- Advertisement -

«Атаңа не істесең,алдыңа сол келеді»

181

- Advertisement -

«Кезінде қазақ Қарттар үйі деген ұғымды қалай жатырқаса, қазір соған еті өліп кеткен. Сол шақта осынау суық сөзді санасына сіңіре алмаған жастардың біразы күндердің күнінде осы жерді паналаймын-ау деп еш ойламағаны анық. Бірақ перзентін туа сала далаға тастайтын, қариясын қараусыз қалдыратын қайырсыз қоғам кімді аясын. Кеше, жас күнінде шалқып басқандардың кейбірі бүгін осында.
Алды-артыңды болжатпайтын албырт жас шағында әлдекімнің жолын кесті ме, біреуге зәбір көрсетті ме, кім білсін? Бала-шағасының қайырылмай кеткенін өз ісінен көріп, өткен өмірінің елесіне малтығып, күн кешеді мұндағы жұрт. Қалт-құлт еткен қалған ғұмыры мынау жағалаудан ұзап кеткенше көргені осы енді. Әйтеуір аурудан аман, жанын жеген ой дертіне тәннің сырқаты жамалса, одан асқан азап бар ма?! Бір қапастан құтылып, одан зорына тап боларсың. Осы Алматыда жазылмас ауруға шалдыққандар баратын бір орталық бар деп естідім. Құдай сонда тап қылмасын!»
Алматыдағы қарттар үйіне барғанымда, бір қария осылай сыр ақтарып еді. Қазір бұл мекеннің атауы өзгерген. Ал осы қалада жазылмас ауруға шалдыққан қарттарға қарайтын мекеме «Забота» қамқорлық үйі деп аталады екен. Оны да сол атайдан естідім. Естіген соң, барып көрмек болдым. Зәулім үйлердің арасындағы ескі үйді іздеп жүріп әзер таптым. Бір қарағанда көзге де түсе қоймайды екен. Маған осында келіп, қарияларға көмектесетін еріктілер жол сілтеп жібермегенде, таппағандай екем.
Кішкене ғана аула мен төбесінен су аққан шатырлы үйлердің тұрғындары – психикалық ауруға ұшыраған қариялар. Бұл жерде арнайы даун немесе паркинсон сияқты қатерлі ауруға тап болған адамдарға ауруханадан кейінгі көмек көрсетілетін көрінеді. «Забота» қамқорлық қоғамдық ұйымының басшысы Алмат Өтепұлының айтуынша, мұнда қазіргі таңда 50 шақты қарт бар екен.
Ауруға шалдыққан ата-анасын қарай алмаған перзенттері осы жерге әкеледі. Бір айта кетерлігі, мұнда күтім жақсы. Арнайы тәжірибеден өткен күтушілер мен дәрігерлердің баппен қарағанының арқасында дәрілерін уақтылы ішіп, мезгілімен тамақтанады. Бұл өз кезегінде өмір сүру ұзақтығын әжептәуір ұзартуға септігін тигізетін көрінеді. «Бұл үйдің тұрғындары қарттар үйіндегідей шахмат сияқты ойындар ойнап, сізбен өз уайымы туралы бөлісе алмайды», – дейді қамқорлық үйінің иесі.
Әйтсе де, үйде кинотеатр бар. Сонда бос уақыттарын өткізеді екен. Үкімет тарапынан ешқандай қосымша көмек көрсетілмейді, тек мемлекеттік салықтан босатылған қоғамдық ұйым өзін-өзі қаржыландыратын болып шықты. «Біздің, студенттердің қандай да бір көмегі керек пе?» деген сауалымызға, «Тек театр сияқты мәдени орындарға апарғанда, артық көмек қажет», – дейді қамқорлық үйінің күтушісі.
Қоғамымыздың қасіретіне айналған Қарттар үйі елімізде жыл санап өсіп келе жатыр. Бұл дегеніміз ата-анасын бағудан бас тартқан, шапағаты жоқ адамдарға айналып бара жатқанымыздың белгісі емес пе? «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» ғой. Қартаймайтын адам жоқ. Мәпелеп өсірген ұл-қыздарының бұл қылығына қынжылған ата-ананың көз жасына қалмайық. Жүрегімізде әлі де болса мейірбандық қалса, өмірге келуімізге себепші болған жандарды қараусыз қалдырмайық.

Әсем БЕРКІНОВА,
ХАТУ-дың
1-курс студенті.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support