Меркінің еті үлкен сұранысқа ие

Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға ерекше көңіл бөліп келеді. Меркі ауданында бұл бағытта елеулі игілікті шаралар жүзеге асырылуда. Өткен жылы ауданда 13200 тонна ет өндіріліп, оның бір бөлігі, яғни 120 тонна қой, 135,9 тонна мүйізді ірі қара еті экспортқа жіберілген. Бұл 2017 жылғыдан – 49,9 және 135,5 тоннаға артық. Бүгінде ауданның мал бордақылау алаңдарында бір мезгілде 5 мыңнан астам өгізше бордақылануда. Ортақ табысқа Ақарал ауылдық округі аумағындағы «Медеу» шаруа қожалығы өзіндік үлесін қосып келеді. Қожалық егін және мал өнімдерін өндірумен шұғылданады.
Сауытбек Ешетов агроқұрылымды 1997 жылы құрған болатын. Алғашқы кезде қарамағындағы 305 гектар егістіктің бір бөлігіне жоңышқа, қалғанына дәнді дақылдар өсірді. Бұған қоса 40 гектар жайылымдық жері бар. «Медеу» біраз жылдардан кейін аяғына тұрған соң Сауытбек Ақарал ауылдық округі аумағындағы бұрынғы тауарлы сүт фермасының қора-жайларын сатып алды. Оның біреуін жөндеуден өткізіп, өгізшелерді бордақылауға бейімдеді. Бүгінде мұнда бір мезгілде 200 мүйізді ірі қара семіртіледі. Базардан сатып алынған, жасы 1,5 жылдық, салмағы 120-150 килограмм аралығындағы бұқашықтар осында 6-10 айға дейін бағылады. Салмағы 280-300 килограмға жеткен кезде етке өткізіледі. Өткен жылы қожалық аудандағы «Ақтоған» ауыл шаруашылығы кооперативіне 400 мал өткізген. Олар сойып, етті Алматыға өткереді.
Қазір қорада 105 өгізше семіртілуде. Таяуда олардың қатары тағы 95 ірі қарамен толықтырылады. «Медеу» жем мен шөпті өздерінде өндіреді. Өткен жылы 20 мың түк пішен, 400 тонна жем әзірленген. Бұл – қолдағы малға күзге дейін жетеді. Мұның өзі шығындарды азайтып, кірісті көбейтуде. Агроқұрылымда тұрақты 7 адам жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы ай сайын 100 мың теңгеден жалақы алады. Жылына 10 миллионнан астам теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Қажетті техникамен толық қамтылған. 2018 жылы екі «МТЗ-80» маркалы доңғалақты трактор сатып алған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында олардың жарты құнын мемлекет жауып берген. Сауытбек келешекте екінші қораны жөндеп, онда 500 қой семірткісі келеді. Басқа да жоспары көп. «Істің басы – ниет» демекші, олардың да орындалар кезі алыс емес.

 

Ақылжан Мамыт

Меркі ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту