- Advertisement -

Данияр мексикалық боксшымен жұдырықтасады

34

- Advertisement -

Әуесқой бокстан Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында алтын меaдаль иеленген соң кәсіпқой боксқа бет бұрған ұлт мақтанышы Данияр Елеусіновтің қадамы көңіл тоғайтатыны жасырын емес. Жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген қазақстандық былғары қолғап шебері ағымдағы жылғы алғашқы жекпе-жегін 15 наурызда өткізетін болды.
Данияр кезекті шайқасында мексикалық боксшы Карлос Хименеске қарсы шаршы алаңға көтеріледі. Деректерге сенсек, жекпе-жек сегіз раундтық форматта өтетін көрінеді. Наурыз айында Данияр алтыншы кездесуіне шықса, мексикалық былғары қолғап шебері жиырма бесінші мәрте бақ сынап көрмек. Карлос Хименес бұған дейін он төрт жекпе-жекте жеңіске жетіп, тоғыз мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан екен. Бір рет қарсыласымен тең түскен.
Мексикалық боксшының рекордына қарап, көптің бірі санауға да болады. Алайда ол болашағынан үміт күттіретін бірқатар мықтыны жеңгені бар. Мәселен, 2016 жылы ол 19 қарсыласынан айласын асырып, бірде-бір мәрте жеңіліп көрмеген отандасы Эдуардо Торреспен қолғап түйістіріп, мамандар мақтаған Торресті техникалық нокаутпен жеңіп кеткен болатын. Сонымен қатар өткен жылы 27 қарсыласты қатарынан жеңген Педро Кампаны техникалық нокаутпен ұтып, сенсация жасаған еді.
Бір қарағанда қатардағы боксшы саналатын Карлос Хименес ара-тұра мықтылардан айласын асырып тұратын әдеті бар. Ол бірнеше салмақ дәрежесінде бақ сынап келген. Енді тұңғыш рет жартылай орта салмақта шаршы алаңға көтерілмек. Біздіңше, Даниярдың менеджерлері қазақстандық боксшыға соққысы мығым қарсыласты қою арқылы оның деңгейін тағы бір таразылап көруге бел буып отырған секілді.
АҚШ төрінде алтыншы шайқасына шығатын отандасымыздың кезекті рет жеңіс тойын тойлайтынына бек сенімдіміз. Шаршы алаңда еркін ойқастайтын Данияр қалай болған күнде де Хименестен айласын асыруы керек-ақ. Оған Олимпиада ойындары чемпионының қарым-қабілеті де, шеберлігі де жетеді.
Әлбетте, мексикалық боксшы жеңілістерінің санына қарамастан, рейтингте Данияр Елеусіновтен жоғары тұр. Өйткені күші мығым қарсыластарды ұтқан екен. Данияр бұл шайқаста жеңіске жету арқылы рейтингтегі жағдайын түзейтіні сөзсіз. Десе де қазақстандық боксшы үшін қарсыластарының деңгейін өсірген дұрыс болатыны анық. Бәлкім алдағы шайқастарда шын мықтылармен жолығып қалар.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support