Адам құқығын қорғаудың жаңа мүмкіндіктері

2018 жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Бұл Заң (кейбір нормаларынан басқа) негізінен 2019 жылдың 3 ақпанынан бастап күшіне енді.
Мемлекет басшысы 2018 жылдың 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жоғарыда аталған мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Ресми статистикаға сәйкес 2018 жылы 2016 жылмен салыстырғанда республика бойынша соттардың жүктемесі 2,5 есеге артып кеткені анықталған (1,7 миллионнан 4,5 миллионға дейін азаматтық істер мен материалдар). Осы 4,5 миллион іс пен материалдардың 3 миллионы сот орындаушыларының санкциясы, 231 мың сот бұйрығы.
Бұл ретте сот орындаушыларының көптеген санкциялары мен сот бұйрықтарының басым бөлігі даусыз болған. Статистика бір судьяға күніне 4-6 азаматтық істі, сонымен қатар сот орындаушылардың 60-70 өтінішін қарау қажеттілігін көрсетті. Мұндай шектен асқан үлкен жүктемелік уақыт тапшылығын туғызып, судьялардың даулы істерді сапалы қарауына мүмкіншілік бермейді.
2018 жылы Жоғарғы Сот аталған мәселелерді шешу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізді, оған елдің барлық заң қоғамдастығы, оның ішінде прокуратура, адвокаттар мен барлық деңгейдегі судьялар тартылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижелерін қорытындылай келе, кейбір заңнамалық актілерге түзетулер ұсынылды, оның ішінде соттардың жүктемесін оңтайландыру, судьяларды шын мәнінде дауы бар істерді қарауға бағыттау, даусыз істер мен материалдарды нотариат, татуласу, медиация институттары арқылы баламалы тәсілдермен және құралдармен қарау ұсынылды.
Нәтижесінде қабылданған заңға сәйкес соттардың қарауына тек азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты қаулыларды санкциялау – республикадан тыс жерлерге шығуды шектеу және сот орындаушыға келуден жалтарған адамдарды алып келу ғана қалдырылып, бұдан басқа сот орындаушылардың қаулыларын санкциялау прокуратура құзіретіне берілді. Енді прокуратура борышкердің мүлкіне тыйым салу, банк құпиясы, ақша, банктердегі мүлік туралы мәліметтерді талап ету және оларға тыйым салу жөнінде санкция бере алатын болады. Осы бөлікте түзетулер заңның ресми түрде жарияланғанынан кейін 3 ай өткен соң күшіне енеді.
Заң сондай-ақ атқарушылық жазбалар институтын дамытуға да бағытталған. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің бұрынғы редакциясындағы 135-бабы бойынша бұйрықтық өндірісімен қаралынып келген 9 талап енді ағымдағы жылдың 3 ақпанынан бастап нотариустардың айрықша ведомстволық бағыныстылығына берілді. Атқарушылық жазбалар негізінен мынадай берешекті өндіріп алу жөніндегі даусыз талаптар бойынша жүргізіледі:
1) нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы;
2) орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, оның ішінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен өндіріп алушыға жіберілген наразылыққа жауапта мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы;
3) нотариус жасаған, төлем жасалмауына, акцептінің болмауына және акцепт күнінің белгіленбеуіне вексель наразылығына негізделген міндеттемені орындау туралы;
4) лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету туралы;
5) ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану туралы;
6) қосымша шығыстарды өндіріп алу туралы талаптарды қоспағанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтаратын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы;
7) төлеу мерзімі басталған, жария шарттар негізінде нақты тұтынылған көрсетілетін қызметтер (электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және басқалары) үшін, сондай-ақ өзге де шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті өндіріп алу туралы;
8) жалдау төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты өндіріп алу туралы;
9) жұмыскерге есепке жазылған, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алу туралы.
Сонымен қатар жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізуден азаматтық істердің 10 санаты бұйрықтық өндірісіне берілді. Бұл тараптардың келісімдеріне негізделген талаптар. Заң бірнеше түзету топтамаларын қамтиды, олардың бірі меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл заңмен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде оның құнын тең бағамен өтеу нормасы жүзеге асырылатын болады. Осы уақытқа дейін алып қойылатын жер учаскесінің құны кадастрлық баға не азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көзделген құн бойынша айқындалып келгені баршамызға аян. Әдетте, бұл бағалар олардың нарықтық құнына сәйкес келмей, меншік иелері мен жер құқығын пайдаланушылардың орынды наразылықтарын туғызып келген болатын.
Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес меншік иелерінің жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін оның нақты құнына мөлшерлес нарықтық құны бойынша ғана алынатын болады. Осындай өтеу тәртібі басқа жер учаскелерінің меншік иелерінен сатып алынған немесе сот шешімдерімен берілген кезде де белгіленген. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару жекеменшіктегі немесе жер пайдаланудағы (мемлекеттен сатып алынған немесе сатып алынбаған жер пайдалану құқығымен) жер учаскесіне қатысты жүзеге асырылады. Жер пайдалануға берілген жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару, егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алған болса, жер пайдалану құқығын сатып алғаны үшін төлемақы құны жер пайдаланушыға өтеле отырып жүзеге асырылады, сондай-ақ оның қалауы бойынша Жер кодексіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
Егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, оған Жер кодексіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орнына басқа жер учаскесі берілуі мүмкін. Бұл ретте жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылған кезде жер пайдаланушыға шығынды өтеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен толық көлемде жүзеге асырылады.
Мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің нарықтық құнын тәуелсіз бағалаушы мүлікке бағалау жүргізу күніне айқындайтын болады. Бағалау нәтижесімен келіспеген жағдайда меншік иесі «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңға сәйкес сотқа не сараптама кеңесіне шағымдануға құқылы. Бұл ретте енді заң бойынша меншік иесінде баламалы тәуелсіз бағалау жүргізу және оның қорытындыларын келісу рәсімдері шеңберінде әкімге ұсыну мүмкіндігі пайда болды. Осыған байланысты «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 62-1-69-баптарына, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабына сәйкес тиісті өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, онда банктік қарыз шарттары бойынша банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға тыйым салынды. Ипотекалық қарыздар бойынша 180 күн өткен соң есептелген сыйақыны алуға тыйым салу енгізілуде. Бұрын мұндай тыйым тек тұрғын үй ипотекасына ғана қолданылған, қазір осындай тыйым барлық ипотекалық қарыздарға – пәтерді сатып алудан жер учаскесін сатып алуға дейін енгізіледі. Түзету қаржылық қиын жағдайға тап болған қарыз алушыны оның борышының жасанды ұлғаюынан қорғауға мүмкіндік береді.
Салық кодексінде, «Неке және отбасы туралы» Кодексте және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңда алименттік төлемдер үшін ашылатын арнайы шоттардан кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақшаны өндіріп алуға жол берілмейтіндігі қарастырылған. Заң сондай-ақ қарыз алушы-борышкердің банктік шотынан оның берешегін төлеу есебінен ақша алуға шектеу енгізеді, оған сәйкес оның шотында бір айлық ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең сома қалуға тиіс. Бұл норма қиын қаржылық жағдайға түскен қарыз алушы жеке тұлғаларды әлеуметтік қорғауға бағытталған.
«Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңда борышкердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті өз бетінше сатуы үшін үш ай мерзім белгіленген, оның мүмкіндігі бұрын болмаған, яғни қарыз алушылар бұрын осындай мәселелер бойынша банкке жүгінуге құқығы болған, бірақ кепілге салынған мүлікті бірлесіп өткізу тетіктерін өз бетінше айқындау рәсімі заңнамалық түрде көзделмеген болатын. Бұл түзету кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке тұлғалар мен несиелерге ғана қатысты екеніне назар аудару қажет. Заңға енгізілген түзетулер азаматтарға кепілге салынған мүлікті нарықтық, яғни оны сату кезінде тиімді баға бойынша өз бетінше сатуға құқық береді.
Жекелеген өзгерістер «Арбитраж туралы» Заңды қолдану тәжірибесіндегі мәселелерді шешуге бағытталған, онда заңнаманы халықаралық актілердің ережелеріне сәйкес одан әрі келтіру ұсынылады.
Түзетулердің тағы бір топтамасы экономикалық және салықтық қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіруге және осыған байланысты салық заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін ұлғайтуға бағытталған.
Осы жоғарыда аталған заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде азаматтық процесте даусыз талаптарды шешудің жаңа құқықтық құралдары пайда болды. Мұндай талаптар бойынша сотқа жүгіну қажеттігі жоққа шығарылды, бұл бұрын әрдайым уақытты жоғалтумен, ақшалай шығындармен, тараптар арасында қалыптасқан өзара қарым-қатынасты бұзу қаупімен байланысты болып келген.
Жалпы қорыта айтқанда қабылданған Заң азаматтарымыздың бұзылған құқықтары мен мүдделерін қорғауда жаңа мүмкіндіктерді туғызып отыр.

Жомарт РҮСТЕМБЕКОВ,
облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Comments are closed.

микро займ на карту