- Advertisement -

«Тараз» премьер-лигадағы ойынын Алматыда бастайды

48

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті маусымы наурыз айында басталатын болды. Ағымдағы жылы «Тараз» футбол клубының премьер-лигада бақ сынайтыны көзі қарақты жанкүйерлерге мәлім. Жаңа маусымға жаңа серпінмен дайындалған жамбылдықтар Түркияның Анталия қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, құрамына бірнеше легионерді қосқан-ды. Ол туралы газетіміздің өткен сандарында жазғанбыз.
Таяуда премьер-лиганың толық күнтізбесі жарияланып, «Тараздың» алғашқы ойындарды қай командаға қарсы өткізетіні нақтыланды. Жалпы кезекті ел чемпионаты 9-10 наурызда бастау алмақ.
Сонымен, «Тараз» футбол клубы бірінші турда қай командаға қарсы жасыл алаңға шығады? Жеребеге сәйкес жерлестеріміз алғашқы ойында Алматыға аттанып, жергілікті «Қайрат» футбол клубына қарсы бар әлеуетін көрсетіп көрмек. Әлбетте, өткен маусымда күміс жүлдеге қол жеткізген «Қайрат» қарымды қарсылас. Дегенмен «Тараздың» жаңа футболшыларының да өз ойлағаны бар шығар. Кім білсін?! Жамбылдықтар екінші кездесуді де сырт алаңда өткізеді. Қостанай төрінде жергілікті «Тобыл» футбол клубы «Таразды» қабылдайды. «Тобыл» да өткен маусымда тәуір нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерін жадыратқан-ды. Ойын шамамен 16-17 наурызға жоспарланған.
Жамбылдық футбол жанкүйерлері премьер-лиганың алғашқы кездесуін 30-31 наурызда өтетін үшінші кезеңде тамашалайды. Бұл турда жерлестеріміз «Атырау» футбол клубынан айласын асыруға тырысады. Жалпы алғанда «Тараз» үшін жаңа маусым күнтізбесі оңайға соқпайтын секілді. Өйткені біріншіліктің бастапқы бес кездесуінің тек екеуін өз алаңында өткізеді. Төртінші турда Павлодарға аттанып, жергілікті «Ертіске» қарсылық көрсеткен соң «Тараз» бесінші кезеңде Қызылорданың «Қайсар» футбол клубын қабылдайтын болады.
Премьер-лига ойындарына сақадай сай «Тараз» футбол клубының құрамы жаңа ойыншылармен толыққанын жоғарыда айтып өттік. Жерлестеріміз таяуда Ресейдің «Балтика» командасына қарсы жасыл алаңға шығып, жолдастық кездесуде қарсыластарын 2:0 есебімен жеңді. Аталмыш ойында команданың легионерлері өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Команда сапына жаңадан қосылған ойыншылар білгендерінен жаңылмаса, жаңа маусымда «Таразды» өрге сүйреуі керек-ақ.


Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support