- Advertisement -

Жат ағым жетегінде кетпеймін десең…

67

- Advertisement -

Дін – мейірбандықтың сақшысы. Сауаты бар адам ешқашан адаспайды. Жат ағымның жетегіне түсіп, шырмалмайды. Осыны әрқашан қаперде ұстағанымыз ләзім. Қазақстан тәуелсіз ел атанғалы міне, жиырма сегізінші жылға қадам басып отырмыз. Халқымыздың ұлттық тұтастығы және мемлекетіміздің бекем бірлігі қашанда назарымызда болуы керек. Жалпы, рухани-мәдени үрдістерді болашақ ұрпақ тәрбиесінде дәстүрлі танымды алға тарта отырып, қазақ ұлтының төл болмысындағы ұлттық құндылықтарын, ата-бабаларымыз ұстанған ислам дінінің асыл қағидаттарын дұрыс түсіндіріп, дәріптеу – баршамыздың асыл борышымыз.

Қай ұлттың болсын, қарым-қатынастарын негіздейтін діннің, діни қағидалардың болуы – табиғи құбылыс. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықтардың санатына жатамыз. Бұл – бабаларымыздың салып кеткен, бүгінгі ұрпақ жалғастырып жатқан сара жолы. Қазақтың салт-дәстүрі Исламның асыл құндылықтарымен біте қайнасып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан хадистер қазақтың нақылына айналып, халқымыздың наным-түсінігімен қабысып, тұрмыс тіршілігімен ұштасып кеткенін көріп отырмыз.
Қалай алып қарасақ та ислам – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ру, тайпа, ұлт, нәсілге емес, бүкіл адамзатқа түсірілгенін қаперде ұстағанымыз дұрыс. «Олар ынтымақта болсын, бірін-бірі танысын, достықта өмір сүрсін» деп түсірілген. Бұл жөнінде Жаратқан Иеміз Құран Кәрімде: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелдерден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық. Кімде-кім Құдайдан көбірек қорқып, тақуа болса, Алла алдында соның дәрежесі биік болады. Алла барлық нәрсені қамтып біледі» (Әл-Хужурат сүресі 13-аят) деп әрбір ұлт өз мәдениетімен, салт-дәстүрімен өмір сүруі, ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізгі факторы екенін көрсетеді.
Қазақ мәдениетіне ислам суниттік Абу Ханифа мазхабы, Матуриди сенім мектебінің негізінде дәстүрлі ислам болып қаланды.
Кеңес үкіметіндегі атеистік идеологиядан еркіндік алғалы бері қазақ халқы өзінің дәстүрлі дініне бет бұра бастады. Бірақ қазақ елі түгелдей сол дәстүрлі Исламға шынымен бет алды ма? Әлбетте, жоқ. Осы кезеңде халқымыз өзінің бірлігін, берекелі тірлігін жоғалта бастағандай күй кешті. Өйткені елді біріктіретін – санадағы идея, яғни жүректегі сенім, рухани-мәдени бірлік. Ал қазіргі таңда мемлекетіміздің барша азаматы бір сенім мен идея аясына топтаса алған ба? Мәселенің түп-төркіні осында жатса керек-ті.
Атеистік сенім тарқағаннан кейін оның орнын әртүрлі діндер мен ағымдар басқаны жасырын емес. Шетелдерден сан түрлі діннің өкілдері келіп, халықты өз діни көзқарастарына баули бастады. Осының нәтижесінде елде түрлі діни бағыттар пайда болды. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» дегендей-ақ, қандай дін өкілі келіп діннен хабарсыз қазаққа өз сенім-нанымын айтса, әлгі қазақ оған мүлтіксіз сенді. Оның рухани аштығы көп ойлануға бой бермеді. Ақиқатты білмеген соң жалған, яғни аралас ақиқатты «толық ақиқат» деп ұқты. Сол себепті көптеген азаматтарымыз ислам атын жамылған ағымдардың қатарын толықтырған болатын. Бұл, әрине, өзекті өртейтін, тілгілейтін өкініш дер едім.
Міне, осылайша қазіргі таңда Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ұйымдардың және тоталитарлық секталардың артуы мен оның қатарына жастардың, жалпы халықтың молынан тартылуы көп ұлтты мемлекетіміздің ұлтаралық татулық пен тұрақтылығына қауіпті фактор саналып отыр. Сонымен қатар ұлтаралық радикализм мен шиеленісті тудыртатын қосымша күш болып табылады. Себебі олардың сана-сезімдерінің уланғаны соншалық, әлгі азаматтар өздері кірген жат ағымның «көсемі» не айтса, соны екі етпей орындайтын жанды роботқа немесе сарбаздарға айналады. Оны күнделікті өмірде көріп те, біліп те жүрміз.
Осындай орны толмас қателіктерге жастарымызды ұрындыратын ең басты себеп – дәстүрлі дініміз бен жат ағымдардың ара жігін ажырата алмауы. Соның салдарынан ғаламтор кеңістігіндегі түрлі жат ағымдардың сайттарына кіріп, діни сауатсыздыққа ұрынып жатыр. Мұның отбасындағы келіспеушіліктер мен жанжалдарға, өзге де қайғылы оқиғаларға апаратыны дәлелдеуді қажет етпейді. Өкінішке қарай діни сауатсыздық бізді тығырыққа тіреп тұрған жайы бар.
Қазіргі таңда уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті діни ағымдарға қарсы белсенді күресі мен алдын алу шаралары нәтижесінде көптеген радикалды сайттарға тосқауыл қойылып жатқаны көшілікке мәлім. Сондай-ақ еліміздің түрлі оқу орындарында жасөспірімдердің діни сауатын арттыратын арнайы ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен оқу-ағартушылық семинар-тренингтері тұрақты түрде өткізілуде. Сонымен қатар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі және ҚМДБ-ның бастамасымен әр алуан ағартушылық сайттар мен порталдар іске қосылды. Сан түрлі деструктивтік діни ағымдардың салт-дәстүрімізге, дінімізге және ділімізге тигізетін зардаптары жайлы тиісті органдар мен дін өкілдерінің, теолог мамандардың қатысуымен республикалық және аймақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында (телеарналарда, газеттерде және т.б.) арнайы сұхбаттар жүргізілуде. Мұның бәрі адасқан адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін қолға алынып жатқан жұмыстар.
Қазақ халқы «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген сөзді текке айтпаса керек-ті. Ең бастысы, түрлі (аттарын атаудың қажеті жоқ деп есептеймін) радикалды діни ұйымдардың арбауына түскен азаматтар дұрыс жолға түссе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қорыта келе, ақпараттық кеңістіктегі сан түрлі діни сайттардың жұмысын қадағалаумен бірге, жастарымызды мұндай олқылықтардан сақтандыру үшін барынша жұмылған жұдырықтай атсалысып, тәрбие мәселесіне басты назар аударуымыз қажет дегім келеді. Өйткені жас ұрпақты тәрбиелеу – әр ата-ананың борышы. Оны ұдайы назарымыздан тыс қалдырмағанымыз абзал. Осы ретте жастарға қоғамның да, қоршаған ортаның да ықпал ететінін ескеруіміз керек деп пайымдаймын. Себебі «Ағаш түзу өсуі үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» деген халқымыздың аталы сөзі бекер айтылмаған ғой. Көрегенділіктің үлгісі де осы сөзде жатқан жоқ па? Сондықтан да балалардың бойына жастайынан рухани-мәдени құндылықтарды басшылыққа ала отырып ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру – аса маңызды. Тәрбие ісінде осындай басымдықтарды негізге алсақ, ешкім ұтыла қоймас.
Ақиқатына келсек, қазақ халқы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзді текке айтпаған. Баланы балабақшадан бастап, тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында дәстүрлі дінімізді, тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғары оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз қажет. Тек сонда ғана осындай теріс пиғылды діни жат ағымдарға бөгет қоя аламыз.
«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген сөздің төркінінде үлкен мән бар. Бүгінде Сирия асып, жат ағым құрбанына айналған кейбір отандастарымыз өздерінің адасқандарын айтып, қоғамға қайта бейімделуге ниет білдіріп отырғанын естіп, білдік. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы олардың хал-ахуалымен таныс болып жатқан жайымыз бар. Не десек те, ислам діні – ізгіліктің символы. Ал біздің асыл дінімізге нұқсан келтіруге тырысып жүргендердің көздегені мен көксегені белгілі. Іріткі салу арқылы тыныштығымызды бұзғысы келеді.
Қазақ халқы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөзді текке айтпаса керек-ті. Ал діни сауаты бар адам қашанда бірлікті, тату тірлікті алға қоятыны ақиқат. Қазірде аттары аталып жүрген түрлі теріс бағыттағы діни ағымдар біздің сол мейірбандығымызды, кісілігіміз бен кішілігімізді, татулығымызды қиратқысы келетіні екі бастан аян. Оған жол бермеуіміз керек. Сол үшін де жастарымыз бала күнінен бүлікпен емес, біліммен қаруланғаны дұрыс. Ал білімді ұрпақтың ешқашан адасуға қақысы жоқ. Саналы адамның ісі де сапалы болады. Сондықтан ұрпақ тәрибесіне келгенде кеш қалып, бармақ шайнамайық, ағайын!
Азат еліміз көркейіп, өркендей түссін. Тәуелсіздіктің тізгінін ұстайтын жастарымызға Жаратқан білік пен білім, сана берсін!

Байылхан ҚҰЛНАЗАРОВ,
облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support