- Advertisement -

Ауылдың айтқыштары

51

- Advertisement -

«Үйіңде де осылай жейсің бе?»

Менің Шүңірек атам көкпаршы, мерген, құсбегі болған кісі екен. Шешендігі, аңғалдығы өз алдына бір хикая. Әкем Мәдіханның ауылдық кеңеске төраға болып тұрған кезі. Ауылға аудандық атқару комитетінен уәкіл келіпті. Қанттың, азық-түліктің тапшы кезі. Түскі ас біздің үйден беріледі. Әлгі уәкіл қомағайлау көрінеді. Бір қантты шайына салып, бір қантты тістеп жеп отырса керек. Сонда шыдамы әбден таусылған Шүңірек атам:
– Әй, қарағым, уәкіл жолдас. Қантты үйіңде де осылай жейсің бе? – деген екен.

«Біздің келіннің қызыл көрпесі»

Ауылдық кеңеске қызыл мата келеді. Қызыл матамен ұрандарды жазып жататын кез ғой. Мата деген тапшы. Анамыз Жәмила мектепте мұғалім және тігінші. Түрлі ою ойып, көрпе тігіп, сырмақ сыра беретін. Анам әлгі қызыл матаның қалдықтарынан, қиындыларынан көрпе құрап қойса керек. Бір күні ауылға тағы да ауданнан уәкіл келіп, түсте атамызбен дастархандас болады. Әңгіме қызған уақытта Шүңірек атам:
– Ауылдық кеңеске қызыл мата келген екен. Жәмила келінім сол матадан әдемілеп көрпе тігіп алды, – деп әңгімені сапырып отыр дейді. Ауылдық кеңестің төрағасы Мәдіхан әкем:
– Уәкіл жолдас, ол матаның жарамсыз қиындылары болатын. Оның да құнын шығарып, ақшасын төлегенмін, – деп ақталыпты. Уәкіл кеткен соң атам:
– Қайдан білейін, аңғал басым, келінімнің ісмерлігін, шебер тігінші екенін айтып, мақтанғым келіп еді, – деп аңғалдығын жуып-шайғаны бар.

«Оқытып нең бар?»

Анамыз бірнеше баланы өсіріп, жеткізді. Әкеміз Мәдіхан өмірден ерте озды. Үлкен ағам мен әкемнің кенже қарындасы түйдей құрдас еді. Анамыз өз баласын кейінге қалдырып, әлгі қайын сіңлісін оқуға түсіріп жібереді. Сонда Шүңірек атам келініне риза болып тұрып:
– Айналайын келінжан, біреудің болашақтағы келінінде нең бар (қыз жат жұрттық дегені), оқуға түсіріп!? Одан да өз балаңды түсірмедің бе? – деген екен.

Асылхан Шүңіреков,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support