- Advertisement -

Батамен ел көгерер

87

- Advertisement -

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ардагерлер орталығы» ғимаратының мәжіліс залында «Батамен ел көгерер» атты республикалық батагөйлер байқауының облыстық іріктеуі өтті. Байқауға Тараз, Шу қалаларынан және барлық ауданнан 12 ақсақал қатысып, үздіктерді анықтады.

Байқау тарихта есімдері қалған белгілі тұлғалардың баталарын жатқа айту, жеребе тарту арқылы ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты бата беру, халқымыздың салт-дәстүріне байланысты әділ-қазылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беру секілді үш кезеңді құрады. Алғашқы кезеңде байзақтық Күнтуған Ақназаров Қазыбек бидің, мойынқұмдық Бердіғұл Бласов Бұхар жыраудың батасын жатқа айтып ерекшеленді. Шу ауданының үміткері Жайлаубек Қалиев Төле бидің жеті жасар Жетеске берген, Шу қаласынан келген Қамбар Қыздарбаев Сүйінбайдың батасын айтып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Тараздық Тойлы Исабеков Д.Қонаевтың батасын терең білетінін танытса, жуалылық Аманжол Дүрәліұлы Шөженің батасын жатқа айтты. Жамбылдық Орынбай Рысбаев өз кезегінде Әбдіжәміл Нүрпейісовтің батасын жұртшылық назарына ұсынды. Құландық Болат Махаметкерімов, қордайлық Асық Уәлиев, таластық Майыр Тұрсынбековтің баталары да көңілден шықты.
Екінші кезеңде де аталар байқау шартынан сүріне қойған жоқ. Жамбылдық Орынбай Рысбаевтың:
«Жердей төзімді бол, бұлақтай таза бол.
Айтқаным келсін, еліміз әлемдегі
озық 30 елдің қатарына енсін» деген батасы көпшіліктің қолдауына ие болса, 87 жастағы қордайлық Асық Санбайұлы ақсақалдың:
«Құтты болсын қадамың,
айналайын келінжан,
ашық болсын қабағың.
Дақ түсірме арыңа,
мәңгілік бол жарыңа.
Болыңдар ақ некелі,
ақ некелі жарыңнан,
айырылма екі елі» – деп әдемі бата бере білді. Дегенмен бұл бөлімде бірқатар үміткерлердің дайындығы төмен екені байқалды. Асқа және жастарға берілетін бата бірнеше мәрте қайталанды. Үшінші кезеңде де ақсақалдар қазылар тарапынан берілген сұрақтарға мүмкіндігінше жауап берді. «Көңіл айтудың мәні қалай?», «Теріс бата туралы не білесің?», «Кімдерге бата беруге болмайды?», «Батаны кімдер береді?» деген секілді сұрақтарға мүдіре қоймады. Қазылар алқасын облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібаев басқарса, құрамында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, ақын Үміт Битенова, ардақты ақсақал Нұрмахан Тілегенов, журналист Сапарғали Әлібаев, құсбегі Жапар Сатылғановтың болуы байқаудың маңызы жоғары екенін білдіреді.
Аталардың бата сайысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Қазылар алқасының төрағасы Жандар Кәрібайұлы жүлдегерлерді анықтау оңайға соқпағанын айта келіп, қазыналы қариялардың шеберлігіне, жақсы дайындықпен келгеніне тоқталды. Байқаудың бас жүлдесі Жамбыл ауданының үміткері Орынбай Рысбаев ақсақалға берілсе, жуалылық Аманжол Дүрәліұлы жүлделі бірінші орынды иеленді. Т.Рысқұлов ауданынан келген Болат Махаметкерімов ақсақалға екінші жүлде берілсе, қордайлық қария Асық Уәлиев үшінші жүлдеге қол жеткізді. Байқаудың жеңімпазы 13 наурызда Атырау қаласында өтетін республикалық «Батамен ер көгерер» батагөйлер байқауында облыстың намысын қорғайтын болады.
Байқаудан соң «Ғибрат» ұлттық орталығында ардагерлерге арналып дастархан жайылды. Жиында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз сөйлеп, қазына кеуде аталардың еңбектеріне алғысын білдіріп, мұндай тәрбиелік мәні жоғары баташылар байқауын облыста жиі өткізу қолға алынатынын айтып өтті. Сондай-ақ Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Ерғали Тілеубеков Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының атынан сөз сөйлеп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевты «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттаса, жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына да 60 жылдық мерейтойына орай құрмет көрсетті.
Сондай-ақ Жуалы ауданының өнерпаздары дайындаған «Тамыры терең, тарихы ерен Жуалы» атты концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support