- Advertisement -

Көпшілік сенімі серпін береді

33

- Advertisement -

Көпшіліктің «Нұр Отан» партиясына деген сенімі аумақтық филиалдың жұмысына серпін береді. Біз әрқашан азаматтардың талап-тілектерін тыңдап, шағымдары мен мұң-мұқтаждарына көңіл бөліп келеміз. Бұл өз кезегінде аудандағы көптеген мәселелердің түйінін тарқатуға да септігін тигізіп келеді. Өйткені күнделікті тұрмыс-тіршілікте кездесетін көлеңкелі тұстарды ел-жұрт жақсы біледі. Олардың өтініштеріне ден қоюдың арқасында қоғамдағы қордалана бастаған түйткілдердің шешімі дер кезінде табылуда.
Бүгінде партияның аудандық филиалы құрамында 30 бастауыш партия ұйымы, 6 145 мүшесі бар. Филиал өз жұмыс жоспарын Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауларынан туындайтын міндеттерге қарай түзген. Сондай-ақ Партия Төрағасының «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру туралы тапсырмасы да – басты назарда. Саяси кеңес Бюросының отырыстарында партияның аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының атқарған жұмыстары қаралады. Азаматтарға мемлекеттiк немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру кезегiнің қозғалысы, қоғамдық жұмысқа тарту, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мәселелері де назардан тыс қалған емес.
Нұротандықтарға жүктелген міндеттің бірі – Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындайтын тапсырмалардың қалай орындалып жатқанына бақылау жүргізу. Ішкіпартиялық тәртіпті сақтайтын партия мүшелері үшін бұл үлкен жауапкершілік. Сондықтан аудандық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының мүшелері өз міндеттерін орындаумен қатар, Президент Жолдауларын, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жергілікті тұрғындар, партиялық әріптестері арасында кеңінен насихаттап, түсіндіруге атсалысуда. Олар басқа да депутаттармен бірлесіп, партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында аудандағы 5 соғыс ардагеріне өз қаражаттары есебінен сыйлықтар берді. «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыруға да үлес қосып келеді.
Ұлт Көшбасшысы ұсынған, сонымен қатар барлық партиялық жобалар ауданымызда жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, былтыр «Балаларға арналған ақысыз IТ сыныптар» жобасы аясында Жібек жолы мектеп-лицейінен арнайы кабинет ашып, тиісті құрал-жабдықтармен қамтыдық. STEM академиясынан арнайы курстан өтіп келген 2 мұғалім 8-16 жастағы оқушыларға ақпараттық технологиялардың тілін үйретуде.
Ал «Білім орталығы» жобасы аясында Бірлікүстем ауылдық кітапханасынан цифрлық ақпараттық орталық ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сондай-ақ былтыр аудандық кітапханада өскелең ұрпақтың рухани, инттеллектуалдық өсуі мен шығармашылық дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ашылған білім орталығы өз қызметін бастады.
Былтыр үш тұғырлы тіл саясатын ілгерілету үшін партия «English for Jastar» жобасын қолға алған болатын. Қазір ерікті Қ.Нұражиева Абай ауылындағы орта мектепте 9-11-сыныптың 57 оқушысына ағылшын тілін үйретуде. Өткен жылы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» шеңберінде «Нағыз патриоттар», «Үміт үйі» және «Ядролық сынақтардың мүгедектері мен ардагерлері, Жамбыл облысы Шу аудандық ерекше тәуекелді бөлімшелері» қоғамдық бірлестіктері өз жұмыстарын өткізіп, аймақтық кезеңге жолдама алды.
Елбасының Партия жұмысын жаңғырту тапсырмасын орындау мақсатында былтыр Шымкент қаласында партия тарихында алғаш рет «Бастауыш партия ұйымдарының» аймақтық форумы өткені белгілі. Оған ауданымыздан «Аурухана», «Балуан Шолақ» пен «Қонаев» бастауыш ұйымдарының төрағалары қатысып қайтқан еді. Жиында олар көптеген мәселелер көтеріп, өз ойларымен бөлісті. Көпшіліктің ұсыныс-пікірлерінің негізінде ұйым қызметін жандандыру тұжырымдамасын, цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру, Бизнестің геоақпараттық онлайн сервисі, шағын және орта бизнесті қолдау, үштілділікке көшу, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған жаңа партиялық жобалар талқыланды. Оны іске асыру тәсілдері сараланды. Сонымен қатар «Цифрлық партия» жобасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және партиядағы адами ресурстарды ұйымдастыру мен оларды басқару жайы да сөз болды.
Арыз-шағымдарды қарауда құқықтық теңдікті ұстанатын, жұрт сеніміне селкеу түсіретін жайттардан аулақ болып, әділдікті ту еткен біздің филиал тағдыр тауқыметін тартқан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға көмектесіп, заң аясында кеңестер беріп келеді. Өткен жылы филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесіне осындай 280 өтініш түсіп, оның 136-сы оң шешімін тапты.
Елбасы төрағалық ететін партияның ең басты мақсаты – тәуелсіздікті нығайта түсу. Өйткені «Нұр Отан» халық сенім артқан жетекші партия. Сол себепті саяси ұйым барлық істе көшбасшы болуы тиіс.
Дархан ӘЛІПБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support