Балнұр Кореяны емес, туған елін таңдады

Жуырда ғана Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Балнұр Жаңқабай Оңтүстік Корея мемлекетінің Тэджон қаласында өткен ғылыми байқаудан жүлдемен оралды.
Аталмыш мемлекетте жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауына жерлесіміз алғаш рет қатысып отыр. Ол бұған дейін «Жасанды интеллектің масс-медиаға ықпалы» атты өзінің ғылыми жобасын конкурстың іріктеу турларына ұсынған болатын. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейде үздік деп танылған жас зерттеушінің еңбегі халықаралық байқауға жолданған еді. Міне, нәтижесі!
Бұл Балнұрдың білім бәсекелерінде қол жеткізген алғашқы жеңісі емес. Былтыр ол Тараз қаласында өткен оқушылар арасындағы Президенттік олимпиадаға қатысып, жүлделі оралса, аудандық пән олимпиадаларында әрдайым жеңіске жетіп жүр. Бұдан бөлек, республикалық «Ақбота», халықаралық «Золотое Руно» мен «Русский медвежонок» сынды байқаулардан да жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Ал «Ұлы Дала дарыны» атты республикалық ғылыми жоба байқауында «Үздік ғылыми жоба» номинациясын иеленуі оның ең үлкен жетістіктерінің бірі екен. Енді міне, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 35 мемлекеттің арасындағы бәсі жоғары білім бәсекесінде биіктен көрініп, өзінің мықтылығын дәлелдеп отыр. Соның арқасында шулық оқушыға Оңтүстік Кореядағы кез келген медициналық академияларға 50 пайыздық жеңілдікпен грант берілмек. Жас ғалымның Қазақстандағы медициналық академияда да қалаған мамандығы бойынша грант негізінде оқуға мүмкіндігі бар. Бұның бәрі Балнұрдың талмай еңбектенген ізденімпаздығының жемісі болса керек-ті.
Балнұр Жаңқабай ғылыми жобасын түгелдей ағылшын тілінде жазып шығыпты. «Мен ес білгелі журналист болуды армандайтынмын. Бұл сол бала қиялдың нәтижесі шығар. Бүгінде дәл осы бағытта түрлі байқауларға қатысып, өзімнің осы саладағы танымымды кеңейтуге күш салып жүрмін. Кореядағы сайысқа қатысатын кезде де ғылыми жобамның тақырыбын журналистика саласына байланысты таңдадым. Өйткені «Жасанды интеллектің масс-медиаға ықпалы» деген тақырып қазіргі кезде ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Ғылыми жетекшім – Нина Кобец, жұмысты өткен жылдың шілде айында бастаған болатынбыз. Қазір ағылшын тілін біліп, біліміңді арттырсаң, көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізесің. Сондықтан жобамызды бастан-аяқ ағылшын тілінде жазып, сол тілде қорғап шықтым.
Жарысқа келетін болсам, оңай болған жоқ. Себебі байқауға атақты Гарвард университеті мен Кореяның белді ғалымдары қазылық етті. Ондай мамандардың алдында ғылыми жобаны қорғау қиынның қиыны екені айтпаса да түсінікті ғой. Десе де бұл сыннан да сүрінбей өтіп, байқаудың қола жүлдесі бұйырды. Осыдан соң еліміздегі Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтынан ұсыныс түсті. Жуық арада аталған білім ордасына құжаттарымды тапсырмақпын», дейді дарынды оқушы.
Айта кетуіміз керек, былтыр Шу ауданындағы дәл осы Жібек жолы мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Нұрмұхаммад Атымтай Малайзия мемлекетінде өткен ментальды арифметика бағдарламасы бойынша халықаралық жарыстан екінші орынды олжалап оралған болатын. Осылайша бұл мектеп жыл өткен сайын жас таланттардың жолын ашатын білім ордасына айналып келеді.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту