- Advertisement -

Сағатыңыз сыр берсе мираға барыңыз

35

- Advertisement -

Облыс орталығындағы «Қуаныш» аталатын бұрынғы тұрмыстық қажетті өтеу үйінің төрт қабатты ғимаратында дәмхана, дүкен, түрлі тұрмыстық қызмет көрсету құрылымдары дейсіз бе, бәрі бар. Балалардың білімін жетілдіру орталықтары мен түрлі үйірмелерді де осы жерден табасыз. Осынау ғимаратқа шаруам болып менің де бірнеше мәрте бас сұққан жайым бар. Сонда есігі айқара ашық бір бөлмеде елу жас шамасындағы келіншектің орнынан тапжылмай, алдындағы ісін ынты-шынтысымен беріле атқарумен отыратынын байқап қалдым. Қашан көрсең де осы қалпынан бір айныған емес, жұмысы көп, уақыты жоқ секілді. Бөлмесі де таза, жинақы. Әуелгіде тіс дәрігері-ау деп те ойлағанмын. Сөйтсем, ол… сағат жөндейді екен. Кәдімгі қол сағаттарын бір демде қалпына келтіре қоятын кәнігі шебер болып шықты. Оның саусағы тисе-ақ отбасы жәдігері болып саналатын көне қабырға сағаттарының да сыртылдап жүріп берері бар.
Сағат жөндеуші Мира Әнуәрбекқызының әкесі Орынбор қазағы екен. Атақонысына бағзы кездері оралған. Қазақ келіншегінің осынау сирек мамандықты меңгергеніне, меңгеріп қана қоймай осы кәсібінен нәсібін, нәпақасын айырып отырғанына қызығушылығым арта түсті.
– Өзім де бұлай болады деп ойлаған емеспін. Бастапқыда Жамбыл технологиялық институтын экономист-инженер мамандығы бойынша бітіріп шығып, «Рембыттехника» мекемесінде біраз жыл қызмет те атқарғанмын. Кейін кәсіпорын жабылды да, жұмыссыз қалмас үшін мекеме тарапынан ұйымдастырылған курста оқып, қайта даярлаудан өттім. Сағат жөндеу кәсібін сол кезде меңгерген едім. Міне, ширек ғасырдан астам уақыт бойы осы жұмыстамын. Жеке кәсіпкермін. Патентім бар. Жұмыс орнымды жалға алғанмын, оның да ақысын, салықты да уақтылы төлеп отырмын. Жұмысым тыныш. Өзіме ұнайды, – дейді кәсіпкер келіншек.
Оның айтуынша, өз кәсібінің шебері атанған кім-кім де сүйікті ісінен әсте қол үзбек емес. Мамандықтың жаманы жоқ. Сағатшының көмегіне күніне кем дегенде, 6-10 адам қайырылады екен. Жалғызілікті келіншек осы кәсібінің арқасында екі ұлының да жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруіне қол жеткізіп отыр. Балаларының үлкені бүгінде Тараз қалалық ауруханасында дәрігер-сарапшы болып қызмет етеді, ал кішісі Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің 4-курсында оқиды. Ол да өзінің жолын қуып экономика саласындағы провизор-менеджмент мамандығын меңгеріп шықпақ. «Кеңестік кезеңде ақшаны емес, жақсы жұмыс істеуді ғана ойладық қой. Қазір керісінше болуда. Жастарымыз қарапайым кәсіптердің қай-қайсысы да, қадіріне жетсең, өзіңді, отбасыңды асырайтынын әсте ұмытпауға тиіс. Оларға осы жөнінде түсіндіру ісі жандандырылуы керек-ақ», – дейді Мира Ершина.
Қарапайым маман­дығының өзімен-ақ қадірлі болып отырған сағат жөндеуші келіншектің өмірлік ұстанымы осындай.

Б.Тоқтаров.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support