- Advertisement -

Қаржы саласындағы ахуал тұрақты

32

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы «Ұлттық» банкі облыстық филиалының мәжіліс залында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне филиал директоры Евгений Шарыгин өңірдегі инфляция деңгейінің бүгінгі ахуалы жөнінде тарата айтып берді.

Оның айтуынша, елімізде үстіміздегі жылдың қаңтарында жылдық инфляция 5,2 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен, ал осы жылға Ұлттық банк белгілеген 4-6 пайыздық арнаулы дәліз болжамымен сәйкес келуде. Облыс бойынша жылдық инфляцияның деңгейі 5,5 пайызды құрайды. Осыған сәйкес өңірде азық-түлік емес тауарлардың бағасы 6,3, азық-түлік тауарлары 6,1, ақылы қызмет түрлері 3,9 пайызға жоғарылапты.
Бүгінгі күнге дейін екінші деңгейдегі банктердің филиалдары тарапынан берілген несиелер көлемі 55,8 пайызға өсіп, жалпы сомасы 18,1 миллиард теңгені құраған. Несиелердің барлығы ұлттық валютада беріліпті. Жеке тұлғаларға берілген несие 9,9 миллиард теңгені құрап, 21,9 пайызға артса, заңды тұлғалар алған несие сомасы 8,2 миллиард теңгеге жеткен. Сол сияқты шағын кәсіпкерлік саласына бөлінген несиелер сомасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 есеге ұлғайыпты.
Өңір нарығында депозиттік долларсыздану үрдісі жалғасуда. Үстіміздегі жылдың 1 ақпандағы жағдай бойынша облыстың екінші деңгейлі банк филиалдарындағы депозиттер өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткіштен 11,6 пайызға асып, 143,3 миллиард теңгені құрап отыр. Депозиттердің көбеюіне байланысты оның теңгелік бөлігі 17,3 пайызға өссе, шетел валютасы 1,3 пайызға құлдыраған. Мәселен, 2018 жылдың 1 ақпанында теңгелік депозиттердің үлесі 69,5 пайызды құраған, ал 2019 жылғы 1 ақпанда 73 пайыз көлемінде қалыптасып отыр.
Облыста халыққа 11 екінші деңгейлі банк, 27 уәкілетті ұйым, 104 ақша айырбастау пункті және «Қазпошта» акционерлік қоғамы қызмет көрсетуде. АҚШ долларын сатып алу және сату 7,1 және 7,8 миллион доллар аралығын құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда сатып алу 6,4 пайызға артып, сату 33,07 пайызға төмендеген. Еуроны сатып алу 16,3 пайызға төмендеп, сату 66,7 пайызға жоғарылағанын байқауға болады. Ал Ресей рублін сатып алу 122,8 пайызға жоғарылап, сату 26,4 пайызға бәсеңдеген.
Үстіміздегі жылдың 27 ақпанында Қазақстан қор биржасындағы екі сессияның қорытындысы бойынша теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы 377, 26 теңгені құрап, айдың басынан бастап АҚШ долларының бағамы 0,73 пайызға нығайыпты. Ал жылдың басынан бастап теңгенің айырбастау бағамы 1,8 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 373,56 — 384,2 теңге аралығында құбылуда.
«Банк тарапынан шетел валютасы нарығындағы жағдай үнемі қадағаланып отырады. Бүгінгі таңда шетел валютасының ресми бағамы: АҚШ доллары – 377,26, еуро – 429,93, Ресей рублі 5,74 теңгені құрауда. Айырбастау пункттерінде сатып алудың және сатудың орташа бағамы 1 АҚШ доллары үшін 374,59 және 378,26 теңге болса, 1 еуро үшін 424,93 және 430,72 теңге, ал 1 Ресей рублі үшін 5,68 және 5,81 теңге аралығында сақталуда. Жалпы жағдай тұрақты, айырбастау операцияларын жүргізу үшін айырбастау пункттері жеткілікті шетел валютасымен қамтамасыз етілген», – деді Е. Шарыгин.
Басқосу соңында журналистердің қойған сұрақтарына тиісінше жауаптар қайтарылды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support