- Advertisement -

Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді

99

- Advertisement -

Нұрсифат САЛЫҚОВА,
облыстық қазақ драма театрының әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Кісі біткеннің көңіліне жылылық, жаһанға жылымық тарту ететін көктем мезгілі де келіп жетті. Дүние шіркін сан түрлі кейіпте гүлденіп, ғажайып күй кешіп жатыр. Осынау ғажап мезгілмен бірге керемет мейрамдардың бірі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті.
Әйелдер күнінің көктем мезгіліне белгіленуі – заңдылық. Өйткені нәзік жандылармен осы бір жан жадырататын мезгіл арасында үйлесімділік бар секілді. Біз қашанда аналарымызды, аяулы әжелерімізді, қаракөз сіңлілерімізді төрге оздырған халықпыз.
«Қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл – үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой», дейді қарымды қаламгер Ғабит Мүсірепов. Иә, расында да солай. Адамның ең жақын досы, сырласы – анасы. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген сөздің мәні тереңде жатыр.
Қазақта батыр қыздар аз болмаған. Тарихтың тереңіне бармай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Әлия мен Мәншүктің жауға қарсы қасқайып тұрғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Бертіндегі Ләззат ше? Бұлардың барлығы қазақ қыздарының бойынан табылатын инабаттылық, имандылық қасиеттерінен бөлек, батырлық, ержүректілік сынды қасиеттерін айшықтап бергендей. Олар қазақ қыздарының бойындағы қайсарлықтың қарқынын көрсетті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні көп балалы аналарға аса зор ынтамен көңіл бөліп отырғаны баршамызға мәлім. Жалпы Елбасы нәзікжандылар мәселесін бір сәтке де назарынан тыс қалдырған емес. Гендерлік саясат та елімізде қалыпты ырғақпен жүргізіліп келеді.
Қай саланы алып қарасақ та бүгінде көшбасшы әйелдер жетіп артылады. Өнерде де тасы өрге домалаған сұлуларымыз баршылық. Олар қазақ өнерінің тасын өрге домалату үшін талмай тер төгіп жүр.
Қазақта «Ақылды әйелдің ішінде алтын бесікті ұл жатар» деген ғажап сөз бар. Мұның өзі біздің халықтың тектілікке баса назар аударғанын байқатса керек. Шүкір, қазіргі кезде жастарымыз халықаралық деңгейдегі өнер мен білім бәсекелерінде жасындай жарқырап жүр. Мұның өзі елімізде ақылды ұл-қыздардың көп екенін аңғартса керек-ті.
«Анасы бардың панасы бар» деген мақалдың байыбына енді тереңірек баратын болып жүрміз. Анасының аялы алақанын көріп өскен ұрпақ қашанда бақытты. Асыл жанның мейіріміне жететін мейірім, пейіліне жететін пейіл жалғанда жоқ шығар.
Қысқасы, бізде ақылына көркі сай аруларымыз да, ардақты аналарымыз бен ақылгөй әжелеріміз де баршылық. Құдай жоқ болып қалғаннан сақтасын. Жүрегімізге шаттық күйі орнасын.
Жыл құсындай келіп жеткен көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын. Жүрегі елім деп соғатын ұрпақты өмірге әкелетін айымдарымыз жасай берсін. Барша аналар мен аруларға тек қана жақсылық тілеймін. Жаратқан жақсылықтан айырмасын!

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support