- Advertisement -

Көңілім апорт ты, алма бағын сағынады

68

- Advertisement -

…1968 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстік. Студент атандық. Мені қатты таңғалдырған көрініс – заңғар шыңдарын қар басып жататын асқақ Алатау. Содан кейін Алматының алма бақтары. Ол кезде елдің бәрі жер үйде. Әрбір үйде алма ағашы өсіп, сабақтары шарбақтан асып шығып, сыртқа иіліп тұратын. Көшеде арықтарда алма ағып бара жататын. Қаланың тау жағында қып-қызыл апорт өседі. Енді исі де керемет, дәмі де керемет. Осы күнгі алмалар өте құрғақ қой. Ол кездің апорттары тістеген кезде-ақ шырыны шашырап, тілді үйіретін.
Өзім ағашты, олардың гүлдеп тұрған кезін жақсы көремін. Әсіресе өріктің, алма ағашының, шиенің гүлдеген кезі сондай бір тамаша. Жер бетіндегі түрлі жеміс-жидектер – Ұлы Жаратушының адам баласына берген ғажайып нығметі ғой!
Жастау кезімде Қайырбек екеуміз ұлымыз Жарқын мен қызымыз Жазираны ертіп алып, демалатынбыз. Ол кезде Ленин көшесі дейді, оң жағында Орталық комитеттің демалыс үйі, сол жағында Министрлер кеңесінің «Алатау» демалыс үйі бар. Күз айларында біз отбасымызбен сол демалыс үйлерінде демалуға сондай құштар едік. Неге десеңіз, дәл сол уақытта алма деген жерге төгіліп, көк шалғынның үстінде хош исі бұрқырап, әсіресе таңертең оянған кезде, таңғы шыққа малынып, жарқырап жататын. Таудың саф ауасы – жан дауасы еді. Сол алмаларды біз тор дорбаға толтырып, үйге жіберетінбіз. Алма жинап жүргенде «неге жинайсыңдар, неге алдыңдар?» дейтін адам жоқ. Ол бір игілік, ол бір дәулет, ол бір байлық болатын. Өзімізге деп жинаған алманы қағазға орап, балконға сақтап, қыс бойы жеп шығатынбыз.
Бұл еркіндік дегеннің де екі ұшы бар ғой. Тәуелсіздік алғаннан кейін жер бөлініп, жаңа иелерін тауып жатты. Халыққа ортақ болған жерлердің бәрі жекешелендірілді. Таудағы алма бақтарының орнына зәулім-зәулім ғимараттар салынды. Ол да жаман емес. Бірақ менің ақын көңілім апортты, алма бағын, алманы қимайды. Ақын жүрегім жап-жасыл бақты сағынады.
Амал нешік, бүгінде дүкеннен алма сатып жейміз. Бірақ баяғы алманың дәмі де, шырыны да, түрі де жоқ. Қазір елге барсақ, дастарханға деп жүгіріп барып, базардан қытайдың, қырғыздың алмаларын қояды. Ол да менің көңіліме қонбайды. Бұл әлі басы. Жетісудың жеріне Алланың төгіп берген алмасын бұдан былай сирек көреміз бе деген қаупім де жоқ емес…

Күләш АХМЕТОВА.

Тараз қаласы.

Редакциядан:
Осы орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қала мен қала маңынан жасыл орман белдеуін жасап, тал отырғызу туралы биылғы бастамасы еске түседі. Осы жасыл белдеуге алма, өрік тағы басқа да жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызса қандай керемет болар еді. Жесең – шырын, демалсаң – сая.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support