- Advertisement -

Біз жеңбейтін қиындық жоқ

77

- Advertisement -

Тәуелсіздігіміз біздің көп нәрсеге қолымызды жеткізіп отыр ғой. Ең бастысы, еңбек ету еркіндігі бар. Кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау, көмек те көрсетілуде. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сан салада еңбек етуіне мүмкіндіктері мол. Оған өзім де айқын көз жеткізіп отырмын. Нақтырақ айтсам, әжем мен анамнан жұғысты болған ұлттық қол өнері кәсібінің арқауын үзбей, жалғастырумен келемін. Бұл істі ең алғаш сіңіліме «қыз жасауын» дайындап беруден бастаған едім. Қазіргі уақытта жылына 15-ке жуық бойжеткеннің жасауын жайната жабдықтап берудемін.
Жастау кезімде туабітті кемтарлығыма қарамастан, Қырғыз бен Қытай елдерінен өңіріміз үшін қат заттар әкеліп өткеріп, сауда-саттық жасаумен айналыстым. Сол тұста екі бірдей дүкенім болды. Алайда жүріп-тұруымның қиындауына байланысты біршама уақыт арбаға таңылып, төсек тартып жатып та қалдым. Осы күні өзім тұратын екі бөлмелі пәтер үйді сатып алуға бар жиған қаражатым кетті де тұрды. Мұның өзі бүгінде кәсібімді үзбей, одан әрі өрістетуіме әбден жарап отыр.
Бала кезде дәрігердің диагнозды дұрыс қоймауының салдарынан осындай жағдайға тап болған едім. Бертінде Алматыға арнайы барып, ота да жасаттым. Сол тұста жасанды дене бөлшектерін сататын орталықта жұмыс істейтін кәріс ұлтының азаматы Роман Киммен танысып, көп өтпей отау құрдық. Жолдасым да өзім секілді мүмкіндігі шектеулі азамат. Тағдырымыз ұқсас болғандықтан болар, бір-бірімізді жақсы түсініп, тіл табысып кеттік. Қазір Аяжан, Яна есімді қыздарымыз бар.
Қазір де сауда-саттық жасау ісінен шет қалып жатқан жоқпын. Қырғыз, Қытай, Щвейцария елдерінен тігін саласына қажетті түрлі маталар мен қайшы, жіптер, сондай-ақ тігін машиналарының қосалқы бөлшектерін әкеліп, қолжетімді бағамен өткерудемін. Тойбастарға арналған киіз үй үлгісіндегі кәде-сыйлар, балалар сөмкелері мен жұмсақ ойыншықтарды тапсырыс берушінің талғамына қарай түрлі бағытта сәндеп беремін. Бағасы сол затты жасауға кеткен материалдар мен еңбегімді қоса алғанда, соншалықты қымбат та емес. Кейде тапсырыс берушінің пейіліне қарай жеңілдіктер жасайтыным да бар. Мысалы, бір «түйе» ойыншығы 2000, «киіз үйлер» көлеміне қарай 2500-3500 теңгеге дейін бағаланып жатады. Адамның есімін оюлап, көркемдеп жазып, тігілетін жастықтарды 5000-6000 теңгеден сатылымға шығарамын. Ал қыз жасауларын әзірлеп, жабдықтау қызметі 150000-180000 теңге аралығында ұсынылады.
Осы орайда айта кетейін, өзім – мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бірқатар байқаулардың да жеңімпазымын. «Жұлдызға қара» бағдарламасына қатысып, гранттық қаржыға қол жеткізгенім бар. Бұл қаражатқа шағын тігін цехына қажетті құрал-жабдықтар мен шикізат сатып алып, кәсіпкерлігімнің әлеуетін біршама нығайттым. Бүгінде шағын цехымда жаңа тігіс функцияларымен жұмыс істейтін 7-8 тігін машинасы бар. Бұл тігістің алуан түрін әдіптеу қажет етілетін тапсырыстар көлемі едәуір артуына да септесуде.
Еңбек адамға қандай қиындықты да жеңіп шығуға қуаттандырады екен. Жасаған бұйымдарымның жұртқа ұнап жатқанын көргенімде, шаршағанымды да ұмытып кетемін. Тағы бір көрпенің мақтасын салып тастайын, тағы бір жастықтың жұмысын бітірейін деп, ұйқы көрмей, алған тапсырысымды уақтылы орындап беру үшін тырысып-ақ бағамын. Еңбектенген адамға жауапкершілік те едәуір күш береді. Еңбегіңнің тұтынушылар тарапынан жақсы бағалануы жаңа жетістіктерге де жігерлендіреді екен. Өнімдерімнің өтімді, сапалы болуы үшін журналдарды үзбей қарап, теледидардан қолөнерге қатысты бағдарламаларды да тамашалап, ғаламтор желісінен білмегенімді үйреніп, ұдайы ізденісте жүремін.
«Еңбек адамды көркейтеді» деген сөздің ешбір жалғандығы жоқ, тегінде. Біз де ақ, адал еңбегі­міздің арқасында біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тіршілік етудеміз. Балаларымыз бақытты болып, молшылықта өмір сүрсе дейміз. Барлық ой, мақсатымыз, тілегіміз – осы.

Шолпан
СҰРАМБАЕВА,
жеке кәсіпкер, қолөнер шебері.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support