- Advertisement -

Тәуелсіздіктің қуатты тірегі

61

- Advertisement -

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз – тәуелсіздік, егемендіксіз – тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырдан астам уақыт болды. Мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды.
Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Елбасы жыл сайынғы халыққа Жолдауында да басым бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуды басты назарға ұстап келді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.
1989 жылы алғаш рет Тіл туралы заң қабылданғаннан кейін халқымыздың арасында және өзге ұлт өкілдері арасында ана тілімізге күрт бетбұрыс болып, балаларды қазақша балабақшалар мен мектептерге беру едәуір қарқын алғаны мәлім. Елбасы Н.Назарбаев келешек жастардікі деп үлкен сенім артып отыр.
Иә, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ол Ата Заңда жазылған. Оны мойындап, мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту, бір сөзбен айтқанда ғылым, білім, техника тілі дәрежесіне жеткізу – бізге міндет, ұрпаққа парыз!
«Көш – жүре түзеледі» дегендей, бәрі де түзелер деп жүре бермейік. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» демей ме, дана халқымыз. Олай болса, ананың ақ сүтімен бойға сіңген асыл қазынамыз, өз ана тілімізде сөйлеу – басты парызымыз екенін ұмытпай, туған тіліміздің тағдырын да ойлағанымыз жөн болар. Ата-анамыз бізге, болашағына үлкен үмітпен қарайды.
Қазақ болып туғаннан соң бөбегім,
Қазақ болып өлген жақсы түбінде, – дегендей, бабаларымыздан жол тартқан асыл мұраны сақтап, өркендету біздің міндет.
Жасай бер, бостандық, махаббат пен достық тілі – қазақ тілі!

Гүлмира ДҮЙСЕБАЙҚЫЗЫ,
№8 Төле би атындағы гимназияның қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support