Тарихты танудың тың тәсілі

Немесе QR-код, «App STORE», «play market» және ақсақал бейнесіндегі аудиогид жайсаңда жүрсең де қызметке әзір

Бүгінде қоғам шексіз мүмкіндіктер кезеңінде өмір сүріп жатыр. Бұрнағы жылдары мүмкін еместей көрінген дүниелерге қазір етіміз үйренгені соншалық, оған тіпті таңғалмайтын болдық. Ойлап қарасақ, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана хабар алудың негізгі құралы ретінде пошталарды пайдаланған болсақ, ал қазір түрлі функциялармен жабдықталған смартфондарды қолдануды үйрендік. Көптеген технологиялық дамудың нәтижелеріне қол жеткізудеміз. Сол секілді, бүгінгі заманауи игіліктердің бәрін бірінен соң бірін тізе берсеңіз тізгінді тарта алмай қалуыңыз мүмкін.

Қазіргі кезде әлемдегі барлық мемлекеттердің күн тәртібіндегі мәселе – жаппай цифрландыру болып тұр. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар да аз емес. Ал өткен жылдың басынан бастап, біздің ел де «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыра бастады. Аталмыш бағдарлама аясында Үкімет бес бағыт бойынша міндеттерді алға қойды. Оның екінші бағыты аясындағы цифрлық технологиялар ел тұрғындары мен шетелдік туристерге үлкен мүмкіндіктер бермек. Мәселен, өңірімізде өткен жылдың екінші жарты жылдығында тарихи нысандарды цифрландыру жаппай қолға алынды. Нәтижесінде облыс орталығы мен аудандарда орналасқан тарихи ескерткіштерге QR-кодтар орнатылды. Тұрғындар бұрын қандай да бір тарихи нысанға барғанда арнайы гидтердің көмегіне жүгінген болса, қазір бұл бағыттағы жұмыстар барынша оңтайландырылған. Тек, өз смартфоныңызға «App Store» немесе «Play Market» қосымшасы арқылы «Taraz Tour» мобильдік қосымшасын жүктеп алсаңыз болғаны. Содан кейін ондағы «QR» белгісін басып, смартфон камерасын ескерткіштің «QR-код» нысанына бағыттап, сканерлеу керек. Міне, осыдан соң мобильдік қосымшадағы қазақы шапан киген ақсақал бейнесіндегі аудиогид сізге ғаламторсыз-ақ ескерткіш туралы барлық мәліметті рет-ретімен айтып беретін болады. Сонымен бірге қосымшаның WEB нұсқасы арқылы өзіңіз барған тарихи аймақты 360 градустық форматта көруге мүмкіндігіңіз бар.
Осы айтылған ақпараттардың дұрыстығына көз жеткізу үшін Шу ауданында орналасқан шалғайдағы Жайсаң ғұрыптық кешеніне барып қайтқан болатынбыз. Шудағы ежелгі түрік ордасы саналатын Жайсаң даласында мың жылдан бері тұрған, қолына өмір тостағанын ұстаған жауынгердің тастан жасалған мүсінінің маңына арнайы «QR» тақта орнатылыпты. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына өңірімізден 8 киелі орын анықталып, ұсынылғаны белгілі. Олардың қатарында Меркі-Жайсаң түркі ғұрыптық кешені де бар. «Мәдени мұра» тізіміне ұсынылған келесі бір тамаша ескерткіш – Меркі ғибадатханасының солтүстік жағындағы Жайсан ғибадатханасы. Бұл ортағасырлық түріктерден қалған мәдени-ғұрыптық кешен. Ғибадатханадағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау жұмыстары 2001 жылдан бастап қолға алынған. Мұнда ескерткіштердің негізгі бөлігі орналасуына қарай бір заңдылыққа негізделген. Яғни жерлеу құрылыстары кешеннің батыс бөлігінде орналасса, ғұрыптық құрылымдар шығыс бөлігіне шоғырланған. Тек сирек жағдайда ғана қоршаулар қорғандардың ортасында немесе культтік кешендердің батыс бөлігінде орналасқан. Ғибадатханаға жүргізілген барлау жұмыстары кезінде көптеген құнды заттар табылған. Бір айта кететін жайт, археолог Айман Досымбаеваның пайымдауынша, мұндағы ескерткіштерде кездесетін ромб үлгісіндегі таңба әшекейліктен басқа бойтұмар ретінде қызмет атқаратын киелі сипатқа ие болған.
Міне, аталмыш тарихи нысандағы «QR» тақтаға смартфон камерасын бағыттағанымызда осындай ақпараттарға куә болдық. Қазақы шапан киген аудиогид ескерткіш туралы мәліметтерді өзіңіздің таңдауыңыз бойынша бес тілде жеткізуге қауқарлы. Бұндай «QR» тақта Шу ауданындағы ежелгі Баласағұн қалашығына да орнатылыпты. Жоғарыда аталған қосымшаның бір артықшылығы ол оффлайн режімде де жұмыс істейді. Осы орайда, қосымшаны ойлап тапқан мамандар тарихи жерлер көбінесе шалғай аймақтарда орналасқандықтан, онда ғаламтор желісі жоқтығын ескерсе керек. Рас, мобильдік қосымшадағы видеолар мен геолокациялар ғаламторсыз жұмыс істемейді. Десе де гид немесе жазбаша түрде көрсетілетін қызметтер интернетті қажет етпейді. Сонымен қатар «Taraz Tour» қосымшасын туристік нұсқаулық ретінде де пайдалануға болады. Айталық, шетелден келетін немесе еліміздің өзге аймақтарынан келген қонақтар облыс орталығындағы мейрамханалар мен қонақ үйлерді біле бермеуі мүмкін. Ал бұл қосымша арқылы Тараздағы қонақ үйлер мен мейрамханалардың тізімі және олардың ұялы байланыстары, сондай-ақ сіздің мекен-жайыңыздан қанша шақырым жерде оналасқандығы туралы ақпаратты тегін ала аласыз. Осыдан-ақ тарихи нысандарды цифрлық форматқа көшіру үшін өңірімізде бірқатар жұмыстардың атқарылғанын аңғаруға болады.
Бұдан бөлек, осыдан екі жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жобаның тізіміне енгізу үшін Жамбыл облысындағы ескерткіштердің ерекшелігі мен құндылығына қарай бірқатар тарихи нысандар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына жолданған болатын. Аталмыш орталық құрған ұлттық сарапшылар кеңесі Жамбыл облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді енгізгенін де айта кетуіміз қажет. Дәл осы киелі орындар туралы мәліметті алуды ыңғайлы ету мақсатында арнайы сайт та жасалған. «Qasietti-taraz.kz» деп аталатын сайттың негізгі мақсаты – цифрлы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, киелі жерлер туралы мәліметті ғаламтор желісі арқылы қолжетімді ету, өңірдің киелі орындары туралы ақпаратты кез келген уақытта алуға мүмкіндік тудыру болып табылады. Оған қоса, сайтта барлық киелі орындардың 3D форматы мен олардың мультимедиалық өнімдері дайындалып, Әулиеата жерінің тарихи-мәдени нысандарына қатысты ақпараттық материалдар, бейнематериалдар, ескерткіштер туралы роликтер, фотосуреттер, нысандардың виртуалдық картасы және өзге де ақпараттық дүниелер сайт контентіне орналастырылған. Ондағы цифрлы мәліметтер өз кезегінде қолданушыларға онлайн түрде қолжетімді болып, оны көшіріп алуға, сканерлеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде осы сайт арқылы облысымыздың тарихи-мәдени ескерткіштерінің танымалдылығы артып, қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Тағы бір айта кетерлігі, жинақталған материалдар негізінде Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы мен жинақ кітабы дайындалып, 3 тілде баспадан шығарылған. Оқырман қауым бұл кітаптан өңірімізде орналасқан қасиетті нысандарға байланысты аңыз әңгімелер немесе тарихи деректер мен архивтік-ғылыми құжаттар туралы толық мәлімет ала алады.
Қорыта айтқанда, тарихи-мәдени нысандарға бай Әулиеата өңірінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі жүзеге асып жатыр деуге негіз бар. Өйткені облысымызға келген кез келген турист үшін барлық мәлімет мобильдік қосымша арқылы қолжетімді болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өзге де тарихи нысандар толықтай цифрландырылатынына сеніміміз мол.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту