- Advertisement -

Баскетболшылар аламаны аяқталды

32

- Advertisement -

Өңіріміздегі ең үлкен өндіріс орны – Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров басқаратын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш серіктестіктің алты мыңнан астам жұмысшысы бар. Химиктердің ордасы табыстың тайқазанын тасытып қана қоймай, қоғамдық шараларда да белсенділік танытуда. Солардың бірі ретінде облыстық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, баскетболдан ҚР Кәсіподақтар федерациясы кубогі додасын өткізуге атсалысқанын айтуға болады.
Жарыс өткен жылдың қыркүйек айында басталып, оған ірі өндіріс ошақтарынан, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан, мекемелерден 14 команда қатысқан. Сол кезде Тараз қаласындағы «Оқытушы баскетболшылар клубы», «Қазфосфат» ЖШС, Тараздың «Dragons» және Шу ауданының «Шy Tigers» баскетбол командалары үздік төрттіктен көрінген болатын. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи спорт кешенінде аталған командалар арасында шешуші ойындар өтті.
Доданы Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров сөз сөйлеп ашып, спорттың қоғамдағы маңыздылығына тоқталып, командаларға сәттілік тіледі. Ол турнирдің Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Леонид Франгулидидің 70 жылдық мерейтойына арналғанын жеткізді. Облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген сөз сөйлеп, аламанға Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымов қолдау білдіріп, жүлде тағайындап отырғанын айтып, өңірде мұндай турнир әуесқойлар арасында тұңғыш өтіп жатқанына тоқталды.
Кейіннен Тараз қаласының «Dragons» клубы мен Шу ауданының «Шy Tigers» командасы үшінші орынды сарапқа салды. Нәтижесінде 56:47 есебімен «Dragons» командасы жеңіске жетіп, қола медальды иеленді. Бірінші орынға «Қазфосфат» ЖШС құрамасы мен Тараз қаласындағы «Оқытушы баскетболшылар клубы» таласты. Тартысты ойын тең жағдайда өрбіді. Дегенмен ойынның соңына қарай «Оқытушы баскетболшылар клубының» қарқыны үдеді. Олар 62:51 есебімен жеңіске жетіп, топ жарды.
Дода соңында «Қазфосфат кубогі» күміс лигасында бақ сынаған командалардың марапаттау рәсімі өткізілді. Ол жарыста топ жарған облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі командасы, екінші орын алған №23 орта мектеп командасы, үшінші орын иеленген №2 орта мектеп ұжымының еңбегі еленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Мұқаш Ескендіров марапаттап, кубок, диплом, қаржылай сыйлықтар тапсырды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support