- Advertisement -

Еңбек адамы – басты назарда

151

- Advertisement -

Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасайтын – кәсіподақ. Әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттар жасап, оның орындалуын қадағалайтын да әзірге осы ұйым. Кәсіподақ бұдан басқа қандай жұмыстармен айналысып отыр? Болашақ жоспарлары қандай? Кәсіподақ жүйесінде жаңғыру мен жаңару бар ма? Билік тармақтары және басқа да қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасы қандай? Осындай сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов мырзамен әңгімелескен едік.

– Біржан Бидайбекұлы, қарапайым еңбек адамы үшін жұмыс орнының сақталуы маңызды. Кәсіподақтар да бұл мәселеге жіті көңіл бөлетіні хақ. Осы орайда Жамбыл облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау және қысқартуға жол бермеу мақсатында қандай шаралар қолдануда?
– Кәсіпорындарда жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында бүгінде Жамбыл жерінде әкімдік, кәсіпорындар және кәсіподақтар арасында өзара ынтымақтастық туралы 3 007 меморандум бекітілген. Бұл өңір кәсіпорындарының 48,9 пайызын қамтиды. Ал республика бойынша 115 мың кәсіпорын, пайыздық көрсеткіші – 68,1 пайыз. Сонымен қатар 2018 жылғы 28 наурызда облыс әкімдігі, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және облыстың жұмыс берушілер бірлестігінің арасында 2018-2020 жылдарға арналған облыстық келісімге қол қойылды. Осы келісім аясында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мәселелеріне баса назар аударылуда.
2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша республика бойынша 97 669 ұжымдық шарт бекітіліп, 40 кәсіпорын қамтылған. Бұл ретте облыста 2482 ұжымдық шарт қана бекітіліп, 8475 кәсіпорынның 29,3 пайызында ұжымдық шарт жасауға қол жеткізілген.
Сондай-ақ аймақтың кәсіподақтар орталығы еңбекақы бойынша қарызды азайту мәселесін де жіті бақылауда ұстайды. Мәселен, 2019 жылғы 7 ақпанда жергілікті атқарушы органдардан алынған мәліметтер бойынша облыста еңбекақы бойынша, қарыз 483,2 миллион теңге көлемінде 8 кәсіпорындағы 388 жұмысшыға еңбекақы толық төленбеген. Бұл көрсеткіш республика бойынша 1,9 миллиард теңгені құрайды. Яғни 144 кәсіпорында 6881 жұмысшыға еңбекақы бойынша қарыз бар. Аумақтық кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі – осы жағдайды оң шешуге ықпал етіп, жұмыс берушіден заң алдында талап ету.
Мысалы, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Мойынқұм ауданындағы аудандық орталық ауруханасының дәрігері өзінің еңбек құқықтарының бұзылғаны жайлы кәсіподаққа шағымданған еді. Атап айтқанда, акушер-гинеколог дәрігер төленуі тиіс 80 пайыздық үстеме ақысын бірнеше жыл бойы ала алмай отырғанын айтып, кәсіподақтан көмек сұрады. Жұмыс берушіден өздігінше сұраған талабы қанағаттандырылмаған.
Шағымды қарай келе, облыстық кәсіподақтар бірлестігі міндетті төленуі тиіс үстеме ақыны өндіріп, дәрігердің заңды құқықтарын қорғау үшін Еңбек инспекциясына арнайы хат жолдап, шара қолдануын талап етті. Нәтижесінде еңбек инспекторы тексеру жүргізіп, дәрігерге бірнеше жыл бойы төленбей келген 315 988 теңге үстеме қаражатты жұмыс берушіге төлетті және лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салды. Кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының мүддесін қорғаудағы жұмысы нәтижелі әрі ортақ мақсат тұрғысында болуы қажет.
– Елбасы «Кәсіподақ қоғамдағы жаңғыртудың қозғаушы күші болуы тиіс» деген болатын. Осы міндетті орындауға қазіргі кәсіподақтың мүмкіндігі жете ме?
– Өз міндеттерін белсенді атқаруға кәсіподақтардың мүмкіндігі толығымен жетеді. Біз жыл басында кәсіподақты жаңғыртудың Жол картасын жасаған болатынбыз. Соған сәйкес жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді. Айтарлықтай жетістіктер де бар. Оған кәсіподақ қана емес, әлеуметтік әріптестер де лайықты үлесін қосып отыр. Кәсіподақ – жұмысшылардың мүддесі мен құқын қорғайтын ұйым. Сондықтан негізгі мақсатымыз – жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей байланыста жұмыс істеу. Өйткені еңбек адамдарының және кәсіподақ қозғалысының тыныс-тіршілігін олардан артық ешкім білмейді.
Жасыратыны жоқ, жергілікті жердегі жұмыс берушілердің арасында кәсіподақ ұйымы болмағанын қалайтындар да бар. Өйткені кәсіподақ еңбек заңдарын бұзуға жол бермейтінін біледі олар. Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз айқын: жұмыс беруші мен еңбек ұжымы, еңбек қатынастары бар жерде кәсіподақ ұйымы міндетті түрде болуы керек. Кәсіподақ еңбек адамдарының мүддесін қорғауға белсене араласатынына қазір көптің көзі жетті. Олардың бұл ұйымға сенімі артты. Қатарымыздың көбейіп жатқанының себебі де осы. Жергілікті жердегі жұмысты жандандырып, бастауыш ұйымдарды нығайту үшін биылғы жылды Аумақтар жылы деп жарияладық.
– Олардың ішінде жастар бар ма? Жалпы жастардың кәсіподақ қозғалысына ықылас-пейілі қандай?
– Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Біз кәсіподақ институтын ары қарай табысты жалғастыратын жастарға жол беруіміз керек. Өйткені Қазақстанда кәсіподақтың келешегі кемел. Жастардың ұйымды қазіргіден де жоғары деңгейге жеткізетініне кәміл сенімдімін. Бүгінгі күні республика бойынша кәсіподақ мүшелерінің 32 пайыздан астамы – жастар. Барлық аймақта Жастар кеңесі бар. Олар кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту жайын жан-жақты талқылап, жастарға қатысты идеялар мен жобаларды ұсынып, кәсіподақ жұмысына белсенді қатысады.
2018 жылы жігерлі жастардың ұйытқы болуымен бірнеше іс-шара өткізілді. Соның ішінде қыркүйек айында Меркіде өткен еңбек жастары форумының орны ерекше. Оның негізгі мақсаты – мамандықтарды асқақтату, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, еңбек жастарының әлеуметтік мәселелерін жақсарту. Оған 200-ден астам жас қатысты. Республиканың барлық аймақтары мен экономиканың түрлі салаларындағы белсенді жас кәсіподақ жетекшілері осылайша бірінші рет бас қосты. Биыл бұл форум өз жалғасын табады, сондай-ақ алдағы сәуір айында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жамбыл облысы еңбеккер жастары» форумын өткізу жоспарланып отыр.
– Кәсіподақ жұмысының негізгі өзегінің бірі – еңбек адамын қорғау және оның қауіпсіздігі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– 2018 жыл «Еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы» деп жарияланып, соған сай жоспарлы жұмыстар жүргізілді. «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы қарастырылып, жүзеге аса бастады. Оған «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палаталары да, әкімдіктер де белсене қатысып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан жұмыс берушілер конфедерациясымен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жақсартуға жұмысшылар мен жұртшылықты көбірек тарту мақсатында «Еңбек қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясы өткізілді. Іс-шара аясында жұмыс берушілердің қауіпсіз және жақсы еңбек жағдайын жасауға ынтасын арттыру және қоғамдық бақылау институтын дамыту үшін нақты жоспарлар жасалды.
Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың рөлін нығайту мақсатында «Nur Otan» партиясымен бірге «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы еңбек қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық конкурсы өткізілді. Оның қорытындысына орай еліміз бойынша 39 үздік техникалық инспектордың еңбегі бағаланды. Қазір республика кәсіпорындарында еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі жөнінде 13 мың өндірістік кеңес бар. Оның 94 пайызы тікелей кәсіподақ ұйымдарының бастамасымен құрылды. Рас, Қазақстандағы ірі және орта кәсіпорындардың барлығы бірдей өндірістік кеңес құруға асығар емес. Онда өндірістік кеңес бар-жоғы – 1 233. Бұл барлық өндірістік кеңестің 13 пайызы ғана.
Федерацияның атқару комитетінің қаулысына сәйкес кәсіподақтар орталығы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі жергілікті комиссия отырыстарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын әзірлеп, бекітуге бастама көтерді. Бұл құжатқа облыста 2018 жылғы 28 сәуірде әлеуметтік әріптестер қол қойды.
Өндірісте келеңсіз, ауыр жағдайлар мүлдем орын алмауы тиіс. Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін оның алдын алу қажет. Кәсіподақ осы үшін күресуі керек. Біздің бағыт – «нөлдік жарақат». Ол үшін осындай мақсатты көздейтін «Vizion Zero» халықаралық бағдарламасына қосылуға қадам жасап отырмыз.
– Елбасы ең төменгі еңбекақы мөлшерін бір жарым есе көбейту, жұмысшылардың еңбекақысын уақтылы төлеу жөнінде тапсырма бергенін білесіз. Осы мәселені шешуге кәсіподақ қаншалықты атсалысып отыр?
– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты бірқатар міндеттерді тапсырған болатын. Осы орайда еңбек адамының мүддесіне бағытталған елеулі қадамдар жасалды. Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы көлемі 1,5 есеге, яғни 42,5 мың теңгеге көтерілді. Қазір кәсіподақ ұйымдары федерацияның бастамасымен құрылған табысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүргізетін республикалық және аумақтық штабтардың жұмысына белсене қатысады.
Ұжымдық келісімшартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс жалғасуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылды. Ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың жалақысына байланысты бірыңғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерілді. Айлықтың мөлшерін арттырумен қатар, оны уақтылы төлеу мәселесі де өзекті. Өткен жылы еліміздегі 577 кәсіпорында 1,5 миллиард теңге еңбекақы қарызы орын алған. Ол үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы тарапынан жұмыс берушілерге 456 ескерту қағазы беріліп, 74 миллион теңгені құрайтын 344 айыппұл салынды және жыл бойы 1 миллиард теңгеден астам еңбекақы қарызын жұмыс берушілер өтеді. Осы арқылы 10 мыңнан астам адамның заңды құқығы қорғалды.
Дегенмен де алдағы уақыттағы қарыздарды қоса, бүгінде елімізде 2 миллиард теңгеге жуық берешек әлі бар. Оның 70 пайыздан астамы банкрот кәсіпорындар мен ұйымдарға тиесілі. Сондықтан «Банкроттық және реабилитация туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, барлық міндетті төлемдерден бұрын бірінші кезекте жұмысшылардың еңбекақы қарызы төленуі керек деген байлам жасап отырмыз.
– Қазақстан кәсіподақ ұйымдарының шетелдік әріптестермен байланысы және қарым-қатынасы қандай? Тәжірибе мен үйрену бағытында барыс-келіс бар шығар?
– Халықаралық ынтымақтастық – кәсіподақтың басым бағыттарының бірі. Кәсіподақ өкілдері 2018 жылы 32 халықаралық іс-шараға қатысты. Кәсіподақтар федерациясы бір жыл ішінде халықаралық кәсіподақтар ұйымдарымен 10 кездесу өткізіп, Түркия мен Арменияның кәсіподақ бірлестіктерімен өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Биыл да халықаралық байланыс бойынша негізгі бағыттарымызды айқындадық. Маңызды іс-шаралардың бірі – «Еңбек-әлеуметтік қарым-қатынасты реттеуде кәсіподақтардың рөлі: даму тәжірибесі мен келешегі. Шығыс пен Батыстың диалогы» деген тақырыпта өтетін халықаралық конференция. Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналып осы жылдың наурыз айында Халықаралық еңбек қорымен бірге «Өндірістік қарым-қатынас, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық семинар өтеді. Оған Орталық Азия елдерінен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Беларусь, Молдова, Моңғолия мен Түркия мемлекеттері кәсіподақтарының өкілдері қатысады.
Біз Халықаралық еңбек ұйымы және халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен тығыз қарым-қатынасты жалғастыра береміз. Орталық Азиядағы ұлттық кәсіподақ орталықтарымен екіжақты халықаралық ынтымақтастықты қалыптастыру мен дамытуға ерекше мән беріледі. Қазіргі таңда халықаралық жұмыстардың жаңа, сапалық деңгейіне көтерілу керек. Халықаралық аренада біз бір-бірімізге қолдау көрсететінімізге сенімді болғанымыз жөн. Сонда ғана халықаралық байланыс алға басады.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

Әңгімелескен
Амангелді Әбіл.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support