- Advertisement -

Ел интернет-дүкендерінің игілігін көре бастады

66

- Advertisement -

Жаһандану заманында ғаламтор желісі алдыңғы шепте тұр десек, артық айтқандық емес. Ғаламтор арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар қаншама. Соның ішінде интернет-дүкендерге деген сұраныс артып, сатушыларының тасы өрге домалап-ақ тұр. Онлайн-сауда әлемдік нарықта өз деңгейінде дамумен қатар, Қазақстан экономикасына да өз ықпалын тигізуде. Бұлай айтудың себебі, қазіргі таңда отандастарымыз да интернет-саудаға қаржы құйып, кәсібін айналдырғанды жөн көреді. Себебі онлайн-сауда – қаржы мен уақыт үнемдеудің оңтайлы жолы. Бүгінде ғаламтор желісін қолданушылардың қарасы қалың. Ондағы интернет-дүкендерге «бас сұғатындар» да аз емес. Десе де, онлайн-сауданың тиімділігі мен кемшілігі де қатар жүретіні жасырын емес. Ол үшін тұтынушылар ең алдымен интернет-дүкенді жан-жақты зерделеп, басқа да тұтынушылардың пікірін біле жүргені жөн.
Бұл туралы онлайн-дүкендерді пайдаланушы Науат Аманбай былай дейді:
– Интернет-дүкендерін пайдаланатындар қазіргі уақытта көбейді. Дүкендерді аралап, қажетіңді таппай жүргеннен гөрі, ғаламтор арқылы ұнатқан затымызға тапсырыс беріп, үйден шықпай-ақ қол жеткізген кім-кімге де тиімді. Тапсырыс берерде ғаламтордағы кез келген дүкеннің жарнамасына сене бермеу керек. Мен өз ойымнан шыққан дүкендердің тауарларына ғана тапсырыс беремін. Осы күнге дейінгі тапсырыспен алдыртқан барлық тауарларыма көңілім толады.
Әлеуметтік желіні табыс табудың көзі ретінде пайдаланып, кәсіптерін нәсіпке айналдырып отырғандардың көбісі дерлік – жастар. Жолын таба білсеңіз, қолыңыздан келген істің бәрін табысты бизнеске айналдыра аласыз, – дейді «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметкері Арайлым Сайлауова.
Жуырда ғана ол құрбысы Сандуғаш Рысқұлбековамен бірлесіп, киім саудасымен айналысатын «Lemon shop» атты интернет-дүкенін ашыпты. Ашылғанына көп уақыт болмаған жас кәсіпкерлер «инстаграм» желісі арқылы тауарларын сатылымға шығарып үлгерді.
– Біз дүкенімізді биыл қаңтар айының 23-і күні аштық. Кәсіпті бірден игеріп кету оңай шаруа емес. Тауарларды өз қаржымыз есебінен инвестиция құйып алдық. Қазіргі таңда аяқ алысымыз жаман емес. Тапсырыс келіп жатыр, салған қаражатымыздың 30 пайызға жуығын өндіріп алдық. Тауарларымыз тұтынушылардың көңілінен шығуда. Жалпы киім сату саласы белгілі бір оқуды қажет етпейді, тек талғамың жақсы болса болғаны. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтіп, Тараз, Балқаш, Астана қалаларындағы сауда орталықтарынан дүкендер ашу жоспарымызда бар, – дейді Арайлым Нұржанқызы.
Жастар жылында жастардың кәсіп ашып, интернет игілігін пайдаларына асырып жатқандығы құптарлық іс. Күн өткен сайын, заман қарыштап дамып, ғаламтор қызметтері халыққа қолжетімді бола түсуі нарық қолданушыларының санын арттырмаса кемітпейтіні анық.

Арайлым СКЕНДИЯРҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 4-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support