- Advertisement -

Еріктілер қозғалысының жұмысы еселене түседі

84

- Advertisement -

Жастар жылына арналған өңірдегі іс-шаралар легі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында өткен салтанатты жиыннан бастау алды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. Шараға келген қонақтар білім ордасының соңғы жетістіктері, жаңа технологиялық жаңалықтарымен танысып, арнайы ашылған көрмені тамашалады.
Салтанатты рәсімді сөз сөйлеп ашқан университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков жастарды құттықтай келе: «Қазір әрбір студенттің көкейінде екі сұрақ тұрғаны анық. Біріншісі – «Жастар жылында мемлекет жастарға қандай қосымша әлеуметтік жағдай жасайды?», соған сай «Бұл жылы мен еліме не берем, қандай жақсылық жасаймын?» деп ойлануы тиіс.
Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау-көмектер көрсетілгені жұртқа мәлім. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар еселене түспек. Жастар жылына орай Елбасы тапсырған міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет арнайы Жол картасын әзірледі. Ал бізге жүктелген міндеттер қандай болмақ? Ол, әрине – сапалы білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман даярлау. Жастар бір ғана мамандықты игерумен шектелмей, әлеуметтік ортаға жылдам бейімделуі керек. Кәсіпкерлікке де ден қойғандары жөн. Біздің университетте «Инновация және кәсіпкерлікті дамыту» орталығын ашуымыздың мәні де осында. Мұндағы мамандар жастарды кәсіпкерлікке баулып, шағын және орта бизнестің қыр-сырын үйретеді. Сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту, баспана мәселелерін шешу сынды стратегиялық мақсаттарымыз бар. Аталған мәселелер арнайы бағдарламалар арқылы шешілетін болады. Сонда ғана әл-ауқатымыз арта түспек, – деді.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Жастар жылында өңірде жүзеге асырылатын іс-шараларды тілге тиек етті.
– Бүгінгі таңда білім саласы бойынша Қазақстан әлемдегі 156 мемлекеттің ішінде 15-орыннан көрініп отыр. Бұл – Елбасының саясаты мен бағдарламаларының нәтижесі екені анық.
Жастардың ең үлкен мәселесі – тұрақты жұмысқа орналасу, одан кейін баспаналы болу. Осындай сұраныстар мен қажеттіліктерді өтеу үшін облысымызда тиісті шаралар жүргізілуде. Бұған дейін тек 10 үй пайдалануға беріліп келсе, биылдан бастап олардың санын 20-ға жеткізу көзделуде.
Жастар тәрбиесін мықтап қолға алу үшін біз алдымен отбасы құндылықтарын сақтауға мән беруіміз керек. Өйткені қазір әрбір үш отбасының біреуі айырылысатыны ащы да болса, шындық. Шаңырақ шайқалмаса, бүлдіршіндеріміздің балалық шағы қамсыз өтеді, – дей келе облыста 14-29 жас аралығындағы 200 мыңнан аса жас бар екенін, соларды қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында еріктілер қозғалысына биыл барлығы 760 миллион теңге бөлініп отырғанын айтты.
Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, Ұлы Дала сазын қазақтың көне ұлттық аспаптары арқылы халыққа насихаттау мақсатында биыл университетте жаңадан «Тұмар» ансамблі құрылған екен. Салтанатты шарада осы ансамбль Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Дәулеткерейдің «Түрікмен» күйлерін орындады. Сонымен қатар Tarsu.kz және Гауһартас би ансамбльдері де өз өнерлерін ортаға салды.
Шарада оқу ордасының жоғары жетістіктерге жетіп, замандастарына үлгі болып жүрген белсенділері, жас ғалымдары, мемлекеттік грант және стипендия иегерлері, студенттік құрылыс жасақтары, еріктілер қозғалысы, жастар ұйымдарының өкілдері өз жетістіктерімен бөлісті. Олардың ішінде Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендия иегерлері, РҺd докторлары Жанғазы Молдамұратов, Бекжан Абзалбекұлы, Александр Шевцов, Қуаныш Абдешов, Бауыржан Манапбаев, Ғани Мұратбаев атындағы сыйақы иегері Айдар Әбілдаев бар. «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық фестивалінің Гран-при иегері, қоғамдық дамыту министрі Дархан Қалетаевтың қолынан 400 мың теңге сыйақы алып, 2018 жылдың «Үздік оқырманы» атанған жас ақын Көксубай Жұматай, көркем гимнастикадан Ресей чемпионатының күміс жүлдегері Лаура Скак та белсенді жастардың ортасынан табылды.

Альмира Омарова

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support