- Advertisement -

Сүйегі асыл Зержан апа 104 жасқа толды

63

- Advertisement -

Бүгінде біздің өңірімізде, оның ішінде Талас ауданында да ресми түрде танылмаған ұзақ жасаушылардың бар екенін оқта-текте құлағымыз шалып қалады. Еліміздегі ең ұзақ жасаушылардың бірі (2014 жылы шамамен 118 жасында дүниеден өткен), Есейхан ауылының тұрғыны болған Балакүл Балтабаева туралы кезінде біздің де қалам тербеген жайымыз бар. Оның жетпіс жасты алқымдап қалған ұлымен кездесіп, кейуананың ұзақ жасауының құпиясымен де бөліскен едік. Оның айтуынша, тау жуаны айранға турап жеудің денсаулыққа пайдасы орасан зор, ұзақ жасаудың да бір кепілі осы. Ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасаған Балакүл әжейді бүгінде Ойық ауылының тұрғыны, тыл және еңбек ардагері Зержан Сауытова апай «өкшелеп» қалды десе де болады. Ол биыл 104 жасқа толып отыр. Өмірін еңбекпен өрнектеген абзал жанның бойынан қайраты қайтпаған. Әлі де сергек. Ешкімнің көмегінсіз жүріп, тұрады. Өзі самаурын қойып, шай ішетінін қайтерсіз! Ең бір таңғаларлығы, жүз жыл бойы көрген, білгендері де жадында сол күйінде сақтаулы. Сыр сандығын ақтарып, әңгімеге де қарық етеді.
Ол кісінің ұзақ жасауының сыры басқада емес, өмір бойы тынбай еңбектенуінде, ұдайы қимыл-қозғалыста болуында деп топшылап отырмыз. Ал қимылдың – өмір қоймасы екені әмбеге аян. Зержан апаның ұжымшарға ұйысудың бастапқы кезеңінде не бітіп, не қоймайтын қарбалас жұмыстардан бел жазбаған құрбыларының да тоқсан жастан аспағаны кемде-кем. З.Сауытованың да басына орамал салып, босаға аттауы ауылдың бас көтерер азаматтарының бәрі (арасында жаңа қосылған жары Жұмабай да бар) майданға аттанып, тылдағы тірліктің ауыртпалығы әйелдердің мойнына түскен кезге тұспа-тұс келіпті. Сол бір сұрапыл жылдардың ауыртпалығын қатар-құрбыларымен бірге бөлісіп, күндіз кетпен шауып, егістікте жұмыс істеп, ал ұзақ түнде көз ілмей майдангерлерге арнап шұлық, жылы киімдер тоқитындары сірә естен кетер ме?!
Жолдасы Жұмабай Ембергенов Смоленск қаласын жаудан азат ету жолындағы қиян-кескі ұрыстардың бірінде иығынан ауыр жарақат алып, госпитальда емделіп, 1943 жылы аман-сау елге де оралады. Одан әрі бейбіт тірлікке бел шеше араласып та кетеді.
Отбасында тәрбиеленген ұл, қыздың бәрі де бүгінде үйлі-баранды. Үлкен қыздарының бірі «Алтын алқа», екіншісі «Күміс алқа» иегерлері атанып, тәрбиелі ұрпақ өрбітті. Отағасы біраз жылдар бұрын пайғамдар жасында өмірден озып, отбасы ауыртпалығы біржола Зержан апаға жүктеліп қалған еді. Кейуанаға бүгінде қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген төрт ұл-қызынан 26 немере, 6 шөбере сүю бақыты бұйырып отыр.
Ауылдың электр желілерін тарату саласында қызмет ететін әулеттегі кенже ұл Талғатбек Жұмабаевпен жолығып, тілдескенімізде ол «Қазір шешеміздің денсаулығы жақсы, жүн шұлық, кеудешеңізді әлі күнге дейін өзі тоқиды. Менің қолымда. Ауылдық әкімдікке рахмет, әрбір мереке сайын ұмытпай келіп, құттықтап тұрады» деді ағынан жарылып. Алайда ғасырдан да ұзақ жасаған абыз ананың өзімен сөйлесудің сәті түспеді. Ол кісі сол күні Т. Рысқұлов ауданындағы қызының үйіне қыдырып кеткен болып шықты.
Зержан апа – бұл күнде ауылдың ғана емес, ауданның да ең қарт тұрғыны. Қос ғасырдың куәгеріне, ел анасына да айналып отыр. Амандық-саулық сұрай келген үлкен-кішіге «Сендер де мен секілді жүзден асыңдар!» – деп ақ батасын беруден әсте танған емес.

 

Баймаханбет АХМЕТ
Ойық ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support