- Advertisement -

Далада дүбір басталды

78

- Advertisement -

Көктем келісімен дала төсін еңбек дүбірі кернеп, диқандар үшін қауырт науқанның басталатыны белгілі. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де осы кез. Осындай науқан қазір біздің ауданымызда да қызу жүріп жатыр. Әр ауылдық округте көктемгі егіс жұмыстары басталып, егіс дақылдарын жоспарға сай орналастыру мықтап қолға алынуда. Айта кету керек, биыл ауданда егістік жер көлемі едәуір ұлғайтылып отыр. Мысалы, өткен жылы аудан бойынша дақылдар 106 143 гектар жерге орналастырылса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 109 100 гектарға жетіп отыр. Жалпы алғанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жердің көлемі 139 706 гектарды құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1946 гектарға артқан. Нақтырақ айтар болсақ, жаздық арпа – 18 640, дәндік жүгері 1470 гектар алқапта өсірілмек. Ал майлы дақылдар – 17 760, картоп – 1200, көкөніс және бақша дақылдары 18 760 гектарға орналастырылатын болады.

Өткен жылы шулық шаруалар тәтті түбір егуге аса қатты құлық таныта қоймаған еді. Яғни ауданда былтыр қант қызылшасын 2000 гектар жерге егу жоспарланғанымен, науқан кезінде аталған меженің жартысына да қол жеткізілмей қалды. Кезінде аудандағы бір ғана ауылдың өзі 10 мың гектардан астам алқапқа балтамыр дақылын егіп өсірген екен. Ал өткен жылы шулықтар бұрын-соңды болмаған төменгі көрсеткішті көрсетіп таңғалдырды. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне қарағанда, үстіміздегі жылы 2000 гектарға қант қызылшасын егу жоспарланыпты. Алайда шаруалар тарапынан аталмыш бөлімге әлі күнге тұқым алу туралы бірде-бір өтініш түспеген көрінеді. Қалай болғанда да, биылғы егіс жұмыстарының дайындығына қарап, аудан шаруалары стратегиялық маңызы зор шикізатты егуде былтырғыдай салғырттыққа жол бермей, белгіленген межені толық орындайды деген сенімдеміз.
Сонымен қатар егіс жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы мақсатындағы техникалардың да әзірлігіне көңіл толады. Күні ертең алқаптағы жер өңдеу жұмыстарына кірісетін 613 трактордың 595-і егіс маусымына сақадай-сай әзір тұр. Бұдан бөлек 224 трактор соқасы, 123 дән сепкіш, 894 тырма, 6 тұқым дәрілегіш, 34 қопсытқыш науқандық жұмыстарға жарамды. Аудандағы жоспарлы жұмысты жүйелі түрде орындау үшін наурыз айына 460 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті.
Науқандық жұмысқа білек сыбана кіріскендердің бірі – «Бектібай» шаруа қожалығы. Аталмыш шаруашылықтың жетекшісі Қайрат Сейдахметов дала төсіндегі қарбалас тірлік ерте көктемде басталып кеткенін айтады.
– Жалпы, иелігімізде екі бірдей шаруа қожалығы бар. «Самат» шаруа қожалығы 1 гектардан астам жерге жылыжай құрылысын салып, онда қияр мен қызанақ өсіруде. Ал 2002 жылы құрылған «Бектібай» шаруа қожалығы күздік бидай мен жаздық арпа және бақша дақылдарын егумен айналысады. Күздік бидай 4000 гектар жерге егілсе, қазіргі кезде 1000 гектарға арпа егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оған қоса, қант қызылшасын егуді де жоспарлаудамыз. Бүгінде шаруашылық иелігіндегі жерлерде өзіміздің 5 К-700, 7 МТЗ және 6 МТЗ-80 маркілі тракторларымыз тұрақты жұмыс істеуде. Сондай-ақ 30-дан аса жұмысшымыз да өз ісіне кірісіп кетті, – дейді Қайрат Сейдахметов.
Байқауымызша, биылғы жылы шулық диқандар ақ егістің жылдық орташа өнімділігі көлемін өткен жылдарға қарағанда едәуір арттыруға ниетті көрінеді. Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізуге болатыны анық. Шулық шаруалар да тынымсыз еңбектің арқасында табыстың тайқазанын тасытып отыр. Көктемгі егіс-дала жұмыстары алдағы уақытта да қарқын ала түспек.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр Норкин.

Ерғали Қартайған

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support