- Advertisement -

«Атамекен» сауалнама жүргізуде

54

- Advertisement -

Қазіргі таңда еліміздегі әрбір кәсіпкерлік нысанына қатысты толыққанды ақпараттардың бірыңғай қоры жоқтың қасы. Бизнестің кейбір түрлерінің кенжелеп қалуына не себеп болуда? Экспортты ұлғайтып, импортты азайту жолында қандай шаралар қолға алынуы керек? «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы және басқа да мәселелердің мән-жайын анықтау мақсатында кәсіпкерлер арасында 17 қаңтардан бері сауалнама жүргізуде. Ол алты айға жоспарланған.
Аталған іс-шараға өңіріміздегі 63 262 кәсіпкерлік нысанының 4000-ға жуығының өкілдері атсалысып, өздерінің ой, пікірлерін білдірген. Жалпы сауалнама жүргізу ісіне «Атамекен» ҰКП-ның 300, оның өңірлік филиалының 22 қызметкері білек сыбана кіріскен екен.
Сауалнамаға әзірге Тараз қаласы мен облыстағы 10 ауданның орталық базарларының, сауда үйлерінің өкілдері мен дүңгіршектердің иелері тартылып отыр. Алдағы уақытта бұл іс ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарда жалғасатын болады. Сауалнама жүргізу барысында өңірдегі кәсіпкерлік саласы өкілдерін алаңдатып отырған түйткілді мәселелер мен кем-кетіктер де айқындала түседі деп күтілуде.
Жалпы өңірлік палатаның кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы «Atameken Services» қызметіне жүгінушілер қатары көп. Атап айтқанда, олардың 100-ден астамы бухгалтерлік және салықтық есеп, статистикалық есепті құру, 100-ге жуығы маркетингтік, 20-дан астамы мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша онлайн-порталға өтінімдерін жолдаған. Сондай-ақ аталған порталға өтініммен қайырылған 30-дан астам кәсіпкер бүгінде кеңседен немесе үйден шықпай-ақ дайын бизнес-жоспарларға тапсырыс беріп, оны жүзеге асыру мүмкіндігіне де ие болып отыр. Мәселен, байзақтық жеке кәсіпкер Ақбота Шоланова «Atameken Services» порталы арқылы етті бағыттағы мүйізді ірі қара санын көбейту мақсатында бизнес-жоспарға тапсырыс беріп, қаржы институттары арқылы қомақты несиеге қол жеткізген.
Облысымыз негізінен аграрлық өңір болғандықтан, бүгінде, әсіресе мал шаруашылығына қатысты бизнес-жоспарлардың қажеттілігі артып отыр. Бұрындары ауылдағы ағайын білікті мамандар көмегіне жүгініп, бизнес-жоспарларын ақыға жаздыртып келсе, ендігі жерде ешқандай да әуре-сарсаңға түспей-ақ, портал арқылы онлайн-тапсырыс бере алатыны қуантады.

Арайлым СКЕНДИЯРҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support