды үйрететін болсақ, ешнәрсеге ұрынбай, сақ жүретін болады. Оларға жаңсақ әрекетінен жазаға тартылуы, тағдырын тас-талқан етуі мүмкін екенін ескертіп отыру керек. Полиция департаменті басшылары мен жеке құрамы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды үнемі жүргізіп отыратыны сондықтан. Міне, соның нәтижесінде, былтыр өңірде жасөспірімдер жасаған қылмыс деректері 18,1 пайызға (182-ден 149) төмендеді. Қабылданған шаралардың арқасында, қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандар саны 201-ден 177-ге төмендеген.
Дегенмен, облыста атқарылып жатқан шараларға қарамастан кейбір полиция бөлімдері әкімшілік аумақтарда жасөспірімдер қылмысының өсуіне жол беріп отыр. Атап айтсақ, Жамбыл ауданы аумағында 33,3 пайыздан асқан. Т.Рысқұловта + 140 (5 деректен 12-ге), Қордайда + 9,5 (21-ден 23-ке) және Жуалыда +100 (2-ден 4 дерекке) пайызға өскен.
Ал Тараз қаласына келсек, тіркелген қылмыстық деректердің 95-тен 80-ге дейін төмендеу динамикасы байқалған, пайызға шаққанда – 15,8. Қылмыс жасаған жасөспірімдер 108-ден 97-ге азайған. Колледж студенттері арасында бұл көрсеткіш 44-тен 37-ге дейін төмендесе, құқық бұзған мектеп оқушылары 26-дан 31-ге өскен», – дейді полиция полковнигі.
Иә, былтыр біздің өңірде Қарағандыдағыдай кафеде төбелес шығарып, жолдасын жаралау, Түркістандағыдай оқиға, Қызылордадағыдай әжетханадағы топтасқан төбелес, Ақтөбе қаласындағы мұз айдында болған қақтығыста қарсыласын пышақтап өлтіру секілді жантүршігерлік қылмыстар орын алмаса да, әлімжеттік жасаған деректер жоқ емес. Олардың дабыра болмағаны – жоғарыдағылар секілді олардың «Ватсап», «Инстаграмм» «В контакте» және басқа да ресурстар арқылы таралмағанынан шығар.
Сонда жеткіншектердің қылмыс жасауына не түрткі болып отыр? Осы мәселені саралап көрген мамандар бұған отбасыдағы материалдық жағдайының нашарлығы, ата-аналардың бала тәрбиесін назардан тыс қалдырғаны себеп болып отыр дейді. Сол себепті жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және оларды ата-аналарының теріс ықпалынан шектеу үшін былтыр 66 ата-ана немесе заңды өкілдері сот шешімімен ата аналық құқықтарынан айырылыпты. Сонымен қатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға бейім және түзелуге бет алмаған 45 жасөспірім арнайы мектептерге орналастырылған. Оның 11-і (Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы) арнайы режімдегі мектепке жіберіліпті.
«Бала тәрбиесіне қатал қарап, үйде бір сәт болса да балаға көңіл бөлу қажет. Ең болмаса телефонын тексеріп, кіммен хабарласты, қандай хабарлама алды, қандай сайттарға кіретінін бақылау керек. Мысалға алсақ, желтоқсан айында болған топтық төбелесте №29 орта мектептің оқушылары телефон арқылы бір-біріне хабарлама жазып жолыққан. Ал оны білім бөлімінің қызметкерлері жасырып қалған», – деген Қуаныш Қалжанов былтыр жастар мен жасөспірімдер жиналатын жерлерді тексеруге бағытталған 3398 бірлескен рейд өткізілгенін, оның 2542-сі мектептік рейд екенін айтты.
Жасөспірімдерді жамандықтан сақтандыру үшін жан-жақты іс-шаралардың жүргізілгені жақсы, әрине. Ол үшін мектептерде жайсыз отбасылардан шыққан жеткіншектерді немесе тентектерді мамандар арнайы бақылауға алатыны белгілі. Бірақ кейде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз деп, артық кететін кездері де жоқ емес. Осындай оқиға (ата-анасы балама қысым көрсетіледі деп мектептің атын атамауды өтінді) Тараз қаласында орын алған. Бұл туралы шаһардағы №3 мектеп-лицейде өткен жиында бір ана ашынып айтқан еді. «Үш күн бойы облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөліміне бардым. Бүгін осында келдім, арнайы. Сөйтсем «сіздің сөзіңізді ешкім тыңдамайды» деп осы жиналысқа қатыстырғысы келмеді. Мен көпбалалы анамын. Бір мектепте төртеуі оқиды. Неге екенін, соларға мұғалімдер тарапынан көп қысым жасалады. Былтыр біреуін көптің көзінше жазғырып еді. Кейін ақ-қарасы анықталып, кешірім сұрады. Бұзақылық бола қалса, менің балаларыма жапқысы келеді де тұрады», – дейді ол.
Бұл біз білетін жағдайлар ғана. Естімеген, көрмеген жайттар да көп екені күмәнсіз. Әйтеуір біреуді кінәлі ету – қазіргі қоғам үшін үйреншікті нәрсеге айналғандай. Осыдан кейін жеткіншектер әділетсіздікке ашынып, бәріне қолын бір сілтемесіне кім кепіл?! Кінәлілерді іздейміз деп, артық кетіп, оқушыларды қылмыс әлеміне одан әрі итергендей болмайық.

 

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

 

Түйін:

Қазіргі жас жеткіншектер қит етсе, ата-анасын, жақындарын «өйтемін», «бүйте саламын» деп қорқытатын болған. Кейбіреуі өздерін көшеде – әдепсіз, қоғамға – қайырсыз қып көрсеткеннен ұялмайды. Бұның себебін – уысымыздан шығарып алған тәрбиеге телиміз келіп. Жайсыз отбасылардың көптігінен, ата-анасы ажырасып кеткен соң, қадағалаусыз, қараусыз қалғандығынан көреміз. Ал кеш батса, әкенің қымбат көлігін мініп жарысатын, түнгі клубтарда ақшаны мыс-мыстап шашатын бай-бағландардың ұл-қыздары ше? Сонда кешегі сұрапыл соғыс жылдарындағы балғындар қалай өсті? Күні-түні үлкендермен бірдей еңбек етіп, балалықтың не екенін білмей-ақ ер жетті емес пе?! Еркелеп көрмеген бала ерте есейді. Қоғам алдындағы өз иығына артылған жауапкершілікті айқын сезінді. Бүгін ше?! Керегеміз кең, тереземіз тең заманда жасөспірімдердің бір-біріне жұдырық ала жүгіріп, көзді ала бере, пышақ сілтесіп жататынын неге жоримыз? Сұрақ көп, жауап жоқ. Азған қоғам емес, адамның азғындық әрекеті ғой осындай күйге түсірген. Бала тек көргенін қайталайды!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support