- Advertisement -

Зағиптар да кітап оқиды

125

- Advertisement -

Осыны көргенде екі көзі шырақтай жанған замандастарымыздың кітапханаға аяқ баспайтынына жаның ауырады

«Балалығың, жастығың, даналығың, қайнайды екен шымырлап шығармаңда…» деп, пайымымен жұртты ұйытқан, парасатты сөз киесі қонған інісіне арнаған өлең жолдарында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова осындай тіркестер қолданған. Ал мұндай қайнаған шығарманы оқығаннан гөрі жүрекпен сезіну әлдеқайда ыстық. Мұны сіз бен біз біле бермесек те, оны түсінетін ерекше қасиетке ие жандар бар арамызда.

Адам айналасындағы ақпараттың 90 пайызын көру арқылы алса, тек 10 пайызын басқа дене мүшелері арқылы сезінеді екен. Біздің меңзеп отырғанымыз да аз мүмкіндікті місе тұтқан осы бір азаматтар. Себебі зағиптар дауыстап оқылған шығарманы естіп немесе өздеріне арналған бедерлі кітаптарынан сипап, жүрек қылынан өткізеді. Айналасын бір көру арман болса да, олар табиғатты сүйеді, көркем әлемді және жан тазалығын жақсы көреді. Ал жан тазалығы баршаға қалай ортақ болса, іңкәрлікті қажет ететін әдебиет те сондай. Осыны ескерген облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында аталған мекеме мен облыстық кино орталығы бірігіп жазушы, журналист, облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының асқаралы 60 жасына арнап кеш ұйымдастырды.
Кітапхана директоры Айгүл Оразқұлова «Біздің өлкенің мақтаныштары» атты тақырып аясындағы әдеби-сазды кездесудің мақсатын түсіндірді. Өйткені мұнда шақырылғандардың басым бөлігін зағип оқырмандар, «Қазақ соқырлар қоғамының» қызметкерлері, соқыр және нашар көретін облыстық «Болашақ» мектеп-интернатының ұстаздары мен 8-11-сынып оқушылары құрады.
– Көсемәлі аға, әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өзінше бағамдап жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу – ол кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке қанша ғұмыр кешкенімен, жете алмай кеткендер де жоқ емес. Ал жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі 60 жасқа алып келді, – деген Айгүл Мейманқұлқызы жүрекжарды лебізін әрі қарай өлеңмен әдіптеді.
Іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлының 1959 жылы 3 ақпанда Талас ауданы Аманкелді ауылында дүниеге келгендігі айтылып, қалам иесінің еңбек жолы мен шығармашылығы таныстырылды.
Рас, Талас – мәдениет пен әдебиет майталмандары, небір дүлдүлдерді дүниеге әкелген өңір. Ел арасында «өлкеге өлең түнеп кетті» деген пікір де бар. Тәуелсіздікті арман еткен өршіл рухты Ақтамберді, қайым айтыстың хас шебері Ұлбике ақын, әйгілі Бөлтірік шешеннің Таластан шығуы осы сөздің тегін айтылмағандығын аңғартса керек.
Жазушы болу оңай емес. Әсіресе баспасөздің қазанында қайнап, оның ыстығы мен суығына күйіп жүріп, арасында уақыт тауып, көркем шығарма тудыру – екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Осынау өмір жолында белсенді еңбек ете жүріп, көптің көкейінен шығу да үлкен абырой. Сөз иесі бұл орайда олжасыз емес. Көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері. Талас ауданының және Тараз қаласының Құрметті азаматы. Кейіпкердің ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бейнетүсірілім арқылы да жиылған қауым назарына ұсынылды. Онда белгілі қаламгерлер Болат Бекжан, Бақытжан Советұлы, Үміт Битенова мен Нұржан Қадірәлі жазушы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.
Еңбек жолы алғаш рет құрылысшы болудан бастаған Көсемәлі Сәттібайұлы 1988 жылы «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» атты ертегі-хикаятымен «Жалын» баспасының жабық бәйгесіне қатысып, екінші жүлдені иеленеді. Содан бері сөз зергерінің әр жылдары «Шеткері үйдің жарығы», «Бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде», «Тараздан тәбәрік», «Шындыққа… қызығамын, Шындықты… аяймын», «Сайқымазақ дүние», «Шарбақтының жалғызы», «Аран», «Шың мен Шынар» және «Хауа-Ананың көз жасы» атты көркем және публицистикалық кітаптары жарық көріп келеді. Сондай-ақ «Бастау», «Қазақ балуандары», «Елбасы», «Кәусәр бұлақ» және басқа да ұжымдық жинақтарға әңгімелері, ертегілері, хикаяттары мен эсселері енген.
Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің бірнеше дүркін жүлдегері Көсемәлі Сәттібайұлы – Қазақстан Жастар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының да лауреаты. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, 2014 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған.
– Қасиетті өлкемізде елге адал қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің шығармаларын насихаттау, олардың еңбек, өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі тұтып, әрқашанда ардақтау игі шараларға оқырмандарды көптеп тарту арқылы жүзеге асырылады. Біздің кітапханада тифлология бөлімінде тифло-редактор Ербол Бегимов «Сайқымазақ дүние» атты кітабыңызды бедерлі нүктелі қаріпте басып шығарды. Мұндай дүние еш жерде басып шығарылмайды. Біздің басқа кітапханалардан ерекшелігіміз де осы.
Біз жылда өлке мақтаныш-тарының мерейтойларына арнап бедерлі нүктелі қаріпте басып шығарылған бұл кітаптарды аудандағы және «Болашақ» мектеп-интернатына мүмкіндігі шектеулі зағип оқырмандар да таныссын деген мақсатта сыйлыққа тартамыз. Сіздің бұл шығармаңыз да қалыптасқан дәстүрімізге сәйкес тарту етілмек, – деген кітапхана қызметкері Майя Әзімкұлова жазушының туындыларына шолу жасады.
Келесі кезекте кездесуге келген балалар қаламгерге «Ең тәтті кезең балалық дәуреніңіз қалай өтті? Ол шақта кітапқұмар ма едіңіз? Сіздің қалам ұстап, шабыт тұлпарына мінуіңізге не түрткі болды? Ең алғашқы жазған туындыңыз қандай? Шығармашыл тұлғаның көбі көңіл-күйдің адамы дейді. Ал сіз қандайсыз?» деген сұрақтарын қойып, жауабын алды. Ауылдың басқа да қарадомалақтары тәрізді өскен болашақ жазушының сөзге деген құштарлығын ең әуелі байқаған Есалы Қырықбаев ағайы болса, ең алғаш сатып алған кітабы – мектеп асханасына бірнеше күн бармай жүріп «тірнектеп» жиған ақшасына қол жеткізген Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» екен.
Кездесу барысында ұшқыр ой мен жүйрік қалам иесінің образын жан-жақты ашуға тырысқан кітапхана қызметкерлеріне өлең түнеген өлкеден шыққан мерейтой иесі өз алғысын жеткізді. Әдеби-сазды кеш тұрақты оқырмандар Әнуарбек Утелов, Махмұд Пірманов пен Сағымкүл Шадырқұлованың өнерімен өріліп отырды. Аталған азаматтардың құйқылжыта салған әндері құлақтан кіріп бойды алса, «Балдәурен» тобының мың бұралған қыздары биден шашу шашты.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support