- Advertisement -

Төгілді сахнада төкпе өлең

99

- Advertisement -

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен өткен жылы тұңғыш рет «Жамбыл – менің жәй атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы Тараз төрінде ұйымдастырылған-ды. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қолдауымен бұл жыр додасы дәстүрлі түрде өтетін болып шешілді. Әрі облыс әкімі ақындар аламанын жаңа форматпен жаңғырту қажеттігін еске салған еді. Соның нәтижесінде тасада қалған жас таланттарға да мүмкіндік туды. Ауылдағы ақындар аудандық іріктеуде бақ сынап, оза шапқандары облыстық дода жолдамасын жеңіп алды. Кешегі айтыста үздік шыққан сегіз ақын 28 ақпан күні жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың туған күнінде өтетін республикалық айтыстың жолдамасына иелік етті. Сонымен…

Баласағұн атындағы орталық концерт залында өткен жыр аламанына барлығы 32 ақын қатысады деп шешілсе, бұл күні құландық Аруна Керімбек белгілі себеппен додаға қатыса алмады. Оның орнына жерлесі Асхат Қылышбек екі рет сахнаға көтеріліп, төкпе өлеңді төкті.
Ақындар додасын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтау сөзбен ашты. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осынау айтыс аудандық деңгейден бастау алған еді. Енді, міне, облыстық додада отыздан астам ақын топқа түсіп отыр. Бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іс жүзіндегі көрінісі. Атамұра өнерімізді төрге оздырғанымыздың белгісі. Өткен жылы алғаш рет қолға алынған аламан облыс әкімінің қолдауымен аясы кеңейіп, дәстүрлі түрде жалғасын табуда. Барлық қатысушы ақындарымызға сәттілік тілеймін», – деді Бекболат Серікбекұлы өз ойын түйіндеп.
Бұдан соң жүргізуші айтыстың қазылар алқасын таныстырды. Қара қылды қақ жаратын қазылардың төрағасы облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Біржан Сартбек болса, құрамында ақын Шырын Мамасерікова, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, талай талантты айтыскер жастың талабын ұштаған Айтмұхамбет Исақов болды. Сондай-ақ айтысқа тәуелсіз сарапшы ретінде филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова мен облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді таңдалыпты. Іс-шараның ресми бөлімі аяқталған соң ақындар сахнаға көтеріліп, доданы бастап кетті.
Бірінші болып сахна төріне талай айтыстарда жасындай жарқыраған байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен сарысулық Талғат Құсайынов шықты. Бұл жұпта Алтынкүлдің тәжірибесінің мол екендігі айқын аңғарылып тұрды. Талғат та барын салып бақты. Әйткенмен, оның шумақтарынан поэтикалық қуат, көркемдік секілді критерийлерді байқай алмадық. Талғатқа жоғары деңгейде өнер көрсету үшін әлі біраз дайындық керек сияқты көрінді. Бұдан соң байзақтық Ернұр Бейсенов пен меркілік Мұқағали Балтабай сөз сайыстырды. Екі ақынның деңгейі бұрынғыға қарағанда аздап өскені аңғарылады. Ернұрдың: «Жамбылдың кім екені белгілі ғой, Мұқағали келген соң іріктеуге» деген өлең жолдарынан тапқырлықтың табы сезілді. Өз кезегінде Мұқағали да әдемі шумақтарымен қарсылық көрсетіп отырды. Екі жас ақынның айтысы орташа деңгейде өрбіді. Әлбетте, жастардың таланты бар екені анық. Алайда оларға әлі де шыңдала түсу керектігі сөзсіз. Айтыс техникасын меңгергенімен өлеңдерінің құрылымында ширататын тұстар баршылық.
Сахнаға үшінші боп көтерілген әріптесіміз, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі, Талас ауданының намысын қорғаған Есет Досалы мен жуалылық Дидар Апбасов ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықты сақтап, өз деңгейлерінде айтысты. Бұлардың айтысында достық, ағалық-інілік қарым-қатынас әдемі көрініс тапты. Төртінші жұп құландық Асхат Қылышбек пен қордайлық Таалайбек Бұғыбаев арасындағы сөз сайысы көрерменнің көңілінен шыққанына талас жоқ. Дегенмен бұл айтыста Асхаттың басымдығы байқалып тұрды. Қазақтың күйеу баласы Таалайбек қырғыздың ұлттық аспабы қомузымен шығып, қазақ тілінде айтысқаны жарасымды шықты. Әйткенмен Таалайбектің кей кездерде өлеңнің формасынан шығып, буын-бунақ, ұйқас атаулыға назар аудармай кеткенін оның сахнадағы қимылы жапқандай болды. Қарсыласының осал тұсын дәл таба білген Асхат астарлы әзілмен оны біраз терлетті. Асхат айтысты ұзақ созбай:

«Ал енді атамыз бар, анамыз бар,
Ар ма екен жеңгеміз бен ағамыз бар.
Көп созбай бірден іске кірісейін,
Мені сәлем берді деп санаңыздар.
Облыстық айтыстан шаршасаңдар,
Халықаралық айтысты қараңыздар.
Қанына тартатұғын қазақпыз ғой,
Мұндайда қозар ұлттық санамыз бар.
Жер қылып қырғыз жеңіп кетпеуі үшін,
Маған табыс тілеуге жараңыздар.
Қалғанын қатырамын бұл жездемнің,
Қалпағын қайыратын шамамыз бар», –

деп, ә дегеннен тапқырлық таныта білді. Бұл жұп жезде мен қайнының арасындағы тамаша айтыс үлгісін көрсетіп, көрерменді күлкіге қарық қылды. Алма-кезек әдемі әзілдермен әдіптелген сөз сайысы көрерменнің құлақ құрышын қандырды.
Бесінші жұп байзақтық Рай Дөңбай мен шулық Әділет Мұсақұл да барын салып бақты. Көптеген айтыс аламандарында бақ сынаған Райдың қарқынына көңіл толды. Әділет те жақсы жыр жолдарымен көрермендердің көңілінен шығуға тырысты. Жарасымды жұптың талабы жұртты риза етті. Мұнан соң сахнаға шыққан жуалылық Қанат Мырзаханның жамбылдық Айжан Сырымбетовадан басымдығы көзге ұрып тұрды. Республикалық деңгейдегі айтыстарда жасындай жарқырап жүрген Қанаттың өлең жолдарында шашыраңқылық байқалмады. Ішкі ұйқастары да тастай екен. Жеңгесінің сөз бастауын, қайнысына ат қоймай, бірден «Қанат» деп атап кетуін сын тезіне алған Қанаттың бұл айтысқа жақсы дайындалыпты. Шымыр шумақтарымен көрермендерді тамсандырған Қанат Мырзаханның осынау жұпта бәсі басым болды десек, ешкім таласпайтын шығар. Әлбетте, Айжан да өз деңгейінде жақсы жауаптар қайтарып отырды.
Мұнан соң қазылар алқасы бірқатар жұптардың айтысын уақыттың тапшылығына байланысты қысқартып отырды. Алайда бұл айтыскерлердің көсіле шабуына кедергі келтірді дей алмаймыз. Қысқа қайырғандардың қатарында қордайлық Күмісай Сәрсенбаева мен меркілік Мейіржан Жекебаев та болды. Олар аз уақытта көп ой айтуға тырысты. Байзақтық Дидар Басықараев пен мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов арасындағы айтыста ақындар қысқа қайырғанымен, орамды ойлар айта білді. Дегенмен екі ақынға әлі де ширай түсу керектігі айқын байқалды.
Ал таластық Нұржан Манатбек пен құландық Айтбек Тұрсынбай тақырыпты ашуға күш салды. Айтыс аламанында Айтбек Тұрсынбай тақырыпты қамтып қана қоймай, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелерді де жырына арқау етті. Екпіндетіп жырлаған оның қарқыны көрермен тарапынан лайықты бағасын алды. Шулық Айым Көшербай мен жамбылдық Бақнұр Нұрман арасындағы айтыста екі ақын да барынша жақсы айтыс жасауға көңіл бөлді. Жас талапкерлердің талпынысы көңілге қонды. Әйткенмен, Айымның кей тұстарда тапқырлық танытты. Бұл жұптың да болашағынан үміт күтуге болатын сияқты. Әрине, ол үшін қос ақынның әлі де дайындалып, іздене түскендері жөн.
Бұл күні жастардың жасындай жарқырауына мүмкіндік берілді. Жамбыл ауданынан келген Шапағат Сәбитқызымен айтысқан тараздық Ербол Елшаттың қадамына сүйсіндік. Ербол дайындығын пысықтай түссе, алдағы уақытта үлкен додаларда көрінуі әбден ықтимал. Әрине, бәрі өзіне байланысты.
Шулық Бақытбек Жұмабеков пен қордайлық Алдаберген Жолдасбаев, шулық Нұрлан Жұмабеков және тараздық Медеу Мырзатай жұптары да өз деңгейлерінде жақсы сөз сайысын ұсынды. Сарысулық Алик Бекмұсаевтың орнына шақырылған байзақтық Бақытжан Әкімбаев пен жуалылық Әуесхан Үркімбаев арасындағы сөз барымтасы аға мен іні арасындағы сыйластық деңгейінде өрбіді. Екі ақын арыға барыспай, ініге деген ізет пен ағаға деген құрметтің әдемі үлгісін көрсетті.
Залға жиналған жұртшылық қызыға тамашалаған айтыстардың бірі жамбылдық Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Дархан Әбдіманат арасында өрбіді. Республикалық айтыстарда талай рет жүлдегерлердің қатарын толықтыра білген екі жас пері әзілге құрылған шымыр шумақтарымен жұртты күлкіге қарық қылды. Бір-бірінің сырына қанық екі ақынның әзілдесіп қана қоймай, тақырыпты ашуға күш салғаны, Нұрлыбектің өңірде атқарылып жатқан игі істерді өлең тілінде өрнектеуі көрермен тарапынан лайықты бағаланды.
Облыстық айтысты құландық Асхат Қылышбек пен тараздық Шапағат Әбдір қорытындылады. Көптеген жыр аламандарында жақсы нәтижелерімен көзге түскен Асхаттың жөні бөлек екені талас тудырмайды. Әйткенмен, бізді бұрыннан жазба ақын ретінде танылған Шапағат Әбдірдің аяқ алысы қуантты. Шумақтарының басым бөлігінде келісті теңеу, әдемі ойлар бар. Дегенмен айтыс тек қана тосын теңеулерден тұрмайтынын, мұнда суырып салмалық қасиет керек екенін Шапағаттың қаперде ұстағаны дұрыс-ау деген ойға қалдық. Әрине, бұл жағынан Асхаттың басымдығы байқалып тұрды. Қанша дегенмен Асхат Қылышбекте тәжірибе жеткілікті ғой. Жазба ақын ретінде танылған Шапағат алдағы уақытта жыр аламандарында бақ сынайтын болса, шаппа-шап айтысқа назар аударғаны жөн. Сонда бес қаруы сай ақын болып шығатыны сөзсіз. Бұл сөз сайысында тәжірибелі Асхат інісін жолда қалдырмай, жетелеп отырды.
Бір айналымнан тұрған айтыста 16 жұп бақ сынады. Қазылар алқасы кеңесуге кеткен кезде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әдемі әндер шырқап, көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті.
Сахнада төкпе өлең төгілген жыр додасының қорытындысында қазылар алқасының төрағасы, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Біржан Сартбек сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды. Ол бұл айтыстың облыс әкімінің қолдауымен аудандық іріктеу кезеңінен басталғанын, жалпы облыстық айтыстың жолдамасына 100-ге жуық үміткердің таласқанын тілге тиек етіп, өз деңгейінде өнер көрсеткен айтыскерлерге ризашылығын жеткізді. Айтысқа қатысқан бірқатар ақындарға Алғыс хаттар тапсырды. Олардың қатарында әріптесіміз, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы да бар. Сөз сайысының қорытындысына сәйкес ынталандыру сыйлығын иеленгендер қатарында тараздық ақындар Шапағат Әбдір мен Медеу Мырзатай, Ербол Елшат, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова болды. Ынталандыру сыйлығының иегерлерін Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков марапаттады.
«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты облыстық айтыстың қорытындысында үшінші орын Жамбыл ауданының үкілі үміті Нұрлыбек Құрмановқа бұйырса, Тұрар Рысқұлов ауданының намысын қорғаған Асхат Қылышбек екінші орынды қанағат тұтты. Байзақ ауданының жас таланты Дархан Әбдіманат бірінші орынға лайық деп танылса, жуалылық Қанат Мырзахан бас жүлде иегері атанды.
Жалпы алғанда облыстық жыр додасы жоғары деңгейде өткенін айта кеткен ләзім. Доданың қорытындысы бойынша жүлделі орындардан көрінген ақындар мен ынталандыру сыйлығына ие болғандар 28 ақпан күні өтетін республикалық аламанда облыс атынан сынға түспек. Оны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев та айтып өтті. Сөз барымтасы кезінде елдік пен ерлікті, жыр алыбы Жамбылдың өнегелі өмірін жырлаған ақындар өңірде тындырылып жатқан игі істерді айтуда да тосылып қалған жоқ. Бізді қуантқаны да сол.
Түгел сөздің түйіні сол, биылғы іріктеу сайысы өз жемісін бергеніне көзіміз жетті. Айталық, өнерімен көрінгендердің ішінде Шапағат Әбдір, Ербол Елшат, Медеу Мырзатай секілді жас дарындардың болғаны сөзімізді дәлелдей түседі. Әлбетте, республикалық додада аузымен құс тістеген кіл жүйріктің бақ сынайтыны сөзсіз. Сондықтан жолдама алған барлық ақындарымыз дайындыққа қазірден бастап кіріскені жөн. Өйткені олар облыс намысын қорғайды. Биыл осынау аламанға бөлінген қаржы көлемі де едәуір артып отыр.

Табиғат Абаилдаев

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты облыстық ақындар айтысы мәресіне жетті

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support