- Advertisement -

Бұйырғаны – бес күміс

43

- Advertisement -

Халықаралық аламандарда үздік үштіктен көрініп жүрген Қазақстан боксшылары Болгарияда өткен «Странджа – 2019» халықаралық додасында жалпыкомандалық есепте жетінші орынға табан тіреді. Финалға бес бірдей боксшымыз шыққанымен, сайыпқырандарымызға бірде-бір алтын медаль бұйырмады.
Шешуші жекпе-жектер басталмай жатып-ақ қазақтың төл салмағы саналатын 69 килограмның алтыны Өзбекстанға бұйырды. Жарақат алып қалған Абылайхан Жүсіпов Бобо-Усмон Ботуровпен қолғап түйістірген жоқ. 49 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Теміртас Жүсіпов Азия ойындарының чемпионы, үндістандық Амит Пангалуға есе жіберіп, жанкүйерлерді жабырқатты.
Қалған үш боксшымызға сенім артқанымыз жасырын емес. Алайда олар да үмітті ақтамады. 60 килограмм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Зәкір Сафиуллин ресейлік Артур Субханкуловпен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жекте ресейлік боксшының аздаған басымдығы байқалды. Нәтижесінде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Субханкуловтың еншісіне жазды. 64 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Санатәлі Төлтаев та жеңілістің кермек дәмін татты. Ресейлік Алексей Мазурға қарсы шыққан ол тәп-тәуір бокстасқан болатын. Әйткенмен төрешілер 3:2 есебімен Алексей Мазурды жеңімпаз деп тапты.
Қазақ жанкүйерлері Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левиттен зор үміт күткені ақиқат. Талай байрақты бәсекелерде атой салған Вася бұл турнирдің сөзсіз фавориті еді. Алайда ол да алтын жүлдеден тыс қалды. Василий осы жарыста ресейлік былғары қолғап шебері Садам Магомедовпен жұдырықтасып, 4:1 есебімен сәтсіздікке ұшырады.
«Странджа – 2019» халықаралық турнирінде Ресей Федерациясының боксшылары төрт алтын, бір қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте топ жарса, екі алтын, екі күміс, бір қола жүлдені қоржынына салған Өзбекстан құрама командасы екінші орыннан көрінді. Бір алтын, бір күміс, екі қола жүлдеге қол жеткізген АҚШ боксшылары үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстан құрама командасы жалпыкомандалық есепте бар болғаны жетінші орыннан көрінгенін жоғарыда жаздық. Сонымен, Болгария төрінде өткен аламанда үздік үштіктен көрінген Ресей, Өзбекстан, АҚШ құрамаларынан өзге қай елдің былғары қолғап шеберлері алдымызды орап кетті? Өкініштісі сол, алтылықтың қатарына енгендердің қатарында Болгария, Үндістан секілді елдер бар. Сонымен қатар Лондон Олимпиадасынан кейін кереметтей нәтижелерімен көзге түспеген Украина боксшылары да Қазақстаннан озды.
Бір сөзбен айтқанда, Болгариядағы аламанда финалға шыққан боксшыларының саны жағынан басым болғанымен, Қазақстан құрамасы жүлденің сапасы жағынан қарсыластарына есе жіберді. Ұлттық құраманың бапкерлік штабы осы бір олқылықтармен жедел жұмыс істемесе, боксшыларымыздың бұл сәтсіздігі үлкен додаларда да жалғасын табуы ықтимал. Қанша дегенмен Жапония астанасы Токио қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына бір жарым жылға жуық қана уақыт қалды. Ендеше сайыпқырандарымыз жедел спорттық бабына келгені жөн…

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support