- Advertisement -

Бағдарламалар аясында біткен іс көп

49

- Advertisement -

Бүгінде халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі – кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдығы екені белгілі. Осыған байланысты біздің елімізде де кешенді шаралар қолға алынуда. Соңғы екі-үш жыл көлемінде жүзеге асырыла бастаған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй және «7–20–25» ипотекалық бағдарламаларының игілігін ел көре де бастағаны – соның көрінісі. Ауқымды екі жоба бір-біріне әсте кедергі келтірмесі анық. Керісінше, қатар жұмыс істеу арқылы азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Мысалы, оның алғашқысы сатып алу құқығынсыз жалдамалы, несиелік тұрғын үйлер салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру, квазимемлекеттік сектор субъектілері күшімен тұрғын үй құрылысын жүргізу секілді бес міндетті жүзеге асыру арқылы халықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешуді көздейді. Ал «7–20–25» бағдарламасының мақсаты – халыққа төменгі пайызбен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға ипотека беру. Бұл – арзан қорларды қолдану тетігі. Оның негізгі шарттарына сәйкес, ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматтың ипотекалық несиелерді 20 пайыздан аспайтын деңгейдегі бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге 7 пайыздық мөлшерлемемен рәсімдеуіне мүмкіндіктері бар. Әрбір отбасының баспаналы болуының да сенімді кепілі осы.
Қазір өңірімізде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтуге тиіспіз. Саладағы негізгі индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы да қуантарлық деңгейде. Былтыр пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 483,2 мың шаршы метрді, яғни 112 пайызды құрады. 125, 616 миллиард теңге көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бюджеттік қаражат есебінен құны 28,5 миллиард теңгені құрайтын 124 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, оның ішінде 93-інің құрылысы аяқталып, пайдалануға да берілді. Ал 31-інің құрылысы биылға өтпелі.
Жоғарыда аталған бағдарламаның екеуінің де елге шарапаты тиіп отыр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы 1 673 пәтерлі 22 үй пайдалануға тапсырылды, оның 953 пәтерлі 13 тұрғын үйі арендалық, 720 пәтерлі 9 тұрғын үйі кредиттік негізде салынды.
Кредиттік үйлердің бүгінгі таңда 1200 пәтерге «Қазақстан Құрылыс Жинақ Банкі» АҚ арқылы салымшылар ие болды. Ал 380 пәтер «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға ұсынылуда. Жалпы өңірімізде Елбасының бастамасымен қабылданған еліміздегі әрбір отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беретін былтырғы бағдарлама бойынша қызу жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жерде айта кетерлік жайт, Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігінің 2018 жылғы 7 шілдедегі №540 «Кредиттік тұрғын үйді өткізу тәртібін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйлер 6 ай мерзім ішінде «Қазақстан Құрылыс Жинақ Банкі» арқылы салымшылар арасында және кезекте тұрған азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы арқылы сатылымға беріледі. Ал алты ай өткеннен кейін оларды басқа да азаматтардың сатып алуына мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар қазіргі таңда Үкімет тарапынан жергілікті атқарушы органның «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға, бюджет есебінен алғашқы жарнаның 1 миллион теңгеге дейінгі 50 пайыздық сомасын субсидиялау жөніндегі Ережесі бекітілуде. Онда субсидиялаудың қайтарымды және қайтарымсыз түрлері қамтылатын болады. Қайтарымды субсидия әлеуметтік қолдау ретінде 0,01 пайызбен 15 жылға берілуі, ал қайтарымсыз субсидия әлеуметтік көмек ретінде бөлінуі қарастырылған.
Бұл жеңілдіктерді пайдалану үшін, азаматтардың бағдарламамен кредиттеуге құқығы бар өтініш берген, екінші деңгейлі банктер қоятын талаптарға сәйкес болуы және жергілікті мәслихат бекітетін, субсидиялауға жататын азаматтар топтарының тізбесіне сай келуі тиіс. Аталған Ереже бекітілсе, біздің облысымызда да «7-20-25» бағдарламасына қатысушы азаматтар үшін алғашқы жарнаның 1 миллион теңгеге дейінгі 50 пайызын субсидиялау жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
Осы орайда биыл облысымызда құны 30,9 миллиард теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отырғанын да айта кетсек дейміз. Оның ішінде 12-сі білім, 1-еуі денсаулық сақтау салаларына тиесілі.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы саласында – 28, инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету саласында – 14, спорт саласында 2 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Биыл өңірдегі құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың электрондық дерекқорын қалыптастыру да ойластырылуда. Онда нысанның орналасқан мекен-жайы, көлемі, құны, заңдылығы, қызыл сызық үстіне салынбауы, статистикалық есепке енуі туралы ақпараттар жинақталады. Бұл жүйені қала, ауыл әкімдіктері электрондық кілт арқылы ақпараттармен ұдайы толықтырып та отырады. Оған қоса жүйе мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және сәулет басқармаларының қатаң қадағалауына алынбақ. Аталмыш жүйе облысымыздағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен мәдениетін де қалыптастырады деп сеніммен айта аламыз.

Жайықбай ШАЛДАРОВ,

облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support