- Advertisement -

Мақсат – айқын, міндет – зор

61

- Advertisement -

«Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Президенттің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес, 30 қаңтардан бастап Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов шаһардың барлық аумақтық округінде тұрғындармен есеп беру кездесулерін өткізген болатын. Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйіндегі қорытынды есеп беру жиынына Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов пен облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты. Алқалы жиында былтыр облыс орталығында атқарылған жұмыстар айтылып, биылға арналған міндеттер талқыланды.
Қала әкімі алдымен шаһар экономикасының негізі саналатын өнеркәсіп саласына тоқталды. «2018 жылы облыс орталығында 240,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,1 пайызды құраған. Жалпы өнеркәсіп құрылымының 38,4 пайызы – химия, 22,2 пайызы – электр, жылу, газ және сумен қамту, 6,1 пайызы тамақ өнеркәсібі мен 12,4 пайызы машина құрастыру, металл өңдеу салаларына тиесілі», – деген Ғалымжан Әбдірайымов Тараз өндіріс көлемі жағынан республикада 14-орын алатынын жеткізді. Ал негізгі капиталға түскен инвестиция 69,3 миллиард теңгені құрап, 104,9 пайызға орындалған екен. Осы жетістігі арқылы шаһар басқа облыс орталықтарының арасында 11-орынды иеленіп отырған көрінеді. «Қаланың өнеркәсіп саласына тиесілі жалпы жер телімі – 4297 гектар. Елбасы экономиканың тұрақты өсімін 4 пайыздан кемітпеуді тапсырғаны белгілі. Соған байланысты бос тұрған өнеркәсіп орындарын анықтап, иелерімен бірлесіп алдағы кезеңдерге даму жоспарын жасап тым болмаса әлеуетті инвесторларға беру жолдарын қарастыру қажет», – деген қала басшысы қазір 32 712 кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін де атап өтті.

Жыл қорытындысы бойынша, көтерме сауда тауар айналымы 155,9 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 110,2 пайызға дейін жеткен. Осылайша бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 218,6 миллиард теңгені құрапты. Әкім бұл жұмыстардың күнделікті бақылауда болатынын айтты.
– Биылғы бюджет 66,8 миллиард теңге көлемінде бекітілді немесе өткен жылмен салыстырғанда 23,5 пайызға жоғары. Оның ішінде қала бюджетінің өзіндік кірістері 15,5 пайызға ұлғайтылып отыр. Мемлекеттік бюджетке 39,9 миллиард теңгеге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 107,3 пайызға орындалды, – дей келе шаһар басшысы трансферттерімен қоса есептегенде, жалпы қала бюджеті былтыр 54,1 миллиард теңгені құрағанын айтты. Бұл – қаражаттың тек 0,01 пайызы ғана игерілмеген деген сөз.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» көрсетілгендей қазір негізгі басымдық кезектегі азаматтарды пәтерлермен және жеке тұрғын үй салуға жер телімін бөлу жұмыстары болып отырғандығын сөз еткен ол: «Қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны – 16573. Ал жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 70 057 азамат кезекте тұр. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 243,7 мың шаршы метр немесе нақты көлем индексі 127 пайыз болды. Жалпы, 1040 пәтер пайдалануға берілді.
Былтыр бір жылдың ішінде-ақ Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» жəне Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтар, «Желтоқсан» аллеясы, темір жол бекеті алдындағы «Көне Тараз» сквері, «Үшбұлақ» каналы жағалауының 1-кезеңі, «Достық» алаңындағы және облыстық әкімшілік алдындағы су бұрқақтары мен алаңдары жаңғыртылып, ашылған нысандар көпшілік көңілінен шықты. Осы бағыттағы жұмыстар 2019 жылы Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі скверін ашу арқылы жалғаспақ. Жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы ашылып, «Мамыр» саябағы абаттандырылады. «Көне Тараз» кешенінің маңында биіктігі 35 метрлік «Сағат» стеласы орнатылады. Сонымен бірге облыс әкімінің тапсырмасы бойынша алдағы келе жатқан Наурыз мейрамына облыс және қала тұрғындарына тарту ретінде Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» аллеясын абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Осы демалыс орнын Асқар Исабекұлының бастамасымен «Жастар аллеясы» деп өзгертуді ұсынып отыр. Көпшіліктен қолдау тапса, бұл Жастар жылына арналған елеулі оқиға болғалы тұр.
Қалада Мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарлама аясында 10 бастама айқындалған. Бұл салада 2019 жылы орта мектептерде 10 робототехника сыныптарын ашу көзделуде. Қалада 10 «ақылды бағдаршам» орнатылса, пилотты жоба ретінде «Астана» мөлтек ауданында 8 аула «ақылды жарықтандырумен» қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар биыл 43 бағыттағы 670 қоғамдық көлікке электронды билеттендіру құрылғысын енгізу жұмыстары басталып, 2020 жылы аяқталатын болады», – деді.
Есепті жиында баян етілгендей, облыс орталығында өткен жылы тындырылған тірлік көп. Десек те шешімін күткен мәселелер де жоқ емес екен. Осыған дейін қала әкімінің есебіне байланысты шаһардағы қоғамдық орындарға қойылған арнайы жәшіктерге бірде-бір сын-ескертпе, өтініштер түспегенімен, мұнда жиналған қалың қауымның арасынан сұрақ қоямын деушілер көп болды.
Алғаш болып №10 аумақтық округінің тұрғыны Қайрат Шаханов «Шалғай Қарасу» алабындағы жаңа мектептің құрылысы қашан жүргізілетінін сұрады. Ғалымжан Райылұлы 610 орындық білім мекемесінің жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатқанын жеткізді. Ал №3 емхана тіркеуіндегі Нұрила Досанова өз учаскесіне бекітілген терапевтің жұмысына риза емес екен. Оның өтінішіне қарай алдағы уақытта арнайы дәрігер қарастырылатын болды. Ал 2-ықшам ауданы №29 үйдің тұрғыны Әмірхан Төленов аталған көп қабатты баспананың шатыры жөнделмей келе жатқандығы мен осы үйдің қасында орналасқан жанар-жағармай құю стансасының тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырып отырғанын сөз етті. Көтерілген мәселе бойынша «Биыл қала бюджеті есебінен бөлінген 190 миллион теңгеге барлығы 12 үйге жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен басталады. Ал әлгі стансаға байланысты мәселе назарда ұсталады» деген жауап қайтарылды. №2 аумақтық округ тұрғыны Оразбек Өскенбай қалалық жолаушылар көлігінің интервалы мен кешкі уақыттағы кестеге сай жүруін қадағалауды өтінсе, «Көлтоған» алабының тұрғыны Наргиз Сәлімбаева аталған елді мекенді газдандыру мен электр жарығының тарифіне байланысты мәселе көтерді.
Ал 7 жыл бұрын Т.Рысқұлов ауданынан жұмысқа байланысты Таразға көшіп келген 7 баланың анасы Айнұр Серікбаева баспана мәселесіне көмек беруді өтінді. Оның 4 баласы мектепте оқиды екен. Біреуі балабақшаға барса, оның сыңарының мүмкіндігі шектеулі екен. Өздері тозығы жеткен үйді жалдап тұрып жатқан көрінеді. Қала әкімі олардың шаңырағына барып, мән-жаймен толық танысатынын жеткізді. Қазыбек би көшесінің тұрғыны Әйгерім Қуанышбек мемлекет тарапынан бұзу туралы шешім шығарылғандықтан, үйіне ешқандай жұмыс жөндеу жүргізе алмай отырғанын айтып, әкімдіктен қолұшын беруді сұрады.
Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа жастар атынан 3 ұсыныс айтты. «Жағдайы төмен азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу үшін арнайы қор құрсақ. Салынып жатқан баспаналарды әктеп-боямастан, бастапқы (черновой) күйінде сататын жоба қабылданса, соңғысы бойынша, қалтасы жұқаларға арналған жатақханалар сияқты жалдамалы үй-жайлар салынса, олардың бағасы нарықтағыға қарағанда, 2 еседей арзан болар еді», – деді. Бұдан бөлек, кейбір тұрғындар жер, су мәселесіне байланысты ой-пікірлерін білдірсе, енді бірі 11 аумақтық округте өткен кездесулерде сөз болған жайттарды қайта қозғады.
Былтыр көне қаланы әлдеқайда жасарта түскен таудай тірліктің басы-қасында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің болғандығын айтпай кету әсте мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар тарапынан қойылған мәселелерге Асқар Исабекұлы нақты түсініктеме беріп, бұзылатын үйлерге қатысты ақпараттардың ашық болуы керектігін ескертті. Сондай-ақ учаскелік полицейлердің биыл жұмыс істеу тәртібі бекітілетіндігін мәлім етті. Тараздың негізгі көрсеткіштерінде салыстырмалы түрде өсім болғанымен, жауапты тұлғалар бірқатар міндетті межелерге қол жеткізуде сылбырлыққа жол бергенін де бүгіп қалмады. Асқар Мырзахметов қала экономикасын өркендетуде өңдеу өнеркәсіп орындарымен бірлесе жұмыс атқару қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ өңір басшысы қаладағы көпшілікті алаңдатып отырған қоғамдық-әлеуметтік түйткілдердің бақылаудан түспейтінін, оларды шешу жолында тиісті шаралар облыстық деңгейде қаралып жатқанын да атап өтті. Тек Тараз қаласы емес, облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың нақты санын анықтап, қолдау шаралары өткен жылдан басталғандығын айтқан өңір басшысы жалдамалы әлеуметтік тұрғын үй мәселесін тиімді шешу жолдары да сараланып жатқандығына тоқталды. Бұл бойынша арнайы комиссия құрылады екен. Олар нақты зерттеулер жүргізу арқылы заңды белден басып, екі немесе одан да көп пәтерге ие болып, баспаналарды пайда көзіне айналдырғандардың жолын кеседі. Ондағы басты мақсат – арендалық әлеуметтік тұрғын үйлерді жиын барысында сұрақ қойған, расында тұрғын үйге зәру, сатып алуға жағдайы жоқ Айнұр Серікбаева секілді мұқтаж жандарға берілетінін және қатаң қадағаланатындығын баса айтты.

Альмира Омарова

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support