- Advertisement -

«Атымтай жомарт» атанған азамат

220

- Advertisement -

Еңбектен бақытын тапқан жандардың бірі – «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Дөненбаев. Іргелі шаруа қожалықты басқарып жүрген атпал азаматтың игілікті істерінен көпшілік хабардар. Басқасын айтпағанда, өз ауылы Жарлысу елді мекенінде балаларға арнап интернат, ауыл жамағатының тілегін орындап заманауи мешіт, балабақша, қызметкерлеріне арнап үйлер салып берген Сайрамбайдың елінің патриоты екені даусыз.

Көптеген жоғары дәрежелі марапаттарға ие болған Сәкең «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына қол жеткізгеніне де ұзақ уақыт өткен жоқ. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан жоғары мәртебелі награданы иеленген жомарт жан күні кеше ғана облыстық архивке атбасын бұрып, тектің құжаттарын тапсырды.
«Атымтай жомарт – ерен ер» тақырыбында өткен іс-шараға облысқа есімі мәлім азаматтар жиналып, азаматтың азаматтығына ризашылықтарын жеткізіп, оның кісілік болмысы туралы ойларын ортаға салды.
Іс-шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.
«Тектік құжаттарды қабылдау бұрыннан қалыптасқан дәстүр саналады. Білгенге архив – тарих. Ауылдан шығып, іскерлігімен, кісілігімен, еңбеккештігімен күллі қазаққа аты мәлім болған Сайрамбай бауырымыздың ел үшін істеп жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Бүгін Сәкеңнің тектік құжаттарын ресмилеп, болашақ ұрпақ игілігі үшін қабылдап отырмыз. Кейінгі толқын ағаларының қандай болғанын біліп өссін деген ниет біздікі», – деді Дүйсенәлі Дыбысәліұлы өз ойын қорытындылап.
Бұдан соң сөз алған облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева: «Біз еңбек адамдарына баса назар аударып отырмыз. Бұған дейін Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің құжаттарын ресмиледік. Архив – жекелеген құжаттардан тұрады. Осылайша кәсібінен нәсібін тапқан тұлғаларды танытуға күш салмақпыз. Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік архивте төрт жүзден аса азаматтың жеке тектік құжаттары жиналған», – деп, тектік құжаттың артықшылықтарына жан-жақты тоқталды.
Басқосу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өз ойын ортаға салды. «Өз басым Арғынбай Бекбосынның, Мұқаш Ескендіровтің құжаттарын ресмилеуге қатыстым. Сайрамбай – текті азамат. Тапқаны өзінен артылмайтындардың санатынан емес. Елге болсын деген жан. Ол біздің қымызмұрындық өткізуімізге де атсалысты. Ірі-ірі істерді тындырып жүрген Сәкеңмен қалай мақтансақ та жарасады. Жүрегі жұртым деп соққан Сайрамбай секілді азаматтардың қатары артса, нұр үстіне нұр», – деген ол кездесу кейіпкерінің өзге де қырларын жан-жақты әңгімелеп берді.
Кездесу барысында Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевтың өмірі, кәсібі, іскерлігі туралы хроникалық бейнесюжет келушілердің назарына ұсынылды.
Мұнан кейін сөз алған Қазақстанның мәдениет қайраткері, мәдениеттанушы Әлібек Әмзеұлы тектік құжаттарды келер ұрпаққа аманаттау өркениетті елдерде әлдеқашан жолға қойылғанын айтты.
«Шыны керек, облысымыздан шыққан кейбір тұлғалар жайлы толыққанды мәлімет жоқ. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев әлі де жұмбақ жандардың қатарында. Әйгілі шопанның абыройы мен даңқын асырып, мал шаруашылығы тарихында өшпес із қалдырғаны туралы айтылмаған дүние көп. Құнттамағанымыздың салдарынан аңыз адамға байланысты көп дерек жарыққа шыққан жоқ. Ақын Күлән Шілдебава жайлы да көп сөз болмайды. Міне, сондықтан да архив мамандарының бұл бағыттағы жұмысы дұрыс», – деді ол өз сөзінде. Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов пікірін білдіріп, Сайрамбайдың адамдық қасиеттері туралы толғанды.
«Жастар – ел ертеңі. Сондықтан да жастарға дұрыс жол көрсету – біздің парызымыз. Бала шағынан шүмектеп тер төгіп, Қазақстанның Еңбек Ері атанған Сайрамбай Әліқұлұлы сынды азаматтарымыздың өмір жолы жастар үшін үлкен өнеге. Өкінішке қарай, бірді-екілі оқу орындарында болмаса Қазақстанның Еңбек Ерімен үлкен аудиторияда кездесу әлі ұйымдастырылмады. Әсіресе жастарды қатыстырып, жиын өткізу керек. Тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жалғасын тапқаны жөн. Сонда Сайрамбай Әліқұлұлы арқылы жастардың санасына аз да болсын сілкініс жасай алған болар едік», – деді облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік өз ойын түйіндеп.
Жиын соңында Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевқа сөз кезегі тиді.
«2005 жылы Астана қаласында ауыл шаруашылығы саласына қатысты жиын өтті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының алдында баяндама жасап, тындырылған тірліктерді жайып салдым. Шаруашылықтың жұмысына көп адам сенбегендей кейіп танытты. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, Нұрсұлтан Әбішұлынан шаруашылығыма келіп, қонақ болуын өтіндім. Арада аз уақыт өткенде Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген Елбасы шаруашылығымызды аралап көрді. Сол кезде ғой: «Әкімдердің айтқанын айтып болдым, енді өзімдікін айтайын» дегенім. Сондай-ақ Астана төрінде өткен сол жиында Елбасы мені екі-үш мәрте орнымнан тұрғызды. Бір-екі сұрақ қойды. Сосын: «Бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз. Бірақ жассың ғой, байлық, дәулет әлі бітеді. Адам байығанда өзгереді. Сен өзгерме. Тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге көмегіңді тигіз. Халықтың батасын алсаң жаман болмайсың, өсесің, өнесің» – деген еді. Сол сөз санамнан шыққан емес. Президенттің тілегін орындап, көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, ісіміз алға басты.
Қазіргі кезде мен туып-өскен Жарлысу ауылы облысымыздағы ең бақуатты елді мекендердің бірі десем қателеспеймін. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін көптеген шаруа тындырылды. Қазіргі таңда ауылда барлығы 100 мыңнан аса қой бар. Тіркелмегені қаншама?! Тек ауызсу мәселесі шешілсе дейміз», – деген Сайрамбай Әліқұлұлы болашақта Жарлысу ауылынан ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын институт ашу жоспарында бар екенін айтты. Ол сол арқылы ауыл шаруашылығы саласы мамандарының тапшылығын жойғысы келеді.
Кездесу соңында Дүйсенәлі Бықыбаев құрметті қонаққа естелік сыйлық тарту етіп, ілтипатын білдірді.

 

Табиғат Абаилдаев
Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support