- Advertisement -

Головкиннен күтер жеңісіміз мол

43

- Advertisement -

Орта салмақ дәрежесіндегі әлемнің экс чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкиннің кәсіби мансабы туралы дәл қазір нақты болжам айту қиын. Өйткені мамандар сан түрлі пікірлерді жаудырғанымен, Геннадий Головкиннің өзі әзірге ресми түрде нақты мәлімдеме жасап отырған жоқ. Дегенмен соңғы деректер қазақстандық боксшының әлем чемпионы атағына таласуына мүмкіндік туғанын растайды.
Отандасымыз WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салуы ықтимал. Бүгінде аталмыш ұйымның чемпионы америкалық Деметриус Андраде екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Гена мен Андраде арасында өтуі мүмкін шайқас туралы бүкіләлемдік бокс ұйымының президенті Франциско Валькарсель өз ойын жеткізді. «Біз чемпиондық белбеуге таласу үшін іріктеу жекпе-жегін өткіземіз немесе Геннадий Головкинді Деметриус Андрадеге негізгі қарсылас ретінде белгілейтін боламыз. Бұл сұраққа жақын күндері нақты жауап табамыз», – деді ол.
Кәсіби мансабында бүгінге дейін Геннадий Головкин WBA (super), WBC, IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған болатын. Головкинге кезінде абсолютті чемпион атануға тек осы бүкіләлемдік бокс ұйымының белбеуі ғана жетпеген-ді. Енді аталмыш тұжырым бойынша чемпиондық белбеуді белге тағуға мүмкіндік туындайтын секілді. Негізі Андраде ұлыбританиялық Билли Джо Сондерспен қолғап түйістіруге тиіс еді. Алайда ағылшын боксшысы екінші орта салмақ дәрежесіне көтерілді. Соның нәтижесінде Геннадий Головкин бүкіләлемдік бокс ұйымының жаңартылған рейтингінде көш бастады.
Бүгінгі таңда бокс жанкүйерлері Головкин мен Андраде арасындағы жекпе-жекті күтіп жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әрі осынау шайқас ұйымдастырылып, қазақстандық боксшы жеңімпаз атанса, мексикалық Сауль Альварес пен америкалық Дэниел Джейкобс арасында өтетін кездесудің жеңімпазына қарсы шаршы алаңға шығып, әлемнің абсолютті чемпионы атануға күш салады. Дегенмен бұл жерде де бір кедергі көзге түседі.
Геннадий Головкин WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына негізгі үміткер ретінде таңдалса, ол аз ғана сыйақы үшін жұдырықтасуы керек. Өйткені ережеге сәйкес әлем чемпионы шайқастан түсетін қаржының 75 пайызына, үміткер 25 пайызына ие болады. Танымалдылық жағынан Головкиннің бәсі жоғары екенін ескерсек, оның мұндай пайыздық бөлісуге келісе қоюы екіталай. Алайда бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Деметриус Андрадеге тәуекел етуі ықтимал. Ол үшін америкалық боксшы сыйақыны кем дегенде теңдей бөлісуге келісім беруі керек шығар. Андраде мұндай қадамға бара алады ма, әлде Головкин аз ғана сыйақы үшін чемпиондық жекпе-жекке шығады ма? Оны енді уақыт көрсете жатар…

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support