- Advertisement -

«Аққулар» әні немесе Шәмшінің Талас өңіріне сапары

603

- Advertisement -

(Эссе)

Әкелерімізбен соғымбасыға барған кездегі бір-бір жастықты шынтақтап жатып айтқан ауыл ағаларының қызық әңгімелері, әдемі әндері әлі күнге дейін ойдан кетпейді.
Жақында соғымбасыны шындық үшін шырылдап, қарапайым еңбек адамының қамқоршысына айналған, бірнеше ауданның мәдениет бөлімінде жауапты қызметтер атқарып, олардың халық театры атағын алуына мұрындық болған режиссер Базарбек Жолтаевтың баласы Талғат берді.
Соғымбасыға меркілік құдасы Бақытжан Артықбаев, достары мойынқұмдық Ерболат, Абай және Базарбек ағаның үзеңгілес інісі, мәдениет саласының ардагері, сырнайшы Жасан Тілеубеков шақырылған екен. Бұрын талай мереке-жиындарда, отырыстарда әндерін тыңдап, азамат ретінде құрметтеп жүретін Жасекеңді осы жолы жаңа қырынан танығандай болдық. Бәрімізді жалықтырмай ұтқыр әзіл, тапқыр ойларымен таңдандырып, жақсы тілектер арасында әндер шырқады. Айтылған әндердің шығу тарихы, қашан орындалғанын, кемшілігі мен артықшылығын саралап айтқаны отырғандарды тәнті етті. Арасында Нарша мен Серік ақынның жырларын жатқа оқып, олармен бірге жүрген кездерден естеліктер айтты.
«1989 жылы Талас аудандық шикізат дайындау мекемесінде тауар сапасы бойынша бас маман болып қызмет атқардым. Бастығым Орынбасар Әбжаппаров – әуесқой композитор, бірнеше әндердің авторы, мен де әуесқой әншімін. Соған байланысты арамызда шығармашылық байланыс орныққан, сыйласып тұрамыз. Осы жылы бастығым аудандық шикізат дайындау мекемесінің директорлығынан Ильич совхозына бас зоотехник лауазымына ауысқан.
Бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әмзебек Жолшыбеков өзіне шақырды. Бұрын райкомның кеңсесіне арнайы келген емеспін. Көбіне мұнда бюроға шақырылып, оған келген кісілер абыройсыз болып қайтатынын білемін. Тәуекел, әйтеуір бюро емес қой деп ішке ендім. Бірінші хатшының алдында отырған мосқал қазақты көріп, «арызданушы болар, дайындаушылар бірдеңе бүлдірген екен ғой» деп топшылап, бірінші хатшыға амандастым, қарияның да қолын алдым. Хатшы орнынан тұрып:
– Жасан, Шәмші Қалдаяқов ағаңды танисың ба? – деді.
Шынымды айтсам, әндерін орындағаным болмаса, бұрын-соңды көрген адамым емес, оның үстіне ол кезде атағы дүрілдеп тұрғанымен өзінің қайда жүретіні, қайда тұратыны да белгісіз еді. Әйтеуір ұзынқұлақтан Жамбылдағы Дунгановка ауылында тұрып жатыр деп еститінбіз. Алайда, әндерімен ел арасында кең танымал Шәмшіні танымаймын деп қалай айтасың?!
– Әрине танимын, Шәмші ағаны кім танымайды? – деп жауап бердім.
– Ендеше, Шәмші ағаң бұрынғы бастығың Орынбасар Әбжаппаровты іздеп келіпті, тауып берерсің, – деді.
Тапсырма алған соң, көп тұратын жағдай жоқ, Шәмші ағамен сыртқа беттедік.
– Жасан, сәл кідірші, – деген бірінші хатшы, өзі жедел түрде обкомның жиынына бара жатқанын айтып, Шәмші ағаны дұрыстап күтіңдер деп тапсырма берді.
Содан сыртта тұрған Шәмшінің сары «Жигулиіне» отырып, жанар-жағармайды лық толтырып, Қызыләуітке тарттық. Жолда Шәмші «Аққулар» әнін естіп ұнатқанын және оның авторы Орынбасар Әбжаппаровты арнайы іздеп келе жатқанын айтты.
Негізі бұл әнге менің де қатысым бар. Ақкөлдегі Қаракөз Әуелбекова деген әнші қызымыз – осы әнді алғаш орындағандардың бірі. Сырнаймен мен сүйемелдейтінмін. Әлі есімде, 1986 жылдың 16 қаңтарында Алматыдан Шона Смаханұлы ағамыз хабарласып, «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасының режиссері Лұқпан Есенов ағамызбен келісіп, осы бағдарламаның жаңажылдық қойылымына өзінің «Ана тілін ардақтайық» әнін кіргізгенін, соған орай жедел Алматыға жетуімізді сұранған.
Қаракөз, анасы Гүлсім үшеуміз пойызбен Алматыға шықтық. Таңертең Алматы-2 вокзалына түскенде тыныш сияқты еді, сәлден соң көшелерде тәртіп сақшылары көбейіп, үлкен әбігердің басталғаны байқалып қалды. Шона Смаханұлы ағамыздың үйіне тоқтап, біраз жаңалыққа қанықтық. Осы күні Орталық комитеттің пленумы өтетіні және Д.Қонаевты орнынан алатынын естідік. Ертеңіне орталық алаңға «есірткі шеккен, арақ ішкен қазақ жастары жиналып, тәртіпсіздік әрекеттер жасап жатыр» деген хабар тарап кетті, студияға барамыз деген жоспарымыз быт-шыт болды. Қаракөздің анасымен бірге Шонаның үйінде жатырмыз. Көшеге шығармайды, телевизор өшкен. Ағамыздың түрі түтігіп кеткен, өзі сабырсыз кісі, тыпырлап үйге сыймай кетті. Әлден соң «Мен Лұқпанға барып мән-жайды білемін», деп кеткен. Содан қас қарайғанда бір-ақ оралды. Бұрын-соңды болмаған сұмдық басталғанын, Брежнев алаңында қазақ жастары мен тәртіп сақшыларының арасында қақтығыстар болып жатқанын айтты. Пойыз қатынасының тоқтатылғанына байланысты елге де қайта алмай, 23 желтоқсанға дейін Алматыда қалдық. Шамамен сол күні болу керек, Сәтбаев көшесіндегі телестудиядан әнімізді жазатын болды деген хабар алып, «Тамаша» бағдарламасына келдік.
«Анамның тілі» деген әнді естіген Лұқпан аға:
– Бұл әнмен бізді шығармайды, айып етпеңдер, ән жақсы, бірақ дәл қазір орындау бәрімізге қауіпті, – деп үзілді-кесілді бас тартты.
Сол жерде бізді шақыртып, осы тірліктің бастамашысы болып жүрген Шона ағамыз:
– Лұқпан, мына қыздың бетін қайтарма, репертуарында басқа да әндері бар, соның біреуін жазайық, – деп қолқа салды. Лұқпан да қоштап, «Жарайды, бір ән орындап көріңдер» деген соң, мен сырнаймен сүйемелдеп, Қаракөз жаңадан ғана шыққан «Аққулар» әнін шырқады. Ән де, әннің талантты ақын, марқұм Серік Томанов жазған мәтіні де Лұқпан ағаға бірден ұнады. Тіпті қуанып:
– Сендердің аққуларың әлі Қазақстанды айналып ұшатын болады, – деп батасын берді.
Әнімізді жазып, 24 желтоқсанда елге қайттық. Жаңа жыл қарсаңында «Тамаша» бағдарламасы «Аққулар» әнінің тұсауын кесті.
Лұқпан айтқандай, бұл ән біздің облысқа ғана емес, бүкіл Қазақстанға таралды, орындаушылары көбейді. Осындай қызық тағдыры бар ән авторы Орынбасар Әбжаппаровтың ауылда екенін естіп, бірден үйіне келдік. Жұмысы ауысқалы көрмеген бастығым әрі шығармашылық әріптесімді тосын сыймен қуантқым келіп, үйге кіре беріп:
– Ореке, сізді Шәмші Қалдаяқов іздеп келіп тұр, – дедім.
– Әй, Жасан, енді сен менімен қалжыңдасайын дедің бе? Шәмшің не, ол кісі мені неге іздейді екен? – деп бастығым шамданып қалды. Мен де тосылып қалдым да:
– Ореке, қалжың емес, шыным, сенбесеңіз қараңыз, – деп терезені нұсқап едім, көлігінің әйнектерін сүртіп жатқан Шәмшіні көрген Орынбасар қалбалақтап сыртқа жүгірді. Шәмші ағамен төс қағыстырып амандасып, үйге кіргізді. Мал сойылды, қазан көтерілді, Қызыләуіт ауылында өнер мейрамы басталып кетті. Шәмші ағамыз туралы айтатындар мен жазатындар ол кісінің ішкен-жегенін әңгіме етуші еді. Шәмші ағамыз там-тұмдап тамақ ішкенімен, арақ-шарапты татып алмайды екен. Бәріміз сол кісінің ережесін кабылдадық. Орекең үйдегі телефонмен Ақкөл ауылындағы аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы Әбдірахман Әбдірәсіловке қоңырау шалып, сонда тілші болып істейтін жергілікті ақын Серік Томановты шақыртты.

Әуені болып жаңа әннің,
Жетейін саған, жан аға!
Сағынған да болармын,
Сыя алмай үлкен қалаға.

Қалада өзім жүргенмен,
Далада менің бар ойым.
Сағынып шығып бұл жерден,
Сабылып тағы барайын.

Тірлікке күйкі қарама,
Тұрмыс та билеп кетпесін.
Санаңда сенің, жан аға,
Сағыныш қана көктесін, –

деп Ақкөлден Серік жетті. Сонымен өнер мейрамы жалғасты. Түнімен әңгіме-дүкен құрып, ән айтылды, өлең оқылды. Ертесіне Шәмші аға асығыс екенін айтып, қайтпақшы болған. Кішкентай ауыл құлақтанып қалған екен, ауыл ақсақалы Әбдіқалық Мүсірбеков бір топ қариялармен келіп: «Әй, Шәмші, сен жалғыз Орынбасардың қонағы емессің! Елдің, халықтың қонағысың, бұның не, тым-тырыс кетіп бара жатқаның. Елдің сыйын көріп, дәмін татпай қайтпайсың», деп кесіп айтты. Ақсақал сөзіне ешкім қарсы уәж айта алмады, ауыл тұрғындары мектеп клубына жиналып, кішігірім кездесу жасап, Шәмші әндерінен концерт бердік.
Мен екі сағат сырнаймен Шәмшінің әндерін орындадым. Ара-арасында Серік арқаланып өлеңдерін оқыды. Концерттен соң Әбдіқалық ағамыздың үйінен басталған қонағасы бірнеше үйде жалғасып, түн жарымында үшеуміз Орынбасардың үйіне келдік. Жатар алдында Шәмші аға:
– Жасан, менің «Теріскейімді» Нұрғали Нүсіпжанов ағаң жақсы орындап жүр. Бірақ ол кісі шалғай аудандарға шыға бермейді ғой. Саған өтінішім, осы әнді сен орындап, таратшы елге, – деді.
Жаңа шыққан ән болған соң репертуарымда бар болатын, концертте орындағаным Шәмші ағаның көңіліне қонған сияқты.
– Шәмші аға, рахмет. Өте қуаныштымын сеніміңізді ақтаймын, – дедім де, баянымды алып «Теріскейді» орындап бердім.
Сәлден соң тыныш отыра алмайтын Серік:
– Шәмші аға, ел сізді ішкіш дейді. Сол туралы бір өлең оқығым келіп отыр, – дегені.
Шәмші жымиып бірнәрсе айтуға оқталғандай болып еді, асау Серік шашты артқа сілкіп тастап, жауап күтпестен өлеңін бастап кетті.

Сескенемін мен неден,
Сәл болса сөз сөйлер шын.
Ішкенімді көрген ел,
Ішіп кетті дей берсін.
Бір жағынан күлкілі,
Бір жағынан пайда бар.
Өсек өсіп бір күні,
Аңызға да айналар.

О, көрерсің сонда сен,
Мына менің даңқымды.
Биіктеймін, демде өсем,
Көп күңкілдер арқылы.

Көбейсін де күңкілдер,
Өркендесін өсектер.
Өспес пе едім, мүмкін мен,
Сөз етпесе есектер.

Қарқылдап риясыз күліп алған Шәмші:
– Керемет! Әй, сен, сәл жұқалығың болмаса, даусың, екпінің, тіпті сарылығың да Мұқағалиға келеді екен, – деп Серіктің өлеңіне ризашылығын білдірді. Мұқағали ақынмен бірге жүрген күндерінен әңгімелер айтты. Осындай елден ерек үш таланттың кездесуі шалғайдағы шағын ауылда өтіп жатты.
Үшінші күні Шәмші ағамызды шығарып салмақшы болып, Ақкөлдің жағасына бардық. Суы тартылып, кей жерлері сортаң тартқан көлді көріп, Шәмші қатты қиналды. Сол кезде экологиялық мәселе барлық жерде қиын, су тапшылығы Шәмшінің елінде де едәуір проблемаға айналған кез. Кенет Шәмші ыңылдап «Аққуларды» айтып тұрды да, Орынбасарға қарап:
– Тез арада аққуларды көлге қайтару керек, – деп қойып қалды. Бәріміз аң-таңбыз. Қалжыңқой Серік:
– Мен өлеңді қайта жазып, қайтарайын оларды, – деп қоштап кетті.
Осы жерде Шәмші ағамыз өзінің академиялық музыкалық талантын көрсетіп, Орынбасардан ән композициясының соңғы қайырмасында созылып аққулардың қоштасып көлден ұшып бара жатқан сәтін білдіретін ырғақ динамикасын қысқартып, аққуларды қондыруға келетін қысқа ырғақпен ауыстыруын сұрады. Суалған көл орнындағы сортаңдарға қарап ойланып тұрып, «Аққулар қайтса, су да қайтады», деп бізге жымиып қарап қойды.
Әрине, ол кезде біз бұл сөзге мән берген жоқ едік, арада көп уақыт өтпей 1991 жылдың көктемінде Ақкөлге көп жылдан бері жоғалып кеткен су келді, ойда орналасқан Ақкөл ауылын топан су алып кете жаздап, ел қырға қашты. Ең бастысы, балықшылар Ақкөлде аққулар пайда болғанын айтып жүрді.
Көп ұзамай, 1992 жылы ақпанда Шәмші аға өмірден озды. Әрине, ол кезде сазгердің атақты «Менің елім» әні тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны болатынын ешкім білген жоқ. Міне, ұлы адамның тылсым құдіреті», деп әңгімесін аяқтаған Жасан «Аққулар» әнін әуелетті.
Бәріміздің көз алдымызға тербетілген Ақкөл көлінің толқындары арасында қалықтап жүрген қос аққу елестеді.

Әбиірбек ҚОНЫСБАЕВ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support