- Advertisement -

Жаңа буын жарқын келешекке қызмет етуі керек

51

- Advertisement -

Біздің дана xалқымыз жаңа туған Айға сүйсініп, жаңа шыққан Күнге ұмсынып, алға қарай қарышты сеніммен адымдап келе жатқан келешек ұрпағымыздың қашанда қамын жеген. Елбасы елімізде Жастар жылын жариялады. Жастар жылының ашылуына арналған жиында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жалын жүректі, күшті қайратты, еркін ерік-жігерлі жас өркендеріміз бен өрелі өрендеріміз өздерін көптен толғандырып жүрген ойларын ортаға салды. Аппақ тілектерімен, ақжарма пейілдерімен ақтарылды. Биік өрелі мақсаттарын әйгілеп, асқақ армандарына қамшы сілтеді.
Жастарының білім деңгейі бойынша жаһандық ондыққа кірген, бәсекеге қабілетті елу ел қатарындағы Ұлы Даламыздың халқының үлкен істерін дүниежүзі білсін деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев қалың орман қазақ жұртшылығының алдына әрқашан жоғары мақсаттар қойып, оған қалай жетудің жолдарын ылғи көрсетіп келеді. Егемен еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік әлеуеті жылдан-жылға қарыштап дамып, әлем мойындаған, алпауыт державалар санасатын, мен деген мемлекеттер қадір тұта бастаған құрметті елге айналғанымыз рас. Ғаламдық үдерістер мен үрдістер көшіне ілесіп, жаңа технологиялар мен сандық жүйелер қатарынан табылып, заманауи талаптардың жаңалықтарына лайық болуға тырысып, ауыз толтырып айтатындай көптеген жетістіктерге қол жеткізген еліміздің бірден-бір олжасы жаңа буын, жас талап қазақстандықтарды тәрбиелеп шығаруы десек, артық айтпағандығымыз. Көш тізгінін көреген тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы ұстап отырған мемлекетіміздің аса шексіз қамқорлығының арқасында біздің көз алдымызда алған бетінен қайтпас қайсарлығы алау жүздерінен шиыршық ата байқалып тұратын, асаулығы құлан жортқан құба белдеріміздің жүйрік арғымақтарындай ат ойнатар, буырқанған білек күші мен білім күші тегеуріндеріне қарай теңесе алар, қызуқанды өжеттігімен, балаң бойларына тән албырттығымен тәнті еткізер тәуелсіз ұрпақ дүниеге келуде.
Алапат уақыттың алтын дәуірі бұйыртқан осы тамаша кезеңде Елбасы басымызға қонған бағымызды ұшырып алмай, қой үстіне бозторғай ұялаған тыныш өміріміздің бейбіт бесігін тебірене тербетуді ел ертеңі жастарға нық тапсырып, зор сеніммен үміт арта отырып жариялаған биылғы Жастар жылының алдағы басты мақсаты айқын, бағыт-бағдары белгілі. Бір ғана жылмен шектеліп қалмайтын осы жарқын жол үстінде бұл, әлбетте, жастарымыздың мойнында жауапкершіліктің салмақты жүгі бар деген сөз. Бүгінгі сұранысқа сай сан қилы өзекті мәселелер мен шешімін табуға тиіс талай тақырыптар, әсіресе аграрлы сала, робототехника, еріктілерге көңіл бөлу, ғылым мен білімді дамыту, тың жобаларды жүзеге асырар жол картасын жасау, бизнес ісі мен жастар стартаптарын қолдайтын қорлар құру, кәсіпкерліктің жаңа мүмкіндігі жеңіл өнеркәсіптерді дамыту, урбанизация қарқынына төтеп берер «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен ауылға» жобаларының аясын кеңейтіп, жүйелі жолға қою, келешек ұрпақтың ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысуына қызығушылық тудыру, сегіз қырлы, бір сырлы өнерлі жастарды бағалау, өнертапқыштықты қолдау, жас ғалымдарға грант бөлу, тағысын-тағыларды тізбелеп, Жастар жылында атқарылар істердің мәресін белгілеп берген Президентті жанарлары ұшқындаған отты жастар ұйып тыңдады.
Тастақты жерге тал өсіріп, шөлейтті құмынан гүл жарғызып шығарып, иен даласы мен қарбалас қаласын құлпыртып, жер жаһанды жыл – он екі ай бойына құлпынайымен қамтамасыз етіп отырған Израильды өз әңгімесіне мысал етіп, жаяу ешкісі көлденең кесіп өтіп жүре беретін құнарсыз өлкесін Жерорта теңізінен тартатын технологиялар арқылы суландырып, шұрайлы аймаққа айналдырған Йорданияны өз сөзіне өзек еткен Нұрсұлтан Әбішұлы кезінде 1500-ден астам құдығы болып, оның әрқайсысымен он мың бас малды суғаруға жағдайы болған жерұйық мекеніміз, жұмақтай Қазақстанымыздың мүмкіндігінің мол, шикізатының жеткілікті екенін еске салды. Ата-бабаларымыздан қалған 110 мың гектар алқабымызды, 180 миллион гектар мал жайылымы бар ұлан-ғайыр жерімізді өңдеп, жөндеп қолданып, ғылыми технологияларды енгізе алсақ, біздің де дүниежүзін асырауға атсалыса алатынымызға, үлкен табыс табатынымызға, бай мемлекетке айналатынымызға сендірді.
Жастарымызға мемлекетіміздің көмек қолын созар кезі келді дегенді баса айтқан Елбасы ол үшін мемлекет қана емес, жастардың өзі де назар аударуы тиіс мына төрт нәрсені атап өтті:
1. Жастардың неғұрлым көбірек бөлігін қамтитын қолжетімді әрі сапалы білім;
2. Олардың жұмыспен қамтамасыз етілуі;
3. Баспанамен қамтамасыз етілуі;
5. Отау құрып, отбасылы болуларына жағдай туғызу;
Осы орайда Елбасы Үкімет пен Президент аппаратына «7-20-25» бастамасы негізінде миллион тұрғыны бар үш мегаполисте жұмыс істейтін, табыс көзі бар жастарға арнап жылына мың пәтерден кем емес жалға берілетін үйлердің құрылысын салуды тапсыратынын мәлім етті.
Жұмыспен қамту да жастар саясатының негізгі мәселесі болып қала бермек. Статистикалық есеп бойынша әлемде 300 миллионға жуық 18-30 жас аралығындағы адамның тұрақты шұғылданатын ісі жоқ немесе жұмыссыз екен. Соған қарамастан, ғалымдардың зерделеуінше, 2050 жылға қарай сатушылар, көлік жүргізушілері, Call-орталық мамандары, заңгерлер мен экономистер сынды қазіргі мамандықтың жартысының орнын шығармашылық функциялар жүйесін жасап, компьютерлік зияткерлік бағдарламаларды іске асыратын, ғылым мен технологияға сүйенген жаңа жасанды зияткерлік кәсіптер басады деген болжам бар. Ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, топ-менеджерлер, жоғары санатты дәрігерлер, медбике, күтуші, әлеуметтік қызметшілер мен адамдардың орнын алмастыра алатын күрделі мамандықтар да басымдық алмақ. Біз дәл қазір осы шақтың межесінде тұрғандықтан, ол кез қашан келеді деп қамсыз отырмай, қазір-ақ соған икемделіп, бейімделуіміздің қажеттігін атап көрсетті Елбасы. Ер мен әйел адамның айырмасын жіліктеп, ажырата қарайтын, «Отбасы мен жұмыс» делініп қалыптасып келген ұлы дилемма өткен дәуірдің еншісінде қалды» деді ол. Адамзат баласының жастық шақ кезеңінің ең жоғарғы шекті мөлшері 44 жас болып белгіленіп отырған бүгінгі жаһандану дәуірінде 18 бен 29 жас аралығын қамтып жүрген қазіргі көзқарасымыздың ескіргені байқалып қалыпты. Деннің саулығына, салауаттылық пен есен-амандыққа тікелей байланысты адам ғұмырының ұзарып, бұрынғыдай он бір жыл емес, жиырма алты жылын қамтитын жастық кезеңнің тағы да он бес жылға созылғанына бір жағынан қуануға болады. Өйткені жас ұрпақтарымыз мемлекетіміздің жарқын келешегі үшін күш-қайратын жұмсап, Отанымыздың игілігі үшін ізгі істер атқарып, маңдай терін аянбай төге, еңбек етулеріне де кемінде осынша уақытты пайдалана алатын болады. Іске сәт, жастар!

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Талас ауданының
Құрметті азаматы.

Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support