- Advertisement -

«Каршеринг тік көліктерді» тізгіндеу тиімді ме?

59

- Advertisement -

Бүгінде жаһандық өзгерістерге байланысты туындаған қажеттіліктердің өтелуі қоғамдық өмірімізге елеулі өзгерістер енгізілуімізді талап етуде. Солардың бірі – каршерингтік жүйе. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін айта кетейік, бұл – екі тараптың бірінің екіншісінен автокөлікті жалға алып, қалаішілік немесе қысқа қатынау бағыттарында пайдалану қызметінің бір түрі. Тараптар арасында жеңіл автокөліктердің кез келген мерзімге алынуы, қашықтығы мәселесі де өзара келісілуі ықтимал. Кез келген азаматтың, әсіресе туристер мен іссапармен жүргендерге өте қажет болғанда немесе оқта-текте пайдалану үшін мұндай жалға алу нұсқасы қолайлы-ақ. Каршеринг бүгінде әлемнің ондаған мемлекетіндегі 1000-нан астам қала үшін қолжетімді болып отыр.

Мына көршілес Ресей елінде алғашқы каршеринг сервисі 2015 жылдың күз айында пайда болған. Ресей нарығында бұл қызмет түрі Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи, Адлер, Красная Поляна, Туапсе, Новосибирск, Грозный, Самара, Уфа, Красноярск қалаларында көрсетілуде. Аталған елдің каршерингтік автопарктері биыл жыл соңына қарай өз көліктерінің салондары жасырын бейнебақылау камераларымен жарақтандырылуы ісін жүзеге асырмақ.
«Аnytimе» каршеринг жүйесі өткен жылдың қазан айынан бастап Алматы қаласында да іске қосылғаны белгілі. Бұл жобаның басты ерекшелігі – кез келген азамат өзінің ұялы телефонына жүйенің мобильді қосымшасын орнатып, көліктерді сол арқылы жалға алатындығында. Бұрынғыдай арнаулы орынға барып кепілақы қалдырып, басқа да құжаттарды рәсімдеп жатудың еш қажеті жоқ. Азаматтың жеке басына қатысты ақпараттар тұтастай дерлік компьютердің жадында сақталады. Яғни мобильді қосымшаға тіркелмегендер бұл қызмет түрін тұтына алмайды. Тіркелу үшін сіздің жасыңыз 21-ден асқан және көлік жүргізу тәжірибеңіз үш жылдан да көп болуы шарт. Одан арғысы тіпті оңай, телефондағы бағдарламаны ашып, өзіңізге жақын аумақтағы көліктің мекен-жайын анықтап, темір тұлпарды тізгіндеп кете бересіз. Сіздің иелігіңіздегі көліктің әр минуты үшін күндізгі уақытта қалтаңыздан кемінде 44 теңге, ал түн мезгілінде 19 теңге кетеді. Айта кетерлігі, алда-жалда жол-көлік оқиғасына тап бола қалсаңыз, екі жүз мың теңгеге дейінгі шығынды өтеп бере алатын сақтандыру полисі, жанармай мен тұрақ ақысы сіз төлеген қаражат есебіне кіреді. Енді өзіңіз ойланып, ақыл таразысына салып көріңіз: «каршерингтік көліктерді» тізгіндеу сіз үшін тиімді ме, жоқ па?
Мәселені кең ауқымда қарастырып көргенімізде, аталған жобаның біз үшін жақсы жақтары да бар ма деп қалдық. Мысалы, Тараз қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлер аулаларында жағалауларға үйірілер майбалықтар секілді небір жеңіл көліктің тізіліп тұрғанын көресіз. «Темір тұлпар» дегеніңіз бүгінде екінің бірінің тақымында жүр ғой! Ал оларды түнгі уақытта апарып қояйын десе, жақын маңда дайын тұрған автотұрақ та жоқ. Әрі қысы-жазы аулаға сығылыстырып қоя салу едәуір қаржы да үнемдейді. Қанша жерден қам жасаса да, ұрлықтың алдын алу шарасы ретінде түнгі жарықтандырумен қамтылған аула болса да қауіпсіздік мәселесі кепілдендірілмегенін ойлап, көлік иелерінің түн ұйқысы төртке бөлінетіндігі анық. Аулаларда құжынаған автокөліктер балалардың ойын алаңдарын тарылтады. Қазір үй-үйлердің арасынан аяқ алып жүре алмайсыз. Әсіресе жыл 12 ай ашық аспан астында қар-жаңбырға малшынып тұратын, бапты күтімнен жұрдай, удай қымбатқа да түскен шетелдік көліктерге обал-ақ. Ал көліктер саны азаю орнына көбейіп барады…
Жалпы темір тұлпарының арқасында отбасын асырап отырғандар қаншама! Олардың арасында осы жағын ойлап, өтелдеу жобасы аясында металл сынықтарын өткізетін орынға апаруға көзі қимай, ескі көліктерін жамап-жасқап салдыратын жүргізіп жүргендері де жетерлік. Бұл жағдай өздері үшін тиімді болғандықтан да, олар ескі көліктерінің түтіндіктерінен бөлінер улы газдардың қала экологиясына келтірер зияны қаншалықты екендігін ойлап та жатқан жоқ. Олай болатыны, бүгінде екі отбасының бірі балаларының кішілерін балабақшаға, ересектерін мектепке, түрлі үйірмелерге апарып келу үшін такси қызметіне жүгінуге мәжбүр. Әр отбасының осы мұқтаждықтары үшін жалдайтын жеке көліктері де бар. Бос тұрған такси таба қоюыңыз неғайбыл. Міне, содан да такси жүргізушілердің «наны» жүріп, түкірігі жерге түспей тұр. Олар кішкентайларыңызды мектепке, балабақшаға, үйірмелерге тасымалдау қызметінің өзіне ай сайын тұрақты 60-70 мың теңге ақы төлемесең, аяғын да баспайды. Бала тасымалдауға әрі кеткенде олардың екі-үш сағат қана уақыты кететіні белгілі. Мерзімдерін келісіп, азаннан кешке дейін тіпті екі-үш отбасына қызмет көрсетулеріне де мүмкіндіктері бар. Бұл – олар мүйізі қарағайдай бір қызметкердің айлық жалақысын – 150-200 мың теңгені қалпақпен-ақ ұрып алады деген сөз.
Әлбетте, бір ғана айлық жалақыға қарап отырған отбасының таксиші талап еткен 60-70 мың теңгені беруді ауырсынатыны айдан анық. Содан да жеңіл көлік сатып алып, оны жүргізуді де үйреніп, жоғарыдағыдай отбасы мәселесін өздері реттеп отырған қызметкер келіншектеріміздің қатары арту үстінде. Бәрібір бұл да азаматтардың тұрғын үйлер аулаларын «автотұраққа» айналдыруы, балалардың ойын алаңдарының тарылуы мәселелерін түбегейлі шеше алмақ емес.
Дейтұрғанмен тұтынушылар арасында автокөлікті жалға алу құнына қатысты екіұдай пікір қалыптасуда. Кейбіреулер үнемді десе, енді біреулер мұның өзі қалтаға тым ауырлау соғатынын айтады. Ал бұл жүйенің ертеден қара кешке дейін кісі тасып күнін көріп отырған таксистер үшін болашақта салқынын тигізуі әбден мүмкін…
Алдағы уақытта мұндай көліктер Астана мен Шымкент қалаларында да пайда болады деп күтіліп отыр. Ал бізде ше… Жергілікті тұрғындардың, атқарушы билік өкілдерінің болсын каршерингтік жүйеге деген көзқарасы қандай екенін білмек ниетпен сұрау салып көрген едік. Нәтиже күткендегідей болмады. Шын мәнінде өңірімізде осы бір тосындау қызмет түрінің атына әлі екінің бірі қанық та емес екен. Бұл тірліктің тізгінін ұстауы ықтимал деген бірқатар мекемелерге қоңырау шалып көргенімізде, олардан да мардымды жауап ала алмадық. Қысқасы, бұл жүйеден хабардар азамат тым аз, тіпті жоқтың қасы. Жұрттың әлемді былай қояйық, іргемізде тиіп тұрған Алматы секілді мегаполисімізде жүзеге асырылып жатқан өркениеттік үрдістерден бейхабарлығынан іш жиып қалғандай болдық.
Каршерингтік жүйе бізге жете ме, жоқ па? Мәселе онда емес. Оның ақылы көліктерін ұялы телефон арқылы хабарласып, бүгін ертең тізгіндегелі отырған да ешкім жоқ. Мәселе – ел-жұрттың осындай жаһандық бірегей өзгерістерден дер кезінде құлағдар болып, оның әсерін шынайы сезіне алуында. Мысалы, бүгінде екі қаланың бірінде бар сауда және ойын-сауық мегаорталығы Таразда жоқ еді. Отандық инвесторларымыз бұл мәселеде сергектік танытып үлгерді, қоғамның қажетін дөп басты десе де болады. Осынау олқылықтың да орны толтырылатын күн алыс емес. Бұл да – өркениеттілікке ұмтылыс. Енді Таразда цирк үйі ашылса дейміз. Көпшіліктің де көкейінде туған шаһарымызда қайтсек, дамушы елдердегідей мәдениет пен реттілікті қалыптастыра аламыз деген, толғақты ойлар жатса, қанеки! Каршерингтік жүйе де сондай…

Баймаханбет АХМЕТ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support