- Advertisement -

Көпшілік көкейкесті мәселелердің шешімін күтеді

68

- Advertisement -

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясының мүшелері Сапар Ахметов, Серік Сейдуманов, Фахриддин Қаратаев партияның облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, өңір тұрғындарының өтінішін тыңдады. Сонымен қатар қабылдауға тиісті сала мамандары да арнайы шақырылды.
Көтерген көкейкесті мәселелерінің шешімі табылар деген сенімнен шығар, депутаттарға ұсыныстарын жеткізгісі келгендердің қатары да көп болды. Солардың бірі – қала тұрғыны Қалтай Кәкібаев. Ол «Шалғай Қарасу» алабына мектеп және балабақша салынса деген өтінішін айта келіп, тұрғын алабында қазір жол, «көгілдір отын» мен ауызсу мәселелері де өзекті болып отырғанын жеткізді.
Халық қалаулыларына өзегін өртеген өкініші мен өтінішін айтқан Күнсұлу Әшенова былтыр сәуір айында қайғылы жағдайға тап болған екен. Үйі өртеніп, екі баласынан айырылған ана содан бері жылға жуық уақыт өтсе де, баспана мәселесін шеше алмай келеді. Жұбайы қазір сырқатына байланысты жұмыссыз отырған көрінеді. Өзінің азын-аулақ тапқан жалақысы баспана жалдау мен несиесін төлеуге кететінін айтқан ол құжаттарына қатысты мәселе туындағандықтан, тұрғын үй кезегіне де тұра алмағанын жеткізді. Ана өтінішін мұқият тыңдаған депутаттар алдымен тұрғын үй кезегіне тұру керектігін ескертіп, сонда ғана көмектесудің жолдарын қарастыратындарын айтты.
Қоғамдық қабылдауда Тараз қаласындағы №1 гимназияның директоры Ләззат Қызылғұлова білім саласына ортақ мәселені көтерді. Оның айтуынша, бірқатар білім ошақтарында, соның ішінде өзі басқарып отырған мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жетіспейтін көрінеді. Ал Наталья Ла Тараз қаласындағы №31 мектептің ескі екенін және күрделі жөндеуді қажет ететіндігін халық қалаулыларына жеткізді.
– Тұрғындардың өтініштері көп аспектілі болғандықтан, оны жіті зерделей отырып, көмектесуіміз керек. Өмірде түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Қалай болғанда да, біз жұрттың өтініш-тілектерін назардан тыс қалдырмаймыз. Оны заң талаптарына сай шешу жолдарын қарастырамыз, – деді Серік Сейдуманов.
Қоғамдық қабылдаудан кейін депутаттар қоғам белсенділерімен және үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен жүздесті. Кездесу еркін форматта өтіп, көптеген мәселелер талқыға салынды. Көтерілген негізгі мәселелер – мемлекеттік сатып алу, әскери қызметкерлерге көмек көрсету, журналистердің мәртебесін анықтау және тағы басқа әлеуметтік салаға қатысты сауалдар. Халық қалаулылары маңызды деген мәселелерді түртіп алуды да ұмытпады.

 

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support