- Advertisement -

Ел бірлігінің алтын діңгегі

59

- Advertisement -

Мемлекеттік бағдарламада көзделген негізгі бағыт облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеруін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар атқарылды. «Мағжан оқулары», «Текті сөздің төресі – терме», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», «Тәлім ал сен де өлеңнен», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқаулары және мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерімен кездесу, «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық жастар форумы және өзге іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 99 пайызды құрады.
Елімізде азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейі «Қазтест» жүйесі арқылы анықталады. Мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі 90,9 пайызға орындалды. Қазақ тілін В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесін арттыру мақсатында облыстағы орыс тілінде білім беретін мектептердің қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетілді.
Басқарма тарапынан ақпараттық технологиялардың енгізілуіне, интернет-технологиялар мүмкіндіктерінің кеңінен пайдаланылуына ерекше мән беріледі. Онлайн режімінде қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып ұйымдастырылған мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралардың 75 пайызы онлайн режімі арқылы жүзеге асырылып, жоспарлы меже орындалды.
2013 жылмен салыстырғанда, өткен жылы мемлекеттік тілді оқығандар үлесі 91 пайызды құрады. Бағдарламада мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін меңгеруі басым бағыттардың бірі болып табылады. Белгіленген межелерді орындау мақсатында мемлекеттік қызметшілер үшін арнайы дайындық курстары ұйымдастырылып, әдістемелік көмек көрсетілді. Нәтижесінде тестілеуден өткен 556 мемлекеттік қызметшінің 51 пайызы (284 қызметші) В1 деңгейін, 9 пайызы (50 мемлекеттік қызметші) С1 деңгейін меңгергендігін көрсетті. В1 деңгейі 21 пайызға артық орындалды.
Жарнама тілін реттеу мақсатында аудандар мен Тараз қаласында «Сауатты жарнама», «Қала келбеті – көрнекі ақпарат» акциялары өткізіліп, нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласында құрылған жұмысшы топпен жалпы саны 3255 нысан зерделеніп, 1967 жарнама құралы алынып тасталса, 918-іне ескерту хаттары беріліп, 5 нысан иесіне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ аудан әкімдіктерінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері тарапынан жүргізілген акциялар мен зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2094 нысан зерделеніп, олардың 300-інің Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдары мен Үкіметтің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулысы талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Нәтижелері аудандық аппараттық кеңестерде қаралды, кемшіліктер орын алған ауылдық округ әкімдеріне ескертілді.
2018 жылдың мамыр айында Тараз қаласындағы сыртқы көрнекі (жарнама) ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығына 6 бағыт бойынша зерделеу жүргізілді. 3 даңғыл, 864 көше, 445 бұрылыс, 44 тұйықта орналасқан 8587 нысан қамтылып, нәтижесінде 1114-інен кемшіліктер анықталды. Қорытынды анықтама Тараз қаласы әкіміне тиісті шаралар қабылдау үшін жолданса, қыркүйек айында басқарма тарапынан шаһардағы 3 даңғыл, 7 көшеде орналасқан 627 нысанның сыртқы көрнекі ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығына зерделеу жүргізіліп, орын алған 147 кемшілік бойынша қала әкіміне хат жіберілді. Қараша айында Тараздағы сауда және тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету орындары мен қоғамдық жолаушылар тасымалдау көліктерінде көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің Қазақстан Республикасы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуына зерделеу жүргізіліп, 124 кәсіпкерлік нысан (46 қонақ үй, 51 мейрамхана, 27 сауда үйі), 30 қоғамдық жолаушылар тасымалдайтын автокөліктер назарға алынды. Барлық кәсіпкерлік нысан иелеріне әдістемелік көмек көрсетіліп, қолданыстағы заңнама талаптары жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
Жалпы, жыл қорытындысы бойынша облыстағы 16587 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілді, оның 14333-і талапқа сай болса, 2254-інен кемшіліктер анықталды. Жарнама агенттіктері арасында «Жарнама – жаңалықтың жаршысы», аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері арасында «Жарнама – көпшілікті тәрбиелейтін тәрбие құралы», «Үздік көрнекі ақпарат — 2018» облыстық байқаулары ұйымдастырылды.
Әлеуметтік желілерде «ономастика» хэштегі арқылы жарнама сауаттылығы бойынша оң пікір қалыптастыру мақсатында барлық аудандар мен Тараз қаласында ономастика саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жарияланды.
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, кенттердегі, ауылдардағы және басқа да елді мекендердегі көше көрсеткіштерін бір үлгіде жазуды және орналастыруды қамтамасыз ету тапсырылған. Осы мақсатта облыстық тілдерді дамыту басқармасы 2018 жылға барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдерімен меже белгілеп, жылдың соңына дейін барлық көшелердің кемі 50 пайызын жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтуды жоспарлаған. Аудандық, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша, 3 мыңға жуық көше жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтылып, аталған көрсеткіш 51,4 пайызды құрады.
Мемлекеттік бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі – лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру. Облыстағы тілдік ахуалға жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі – 92,3, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі – 25,1, үш тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 24,1 пайызды құрап, мемлекеттік бағдарламада көзделген межелердің барлығы орындалды. Өңірде көптілділікті насихаттау, бірнеше тілді (кемінде үш тіл) меңгерген бәсекеге қабілетті жастарды қолдау мақсатында жоспарлы, мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Екі әлеуметтік жоба аясында 40-тан астам іс-шара өткізіліп, оған екі мыңнан астам жастар қатысты.
«Көп тіл білу – заман талабы» әлеуметтік жобасы аясында барлық ауданда және облыс орталығында бірнеше тілді (4-5 тілден кем емес) жетік меңгерген, IELTS немесе TOEFL сертификаттары бар республикаға танымал тұлғалар мен «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің, PR-мамандардың қатысуымен мотивациялық мақсаттарда семинарлар, шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Облыс аудандары мен Тараз қаласында «Education. Competition. Future» («Білім. Бәсекелестік. Болашақ») тақырыбында шеберлік сыныптар және «Көптілділік – заман талабы» атты семинарлар өткізіліп, жоғарыда аталған параметрлерге сәйкес келетін лекторлар мен спикерлер шақырылды. Кездесулер еркін форматта өтіп, спикерлер семинарларға қатысушылармен жастардың тілінде сұхбаттасты. Сондай-ақ облыста шет тілдерін еркін меңгерген жастардың санын анықтау, көптілділікті насихаттау, бірнеше тілді меңгерген жастарды қолдау мақсатындағы әлеуметтік жоба аясында облыс орталығында «Полиглоттар» клубы құрылды.
Барлық аудандарда «Тілдік алаңдар» жұмыс істейді. Өңірде үш тілді жетік меңгерген дарынды жастар арасында «Тілдарын» олимпиадасы, «Тіл шебері – 2018», «Тіл – парасат» облыстық байқаулары, «Көп тіл білу – заман талабы» атты полиглоттар форумы өтті. Бұдан басқа ағылшын тілін емін-еркін жағдайда, яғни саябақтарда оқыту мақсатында, әлемге танымал халықаралық тіл мектептері мен тіл орталықтарының (EF English First, EF Education First) әдістемелеріне сүйене отырып, «Тілдер саябағы» жобасы жүзеге асырылды.
Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау мақсатында аудандар мен Тараз қаласындағы мектепке дейінгі мекемелерде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты акция ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам бүлдіршін тартылды.
Еліміздегі этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне ерекше қолдау көрсетілуде. Тілдерді оқыту орталығы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және 22 этномәдени бірлестік арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, құжат аясында қазақ тілін үйренуге ниет білдірген 1071 этнос өкілі қазақ тілін тегін меңгерді. Облыстағы 25 этномәдени бірлестіктердің 20-сы қазақ және ана тілдерін оқыту курстарымен қамтылған. Тілдерді оқыту орталығы тарапынан 22 этномәдени бірлестікке әдістемелік көмек көрсетілді.
Қазіргі тіл саясатының өзекті мәселелерінің бірі – латын негізді қазақ әліпбиіне көшу. Облыс көлемінде аталған бағытта жүйелі жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылды. Латын графикасына негізделген қазақ жазуын түсіндіру, азаматтардың жаңа әліпбиді үйренулеріне мүмкіндіктер туғызу мақсатында басқарма тарапынан 4 әлеуметтік жоба аясында 120-дан аса іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңға жуық адам қатысты.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылып, латын негізді қазақ әліпбиіне көшу жөнінде облыс тұрғындарына әдістемелік көмек көрсетілді. Республикада алғашқылардың бірі болып басқарманың тапсырысымен Елбасының №637 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқып, жазуға үйрету мақсатында Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы әзірленді. Интернеттің кез келген браузерлері мен смарт телефондар арқылы кіруге болатын Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы – қазақ тілді аудиторияға, яғни латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйренуге ниет білдірген кез келген азамат үшін қолжетімді, тегін, уақыты шектеусіз. 18 сабақтан (теориялық, практикалық, бағалау бөлімдері) тұрады. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жаңа емле ережелері жобасын талқылауға облыстағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, колледждер мен мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері белсене қатысты.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін кеңінен танымал ету және емле ережелерін түсіндіру мақсатында «Жаңа қазақ әліпбиі: орфография және әдістеме мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Жыл ішінде облыстағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері арасында латын қарпінде жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында, «Латын әліпбиі тілімізге серпін береді» атты жаппай диктант жазу акциялары ұйымдастырылып отырды. Жалпыхалықтық диктантты жазуды ұйымдастыру жөнінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанынан құрылған жұмысшы тобы аудандар мен Тараз қаласында «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» түсіндіріп, семинар-тренингтерге қатысты. Жалпыхалықтық диктант жазуға облыс бойынша 128 мыңға жуық адам қатысып, дайындықтарын көрсетті.
Қорыта айтсам, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді және алдағы уақытта жалғасын таба береді.

Сұлушаш Құрманбекова,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support