- Advertisement -

Жарнамалар бір жүйеге келтірілмек

32

- Advertisement -

Бүгінгі таңда салық салынбайтын және қаланың жалпы келбетіне сәйкес келмейтін, заңсыз жарнама баннерлерін, афишалар мен маңдайша жазуларын қаланың әр бұрышынан дерлік кездестіруге болады. Мұның көбінесе жеке кәсіпкерлерге қатысы бар екені жасырын емес. Бұл мәселеден облыстық кәсіпкерлер палатасы да шет қалмапты. Ағымдағы жылдың басынан бері қала көшелеріндегі жарнамаларға мониторинг жүргізілуі қолға алынған. Жақында палата басшылығының ұйымдастыруымен, мемлекеттік органдардың, соның ішінде ТКШ, жолаушылар көлігі, сәулет және қала құрылысы мекемелері өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырысындағы басты әңгіме арқауы да осы болды.
Жасыратыны жоқ, мұның заңдылығы тиісті нормативтік-құқықтық актілерде әрқалай түсіндірілуі облыс орталығындағы жарнамаларда бірқатар қателіктердің орын алуына әкеліп соғуда. Бұл мемлекеттік органдар мен бизнес үшін жарнама орналастырудың бірыңғай үлгі-нобайын әзірлеудің қажеттігін де алға тартып отыр. Осыған орай басқосу барысында сәулет бюросының көмегімен қаланың барлық жарнамалық нысандарының каталогі әзірленетін болып келісілді. «Жарнама жасаушылар тіл мамандары емес, негізінен бағдарламашылар мен дизайнерлер. Сондықтан заңда тілдерді дамыту басқармасымен келісу нормалары бар болса, жарнама нысандарында көптеген орфографиялық және орфоэпиялық қателерді болдырмауға болады», – деп атап өтті бұл тұрғыда облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Ерлан Ермағанбетов.
Айта кету керек, кәсіпкерлік нысандары жарнама үшін салық төлеуден жалтармайды, алайда оларды орналастырудың заңды тәртібін біле көбіне бермейді. Осыған байланысты кәсіпкерлік нысандарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әсіресе қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесу – кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті болып табылады. Дегенмен жарнама жасап, оны көпшілікке ұсынатын кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартуға кіріспес бұрын, осы саланың тізгінін ұстағандар арасында байыпты түсіндіру шараларын жүргізу қажет-ақ. Осылайша көптеген кәсіпкерлер көрнекілік қалқандарын, айыппұл санкцияларын бөлшектеуден және жауапкершілікке шақырылудан да құтыла алады.
Кездесу соңында палата басшылығы қала әкімінің атына құрамында жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері бар жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жолдады. Аталған жұмыс тобы бірінші кезекте түсіндіру іс-шараларымен айналысып, сондай-ақ жарнаманы орналастырудың және оны заңдастырудың бірыңғай алгоритмін құруға ықпал етеді.

             Ардақ САПИБУЛЛА,

М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support