- Advertisement -

Аламанда атой салған арулар

59

- Advertisement -

Жүрегі нәзік әйел заты қай кезде де бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететіні ақиқат. Әйтсе де қазақта жаужүрек арулар жетіп артылады. Отан үшін от кешуден еш қаймықпаған Әлия мен Мәншүктің, бертіндегі Ләззат пен Сәбираның ерлігін қазақтың қай жігітінің батырлығынан кем дейсіз? Жүрегі «құлқын» деп емес, «ұлтым» деп соққан қазақ қыздарын мақтамаймыз, олармен мақтанамыз.

Иә, татулық туы көкте желбіреген бүгінгі күннің де өз батырлары бар. Олар алаш туы астында аянып қалмай, төрткүл дүние алдында мерейімізді тасытып, мәртебемізді үстемелеп жүр. Спортшы қыздарымыз алтыннан алқа тағынып, Әнұранымыз шырқалғанда жанарға ыстық тамшы үйіріле қалатыны да сондықтан болса керек.
Жамбылдық чемпион арулардың ішінде каратэ-до спортының шебері Гузалия Гафурованы айрықша атап өтуге болады. Гузалияның ел біріншілігіндегі жетістіктері өз алдына бір төбе екені белгілі. Қазақстанда қарсылас шыдатпаған ол Азия кубогі мен әлемдік сында өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді. Жерлесіміз бұл жетістігіне тоқмейілсіп, тоқтап қалған жоқ. Ол 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында 68 килограмм салмақ дәрежесінде жарыс жолына шығып, алтын жүлдені қоржынымызға салды. Ал 2018 жылы Индонезия астанасы Джакарта қаласында өткен жазғы Азия ойындарында ол екінші мәрте чемпион атанды. Бір қызығы жерлесіміз екі финалда да қытайлық Тан Линлиннен айласын асырды.
Каратэші қыз 12 жасынан бастап спортпен шұғылданады. Байзақ ауданының тумасы 2014 жылы Азия ойындарында жеңіске жеткен соң тұрмыс құрған. Бүгінде бір қыздың анасы. Ол бала күтімінен шыға сала, Индонезиядағы аламанға аттанды. Таразда аз ғана уақыт дайындалған спортшының екінші мәрте Азиада чемпионы атануы – ерлікке тең. Көк Туымызды көкте желбіретіп жүрген оның бағындырар биігі әлі алда.
Жамбыл жерінде жұдырығы жойқын боксшы арулар да баршылық. Олардың көшін кәсіпқой бокстағы қазақ қыздарының тұңғышы Фируза Шарипова бастап тұр. Әйгілі менеджер Сергей Завилейский жерлесімізді бір емес, екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы етті. Кәсіпқой рингтегі мансабын 2016 жылы бастаған Фируза Астана қаласында өткен ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы бокс кешінде болгар аруы Милена Колеваны ұтып, жеңіл салмақта өзінің шын мықты екенін әйгіледі. Осылайша ол WBU және WIBU тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеуді иеленіп, қазақстандық арулар арасынан шыққан кәсіпқой бокстағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде есімін тарихқа алтын әріптермен жазды. Шаршы алаңдағы ширақ қимылдарымен талайларға таңдай қақтырған Фируза мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қайта қаһарына мініп, шеберлігін шыңдай түсті. Бұдан кейін Алматы қаласында бельгиялық Джемилла Гонтарюкпен қолғап түйістіріп, жартылай жеңіл салмақта IBO және WBC (silver) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие болды. Завилейский Фирузаның әлі талай мықтыны сабасына түсіретіндігіне сенімді. «Фируза – қыздар боксының феномені. Оның әлі де әлемді таңғалдыратын мүмкіндігі мол. Біздің бағытымыз айқын. Фирузаны бизнес-империяға айналдыруға күш саламыз», – дейді ол.
Әуесқой бокс әлемінде де үміт артатын қаракөздеріміз аз емес. Біраз уақыт бұрын Үндістанның Гувахати қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде қоржынымызға қос медаль түскен болатын. 81 килограмм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Арайлым Бегділда қарсыластарының барлығынан айласын асырып чемпион атанса, 51 килограмм салмақтағы Жансая Әбдірайымова қола жүлдені иеленген-ді. Жансая кейіннен жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, жанкүйерлерді қуантты.
Самбо күресінен ұлттық құрама сапында жүріп бірер жыл бұрын әлем чемпионатында қола медаль иеленген Аида Карчаева дзюдо күресінен өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Көптеген додаларда жасындай жарқырап жүрген жас спортшыға үміт артамыз. Елдос Сметовтің жеңісті жорығын жалғастырса дейміз. Ол әлем чемпионатынан оралған кезде: «Болашақта дзюдо күресінен Олимпиада ойындарына қатысып, көк Туды көкте желбіреткім келеді», деген болатын. Арманы шынға айналса деген тілек бар…

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support