- Advertisement -

Трансплантация: донорды қайдан табамыз?

336

- Advertisement -

Трансплантация дегеніміз – бір адамның ағзасын келесі бір адамға салу. Медицинада оны беруші адамды донор дейді де, алушыны, яғни науқасты реципиент деп атайды. Еліміз бойынша ағза ауыстыру оталары 30 жылдан астам мерзім бойы жасалып келе жатыр. Оның ішінде бір бүйрегін, бауырының шамалы бір бөлігін беріп, өзгеге ғұмыр сыйлаған жандар арамызда баршылық. Дегенмен, сырқаттарға аса қажет органдарды қайтыс болған адамдардан да алу мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Дамыған елдерде мүше трансплантациясына байланысты мәселелердің заң шеңберінде шешіліп қойғаны мәлім. Ал бізде бұл мәселені бір ізге түсіру үшін әлі көп жылдар қажет. Бұған, ең алдымен, қазақы менталитетіміз бен діни көзқарас тікелей ықпал етуде. Трансплантация төңірегіндегі қиындықтардың 25-30 пайызы ғана медицина арқылы шешімін табатын болса, қалғаны қоғам мен заңға, дінге, адамгершілік қасиетке тәуелді. Алайда, Таразда трансплантация үшін органын алуға болатын адам болса, реципиенттің өмірін жалғастыру мүмкін емес болып отыр. Себебі, бұған қайтыс болған адамның туыстары бірінші кезекте қарсы шығады екен.

Трансплантология жөніндегі өңірлік  үйлестіруші Аякөз Баймұратова.
Трансплантология жөніндегі өңірлік
үйлестіруші Аякөз Баймұратова.

  Қуаныштысы сол, жүрек, бауыр трансплан­тациясын жасау — біздегі медицинаның үлкен жетістігі. Қоғам қай кезде де жаңа нәрсеге үрке қарайды. Дегенмен, Елбасымыз өз кезегінде әлемнің дамыған елдерінің қатарына ілігіп, адамдардардың өміріне араша болу үшін, елдегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігін сақтап қалу үшін медицинаның озық жетістіктерін пайдалануымыз керектігін үнемі айтып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, бізде маман жағынан, техникалық жабдықтау тұрғысынан еш кедергі жоқ. Бұл мәселе тек адамдардың қалыптасқан таным-түсінігіне әсер етуге және заңдық нормативтерді қайта қарауға бағытталған жұмысты қажет етіп отыр.

Екінші қалалық аурухананың гемодиализ бөлімшесінің аға ординаторы Аякөз Баймұратова біраз уақыттан бері осы трансплантология жөніндегі өңірлік үйлестіруші болып келеді. Оның айтуынша, еліміздегі трансплантологияны дамыту мақсатында Ұлттық медициналық холдинг орталықтарында қыруар шаралар атқарылуда. Халыққа жоғары мамандандырылған трансплантациялық көмек республикалық бюджет қаржысы есебінен тегін көрсетілуде. «Трансплантология медицинаның ешбір жүйесіне ұқсамайды. Мұндай оталар азаматтардың медициналық қызметкерлермен бірігуіне байланысты халыққа қолжетімді болады. Біздің елімізде әлі күнге дейін «әлеуетті донордың» туыстары транспланттау үшін марқұмның дене мүшелерін алуға көп жағдайда келісім бермейді. Бұған дайын да емес. Сондықтан, шетелдік тәжірибеге сүйеніп, әр адам қайтыс болғаннан кейінгі ағзасының трансплантациясына қатысты әңгіме айтылғанда өз пікірін көзі тірі кезінде білдіру керек», дейді. Алайда, біздегі оқиғалардың 98 пайызында туыстары органдарды пайдалануға рұқсат етпейді екен. Бүгінде облысымыз бойынша бүйрек донорына 80-ге тарта, жүрекке 6, бауырға 6 адам зәру болып отыр. «Бірінші қалалық ауруханада және облыстық ауруханада шұғыл көмекті қажет ететін науқастар саны өте көп. Олардың дені жарақаттанған науқастар, инсультке шалдыққан адамдар. Әрине басқа да медициналық мекемелер бақылауға алынған. Заңға сүйене отырсақ, ми өлімі анықталған адамның органдарын пайдалануға құқымыз бар. Әрине, бастарына түскен ауыр жағдайда туыстарын қайғы басып отыр, жақынының органдарын алып калады деген ойдың өзі қорқынышты болып көрінеді. Бұл үшін біздегі штатта арнайы психолог жұмыс істеуде. Ол туыстарымен әңгімелесіп, донор болу адамгершілік іске жататынын, олардың көз жұмған жақын туысының органдары басқа адамның өмірін жалғастыруға мүмкіндік беретінін түсіндіріп беруге даяр. Ең өкініштісі, науқастар арасында төсек тартып, донорлық жүректі күтіп жатқан жас аналар да бар. Осындай бақытсыздар біздің өңірімізде – ондап, елімізде – мыңдап жүр ғой», дейді Аякөз Оразбекқызы.

Әлемдік тәжірибе

Әлемнің бірқатар елдерінде мүше трансплантациясы заңмен реттелген. Мәселен, АҚШ-та кез-келген адам ерікті түрде донор атана алады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының шешіміне сәйкес, әлемде донор атануға рұқсат беру екі заң бойынша екі түрлі әдіспен жүзеге асады: келісім презумпциясы және келісімсіз презумпция. Біріншісі — өзінің немесе туған-туысқандарының келісімін алу арқылы. Ал екінші әдіс бойынша адам көз жұмған жағдайда оның ағза мүшелері туған-туысқандарының келісі­мінсіз донор ретінде пайдаланылады.19 Испанияда, Австрияда, Бельгияда дәрігерлер бірінші әдісті қолданады. Ал АҚШ-та, Ұлыбританияда, Голландияда екінші әдісті қолданып, мәйіттің туған-туыстарына тек хабар ғана беріледі. Батыс елдерінде «келісім бермегендер» туралы деректер сақталатын ақпараттар базасы қалыптасқан. Оған кез-келген адам өзінің өлгеннен кейін мүшесін алуға келісім бермейтінін айтып, алдын ала тіркеліп қояды.
Испанияда бұрын осы мүше транспланта­циясына қатысты екі түрлі пікір қалыптасқан кезде қоғамдық көзқарастың өзгеруіне үгіт-насихат жұмыстары әсер етіпті. Олардың көшелеріне: «Өз ағзаңыздың бір мүшесін аспанға алып кетудің керегі жоқ, анау дүниеде ол сізге қажет болмайды. Жерде қалдырсаңыз, ол бір адамның өмірін құтқарып қалады» деген мағынадағы жазулар да ілініпті. Ал Қытайда ату жазасына кесіліп, түрмеге тоғытылған қылмыскерлер донор ретінде қарастырылады екен.

Ислам не дейді?

Қазіргі таңдағы Ислам ғұламаларының басым көпшілігі «шариғат талаптары аясында және білікті дәрігерлердің мақұлдауымен «донорлыққа» рұқсат» деп отыр. Алайда, мұнда донор болған кісіге өзіне зияны тимейтін жағын қатаң ескерілуі қажет. Сондай-ақ, «донорлықтан» көздегені дүние табу емес, керісінше өлім аузында жатқан жанды аман алып қалу, оның сырқатын жеңілдетуге ат салысу сияқты сауапты іс болуы тиіс. Сонда ғана, Жасаған Иеміздің мына сөзіне сәйкес ізгі іс істеген болып есептеледі: «…Кімде-кім, бір жанды тірілтсе, яғни өлімнен құтқарса, бүкіл адамзатты тірілткенмен тең». Халықаралық Ислам фиқһ ұйымының осыған сәйкес өткізілген отырысында арнайы қаулылар қабылданған болатын. Егер тигізер пайдасы нақты анықталған болса, кісінің ағзасын, екінші бір жеріне ауыстыруына болады. Екіншіден, алынған жағдайда өздігінен орны толып, қайта қалпына келетін ағзалардың бірін өзгеге бағыштауына рұқсат. Бұған қоса, белгілі бір себеппен ота жасау арқылы алынып тасталған ағзаны, өзге ауру кісіге пайдалануға рұқсат. Ал тірі адамның өмір сүруін тікелей қамтамасыз ететін ағзасының бірін алып, оны өзгеге трансплантация жасау, осылайша өзінің өміріне қауіп төндіру – харам. Жүрек – осыған жатады екен. Адам өмірін жалғастыруына тікелей қатысы болмағанымен, өміріне аса8 қажетті, функционалды негізгі ағзаларын өзгеге трансплантация жасауы да – харам. Сондай-ақ, аман қалуына немесе әрі қарай саламатты өмір кешуіне тікелей септігін тигізетін болса, өлген кісінің жарамды ағзасын, ауру адамға трансплантация жасауға рұқсат. Бірақ бұған алдымен, өлген кісінің өлмей тұрып білдірген ризашылығы немесе мәйіттің туыстары тарапынан рұқсат берілуі керек. Бұл жағдайлардағы донорлық – сауда-саттықпен жүзеге аспауы тиіс. Өйткені, қандай жағдай болмасын, адам ағзаларын сатылымға шығаруға болмайды.

«Мәйіт донорлығын қолға алмасақ, трансплантология алға жылжымайды»

Ағза мүшелерін ауыстырып салу операциялары осыған дейін тек Астана және Алматы қалаларындағы дүниежүзілік деңгейде жетілдірілген медицина орталықтарында ғана жасалынып келген болса, енді Шымкент қаласында да жүзеге аса бастады.
11«Ұлы Отан соғысы кезінде де оқ тиіп, ауыр жараланып, өмір сүру мүмкіндігінен айырылғандардың бүйрегін алып ауыстырған ғой. Бір бүйрекпен адам өмір сүре береді. Бүйрегін берген адам мүгедек емес. Керісінше, бір мүгедек адамға жаңа өмір сыйлайды. Жасанды бүйрекпен, яғни диализ аппаратында ұзақ өмір сүру мүмкін емес. Әрі бір бүйрегін қиып бере беретіндей науқастардың бәрінің ағайын-туысы көп емес қой. Кейбіреулерінің тіпті туысы да жоқ. Сондықтан да мәйіт донорлығы туралы халыққа кеңінен түсіндіру керек. Үгіт-насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек. Бүгінде инсульттан, «ми өлімімен» ажал құшып жатқандар көп. «Ми өлімі» диагнозы қойылғандардың қайтып қатарға қосылуы мүмкін емес, ол адам болмайды. Соны ағайын-туысына мол мағлұмат беріп, түсіндіру қажет. Олар ағза мүшелерін алуға рұқсат беруі керек» деген Аякөз Оразбекқызы елімізде бұл туралы арнайы заңның барын алға тартып отыр. Онда науқастың екі туысы жазбаша түрде ағзасын алуға рұқсат беруі керек деген бөлімі бар екен. Алдағы уақытта осы тақырыптағы дөңгелек үстелдерді жиі ұйымдастырып, халыққа кеңінен түсіндіріп, сол арқылы мәйіт донорлығын қолға алмасақ, трансплантология алға жылжымайды.

Төрт адамның өмірін сақтап қалды

Статистика бойынша Америкада мұқтаж адамдар донорлық жүректі алты ай, Еуропада – тоғыз ай күтеді екен, бізде – күтуден үміт үзеді. Қазақстанда жүрек қондыру операциясы бар болғаны бірнеше рет жасалды. Оның себебі – донорладың жоқтығынан. Оған қарамастан отандық трансплантологтар үміттерін үзбеуде. Аякөз Оразбекқызы орын алған таңқаларлық оқиғалар туралы әңгімелеп берді. Петропавл қаласында ми өлімі анықталған адамның туыстары саналылық білдіріп, жақынның органдарын пайдалануға рұқсат берген еді. Олар адамгершілік ісімен төрт адамның өмірін сақтап қалыпты. Яғни, төрт адамға екі бүйрек, жүрек пен бауыр қондырылды. Соңғы шілде айында Қостанай қаласындағы ми өлімінен анықталған донордан біздің екі жерлесіміздің өмірі сақталған. Шу өңірінің тумасы Ұлан деген 24 жасар азаматқа Астана қаласында Ұлттық Ғылыми Кардиохирургия Орталығында жүрек алмастыру отасы сәтті жасалынса, Алматы қаласында А.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми Хирургия Орталығында Тараз қаласының тұрғыны Нұрғали есімді азаматқа бүйрек алмастыру отасы жасалынған.
«Бізде аса қымбат жүрек соғуды демеуші аппараттары бар, осы аппараттардың әлемдегі саны 5-6 ғана дана, соның бірі Қазақстанда қолданылады. Осыған қарап, біздің деңгейдегі медицинаның арқасында бірнеше өмірді сақтап қалуға жағдайлар бар, бірақ бас тарту мәселесі кедергі жасауда» дейді дәрігер Аякөз Баймұратова.
Расында да елімізде орган донорлығы дамуы үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдаудың бәрі жасалған. Осы мәселе бойынша медициналық мамандарды дамыған шетелдерде оқыту, олардың тәжірибесімен бөлісу жолға қойылған. Трансплантация бойынша қажетті нормативтік-құқықтық база дайындалған. Клиникалық орталықтар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алайда, бұған біздің қоғам дайын емес. Өйткені, біз донор болу арқылы қаншама адамдарды құтқаруға болатынын әлі де толық түсіне алмай келеміз. Трансплантацияның адам өмірін ұзартатынын, сырқатты дертінен айықтырып, толыққанды өмір сүру қуанышын сыйлайтынын әрбір азаматымыз білген кезде ғана осы мәселенің іргесі сөгілетіні анық.

Гүлжан РАХМАН,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support