- Advertisement -

Ананы ардақтаған ел азбайды

47

- Advertisement -

ақ тілек те, әсем ән де ақ жаулықты апалар мен қыз-келіншектерге арналды

Ақ жаулықты ананы ардақтаған алаш жұртының бойға сіңген бекзадалық болмысының белгісі емес пе, қарындасқа қамқор, әйелдерге қорған болып жүргені. Жыл – он екі ай осы бір ізгіліктен аттамайтын азаматтар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде нәзік жандардың мерейін тасытып, бар құрмет-қошеметін соларға арнайтыны да содан. Мерекеге орай ұйымдастырылған «Баласағұн» орталық концерт залындағы салтанатты жиын – соның бір көрінісі.
Әсем әуен әуелеп, ән мен биден шашу шашылған мерекелік шараға ақ жаулықты аналар, әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер шақырылып, құрмет көрсетілді. Көңілге қуаныш, жүрекке ізгілік сыйлаған көктемнің алғашқы мейрамына арналған салтанатты шарада облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі барша әйелдер қауымын құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
– Әйелдердің қоғамдағы рөлі айрықша. Ресми деректерге сүйенсек, облыс тұрғындарының тең жартысы – нәзік жандар. Ал мемлекеттік қызметтегі әйел азаматтардың үлесі 4,8 пайызды құрап отыр. Экономиканың барлық саласында еңбек етіп жүргендер бар. Бұл, сіздердің, отбасындағы өз міндетінен бөлек, тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға атсалысып, сол жолда еңбек етіп келе жатқандарыңызды көрсетеді.
Оңтүстіктің бір ерекшелігі – көпбалалы отбасылардың молдығы. Біз туындайтын әлеуметтік мәселелердің көбейетінінен қашпай, осы ерекшелігімізбен мақтануымыз керек. Шын мәнінде, бұл – елдің болашағы. Сондықтан біз уақытша қиындықтарға қарамастан, күні ертең еліміздің тірегіне айналар ұрпақты өмірге әкеліп, тәрбиелеп-өсіріп отырған аналарымызға рахметімізді айтамыз.

Мемлекет, қоғам дамыған сайын әлеуметтік мәселелерді шешу жүйесі де жетіле түсетіні белгілі. Күні кеше Астанада өткен «Nur Otan» партиясының кезекті съезінде Елбасының әлеуметтік қолдау шараларына қатысты нақты міндеттер жүктегені мәлім. Бұл жаңалықтармен Жамбыл жұртшылығы да тегіс танысты деп ойлаймын. Президент тапсырмасына орай атаулы әлеуметтік көмекті алатын көпбалалы отбасылардың саны екі есеге өскелі отыр. Бұрын 14852 отбасыға осындай әлеуметтік жәрдемақы берілсе, енді олардың саны 30 мыңға жуықтады. Атаулы көмекке бұған дейін 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінсе, алдағы уақытта оның көлемі 13-14 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарлануда, – дей келе Асқар Исабекұлы ана мен баланы қорғау бағытында атқарылатын шараларға да тоқталып өтті.
Жиында Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов мереке иелеріне ақ тілегін арнап, құттықтауын жеткізді. Әрқашан Жамбыл жерінде туып-өскенін мақтан тұтатынын айтып, көктемнің ең шуақты мейрамында жерлестерімен жүздескеніне қуаныш білдірді.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Әуезді ән көңілді тербеп, қуанышқа бөледі. Әншінің де, бишінің де өнері анаға деген құрметтің биік екенін көрсеткендей. Әсем ән де, ақ тілек те соларға арналды. Ананың әлдиін, әженің ертегісін тыңдап өскен жанның болмысы өзгеше, ізгілікке құштар. Сонысына қарай ізеті де үзілмейді емес пе?!

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support