- Advertisement -

Барлық салада өсім бар

34

- Advertisement -

Жаңатас қаласында аудан әкімі Балабек Нарбаев тұрғындар алдында 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша есеп берді. Оған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты. Аудан әкімінің қорытынды есебін бір мезетте ауданның барлық ауылдық округтері орталығындағы ауыл тұрғындары онлайн жүйесінде тыңдауға мүмкіндік алды.
Жиында аудан әкімі баяндама жасады.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор әрқашанда экономиканың драйвері болуға тиіс. Соңғы жылдары агроөнеркәсіптің дамуында оң үрдістер байқалып, ауыл шаруашылығында өсу динамикасы сақталып отыр, – деді баяндамашы.
– Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10,7 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артты. Сондай-ақ егістік жер көлемі 20 мың гектарға ұлғайды. Жаңаталаптық «Жантөре-Саудакент» ЖШС тамшылатып суару технологиясын 100 гектар алқапқа енгізіп, мол өнім алды.
Ауыл шаруашылығы техникаларының базасы да жыл санап жаңаруда. Оның басым бөлігін лизингке алынған техника құрайды. Былтыр 6 шаруа қожалығы 54,5 миллион теңгеге 6 «Беларусь» тракторын, 2 қосалқы ауыл шаруашылығы техникаларын алды.
Мал басы да артып келеді. Ауданда ет және сүт бағытында 11 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда мүйізді ірі қара 19 318, қой-ешкі 222 600, жылқы 6 290, түйе 2 111-ге жетіп отыр. Құс саны 21 600-ді құрайды. Жыл ішінде 7 189,4 тонна ет, 5 822,3 тонна сүт, 546,9 тонна жүн, 3 762,9 мың жұмыртқа өндірілген.
Табиғи газ тарту, сумен жабдықтау, инфрақұрылымды жүргізуге байланысты оң шешімін тапқан жаңалықтар баршылық. Ауданда 26 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған таза ауызсу жүйесіне қосылған. Биыл Қызыл диқан мен Арыстанды ауылдары таза ауызсумен қамтылмақ. 2018 жылы Талас ауданының – 5, Сарысу ауданының 4 елді мекеніне газ құбырын тарту жұмыстары басталған болатын. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да өз жалғасын табады. Сонымен қатар «Шаян – Еврохим – Жаңатас» бағытында жоғары қысымды газ құбырын салу жоспарлануда. Құбырдың ұзындығы 98,3 шақырымды құрайды. Жоба құны 8,8 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 3,3 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Жаңатас қаласына газ құбыры тартылған соң ауданның 14 елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту көзделуде.
Жол жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 169,6 миллион теңге бөлініп, Жаңатас қаласындағы шағын аудандардағы ішкі және елді мекендердегі 8 көше жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жаңатас-Саудакент» бағытындағы көпір қайта жаңғыртылды. Үстіміздегі жылы елді мекендердегі 9 көшенің және Жаңатас қаласындағы шағын аудандардағы ішкі жолдарды орта жөндеуден өткізу үшін облыстық және аудандық бюджеттен қаржы бөлініп отыр.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 9 ауылдық округтің 14 елді мекенінде көше жарықтандырылып, балалар ойын алаңы орнатылып, спорт алаңшалары мен су ұңғымаларына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 15 елді мекенді абаттандыру мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде Жайлаукөл ауылындағы Ы.Дүкенұлы ескерткіші ағымдағы жөндеуден өткізілмек.
Кәсіпкерлік – нарықтық экономиканың қозғаушы күші. Аудан бойынша 2 357 шағын және орта кәсіпкер жұмыс істейді. Олар 4 822 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Асыл тұз компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылып, жұмыстар жүргізуде. Жалпы, шағын және орта кәсіпкерлікті бастау және дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында 19 жоба қаржыландырылды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауданға келген 40 маманның тұрғын үй сатып алуына жергілікті бюджеттен 142,0 миллион теңге несие берілді, – дей келіп, аудан әкімі спорт, денсаулық, білім, өндіріс, және басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жарыссөзге Ж.Шадиев, С.Самат, А.Қасымбеков, Ж.Жакижанов, Л.Вайс, Ә.Ермашев, С.Аппазов сынды аудан азаматтары шықты. Олар көтерген мәселе де саналуан. Атап айтсақ, жас отбасыларға «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй берілсе, жастарға шағын футбол алаңшалары салынса, Қаратау қаласына қоғамдық көлік қатынау ретке келтірілсе деген өтініштер айтылды. Сондай-ақ жарыссөзге шыққан азаматтар аудан әкімінің жыл бойы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Тұрғындардың сұрақтарына аудан әкімі Балабек Нарбаев жауап қайтарды. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев: – Бүгінгі аудан әкімінің есебіне тұрғындардың қызу араласып, көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін ашық білдіріп жатқандығы қуантарлық. Облыс көлемінде қай салада болмасын ілгерілеу, алға жылжу байқалады. Жалпы, облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталудың қажеті болмас. Өйткені оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы танысып, біліп отырсыздар.
Биылғы жылғы көрсеткішіміз жоғары. Әлеуметтік-экономикалық өсімнің де оң динамикасы байқалады. Өңіріміз республика деңгейінде өнеркәсіп және басқа салаларда алдыңғы орындардан көрінуде. Бұл салыстырмалы түрде қарағанда үлкен жетістік. Бұл бір ғана адамның еңбегі емес, ел деп еңбек етіп келе жатқан барлықтарыңыздың жетістіктеріңіз. Жүйелі жұмыстардың жемісі.
«Көш жүре түзеледі» дейді. Бір жылда барлығын жөндей салу мүмкін емес. Бірақ облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен қазіргі таңда барлық салалар бойынша нақты іс-шаралар бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Жол, тұрғын үй, баспанамен қамту. Елбасының бағдарламалары аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар халыққа дұрыс жеткізіліп, насихатталуы керек.
Қандай жұмыс болмасын, бәрі кезең-кезеңімен, заң аясында жолға қойылады. Жаңатас қаласындағы тұрғын үй мәселесі аудан әкімі айтып өткендей, уақытымен, заң шеңберінде қабылданған шешімге сәйкес қаржы қаралып, шешімін табады.
Керегі – істің нақты нәтижесі. Ол да орынды. Бірақ түсіністікпен қарап, нәтижеге бірлікпен еңбек етудің арқасында қол жеткізілетінін ұмытпауымыз керек. Қолдау көрсетіп, алдағы жұмыстардың оңды нәтиже көрсетуіне атсалысайық.
Ауданға келген сапарымда орын алған жол-көлік оқиғаларын анықтаған болатынбыз. Жол белгілері де орнатылған екен. Дегенмен жол ережесін бұзу, жылдамдықты асырудың салдарынан орын алып жатқан жол көлік оқиғалары азаймай отыр. Сондықтан әр азамат алдымен өз іс-әрекетіне жауап беріп, жол ережелерін сақтауға үлес қосса деймін. Болашақ жастардың қолында деп отырмыз. Жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, ұрпақтар жалғастығын сақтап, көп болып қолдау танытқанымыз дұрыс. Ал көтерілген әлеуметтік сұрақтар уақытымен шешілетін болады. Жүйелі жұмыс жасау үшін қолда барды реттеп алуымыз керек.
Халықсыз мемлекет болмас. Осы орайда бүгін көріп отырғанымыздай сөйлеген азаматтардың барлығы аудан әкімінің айтқанын қолдап, қанағаттанарлық деген баға беріп, ризашылығын білдіріп жатыр. Ол аудан басшысының оң жұмысының нәтижесі», – деді.
Аудан әкімі Балабек Нарбаев көтерілген мәселердің барлығын өз бақылауына алатындығын айтып, жиынды қорытындылады.

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support