- Advertisement -

Сағынтқан әнім, Әселім, жаным…

265

- Advertisement -

(Эссе)

Әсел сахнаға шыққанда бойыңды ерекше бір тәтті сезім билеп алады. Бұлбұл-қыздың көмейінен дәл қазір күмістей сыңғырлап төгілетін әуеннің құдіреті бойыңды жаулап алатынын алдын ала біліп отырасың. Содан соң… құлағыңның құрышын қандырғаны сонша қайта-қайта айта берсе екен деп тілейсің. Бірақ…
Сахнаның өз «заңы» бар. Бір ән, ары кетсе… екі ән. Болды, бітті. Сосын қас-қағым сәт болса да өміріңнің мәніне айналған сұлулыққа, сол сұлулықтан күннің нұрындай айналасына шуақ боп шашылып жатқан ғажап үнге (колоратурное сопрано!!!) құмарың қанбай, өкініп қаласың.
Әселдің әніне біз Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде өнер көрсеткен жамбылдықтар арасынан Шолпан жұлдыздай жарқырап шыққан кезінде куә болдық. Ал өзі «Астана Операда» өткен концерттегі орындаған әндерін естен шығармақ емес. Әсел осы бір бақытты шағын 2009, 2011 және 2012 жылдары өткен әртүрлі байқаулар мен конкурстардан жеңіп алған бірінші жүлделерінен де биік қояды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та музыка өнеріне ерекше ден қоятын тұлға екені белгілі. Ол кісінің өзі де домбыра тартып, ән салады. Сондықтан Елбасы қатысқан жиында ән орындағанда ерекше бір сынақтан өткендей болдым дейді.
Міне, жыл сайынғы әйелдер мерекесі де келіп жетті. Біз, журналистер де осы кезде «халқына қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерге қандай сый-сияпат жасасақ екен?» деп ойлана бастаймыз. Бұл жолы «Өңір өнерінде, әншілер ішінде Тараздан шығып, төрткүл дүниені таңғалдырған кіміміз бар?» дегенде, ең алдымен Әселді іздедік. Әселдің әні жайлы мөлдіретіп тұрып жазғымыз келді. Бірақ…
Әселіміз Таразда жоқ болып шықты. Ол қазір сонау Италияда, оның Озима деген шаһарында музыкалық білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, бір жағынан сондағы опера театрында өнер көрсетіп жүр екен.
Ол Италияға қалай барып жүр? Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық кафедрасы, Алматы консерваториясы, олардан кейін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне дейін жалғасқан білім мен өнер жолын білеміз. Тараздықтардың көзқуанышына айналып, көне шаһар сахналарында, тіпті той-домалақтардың да ажарын ашып, дарақылау, даңғазалау келетін дүрмекке мына ішім-жемді ғана ойлайтын оспадарлау өмірде өнер деген құдіретті де мойындай білу керек екенін сыңғырлаған үнімен сыпайылап болса да сездіріп кететін.
Бәрі де Тараз қаласына Робертино Лореттидің келуінен басталыпты. Соның концертінде ән айтқан Әселдің үні әлемге әйгілі мэтрдің көңілінен шыққан. Робертино Лореттидің бір жақын туысының жекеменшік опера театры бар екен, Әселді сонда шақырды. Италияда әр қалада бір опера театрының болуы таңсық емес. Әйтпесе, Озима… Тараздан да шағын қала. Міне, сөйтіп Джоан Сазерленд, Беверли Силлздердің үнін ұнататын, соларды айнытпай қайталай алатын Әселдеріңіз Италияның Озима деген қаласынан бір-ақ шықты.
Кім қайда жүрсе де елінің жақсы атын шығарып, «Қазақ деген халықтың ұлдары мен қыздары керемет талантты болады екен!» деген сөзбен кеудемізді керіп жүретін мақтаныш пен мадақ, марапатқа жеткізсе болды емес пе!
Бірақ біз, жамбылдықтар талантты жерлесіміз Бәкір Тәжібаевтың:

Алыссың, жатсың білемін сәулем,
Тағдырға нала не керек айтып,
Өмірде сол бір жарқ еткен дәурен,
Әселім, сірә, келер ме қайтып, –

деп келіп, қайырмасында:

Тулайды жүрек,
Толқындай шалқып.
Аңсайды жүрек,
Өзіңе тартып.
Сағынтқан әнім,
Әселім, жаным!
Сағынтқан әнім,
Әселім, жаным! –

деп, Әселдің әні мен сәнін әндете сағынып, «Бұлбұл-қызымыз туған жеріне қашан оралар екен? Биылғы жыл құстарымен бірге саңқ етіп күтпеген жерден кеп қалар ма екен?» деген ойда жүрміз.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support