- Advertisement -

Қорқыттың құпиясы және қобыз туралы толғаныс

246

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мәдениетіміздегі елеулі оқиға. Осы мақалада «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты жобаға қатысты мынадай ой айтылады: «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз».
Осы нұсқауды ұстана отырып, біз аты аңызға айналған Қорқыт баба мен қобыз аспабы туралы ой-тұжырымдарымызды ортаға салуды жөн көрдік. Қылқобыз бен қобыз музыкасына арналған әдебиеттер аса көп емес. Бірақ соңғы жылдары жоғары оқу орындарында магистратураның ашылуымен байланысты мұндай әдебиеттердің саны күрт өсіп кеткені байқалады. Магистрлік диссертациялар мен мақалаларда негізінен орындаушылық мәселелер көтеріледі. Дегенмен олар қобыздың пайда болуы мен дамуы сияқты мәселелерді де қозғайды. Авторлар өз еңбектерінде қобыздың шығу тарихын (мейлі ол қылқобыз болсын немесе прима-қобыз болсын) Қорқыттың есімімен байланыстырады. Осындай тарихи шолу барлық ғылыми еңбектерге тән жағдай деуге болады.
Дәстүрлі қобыз – расында да көне аспап, оны бақсылар қолданғаны да белгілі. Алайда қобыздың пайда болған уақытын тек қана Қорқыттың есімімен немесе Қорқыт туралы аңыздың шығуымен (яғни 8-9 ғасырлармен) шектеудің қажеті жоқ. Бақсылық – көне заманнан бері келе жатқан, әртүрлі діни ұғымдардың (анимизмнің, фетишизмнің, тотемизмнің, аруаққа сиынудың) басын біріктірген әлеуметтік құбылыс. Е.Тұрсыновтың пікірінше, алғашқы қоғам дәуірінде аңшылар өздерімен бірге бақсыларды алып жүрген. Аң аулау сәтті өтуі үшін барған жердің пірлеріне сый-құрмет көрсеткен, соларға арнап әндер мен жырлар айтқан. Айтқан әндерін бақсылар аспаптың сүйемелдеуімен орындауы әбден мүмкін.
Осыдан байқайтынымыз, Қорқыт қазақ даласында болған бірінші бақсы емес. Сол сияқты қобыз аспабын да алғаш рет ойлап тапқан ол болмауы мүмкін. Қорқытқа дейін де көптеген бақсылар шоғыры қалыптасқан. Олар өз «ойындарында» қобыз немесе басқа (асатаяқ, даңғыра, кепшік сияқты) аспаптарды пайдаланған. Бірақ сол бақсылардың есімі мен орындаған әуендері біздің заманымызға жетпей беймәлім болып қала берген.
Қорқыттың есімі тарихта сақталған себебі, ол қазақ жерінде ең бірінші болып тағдырға қарсы тұрды. Аңыз бойынша Қорқыт мәңгілік өмір іздеп жер шарының төрт бұрышын аралап шығады. Қайда барса да көр қазып жатқан адамдарды көреді. «Бұл кімнің көрі?» деген сұраққа олар «Қорқыттың көрі» деп жауап береді. Жер бетінен мәңгілік өмір таппайтынына көзі жеткен Қорқыт Сырдарияның жағасына келіп, Желмаясын құрбандыққа шалады. Өз қолымен қобыз істейді, оған Желмаяның терісін тартады да мәңгілік әуендерін ойнай бастайды. Музыканың үнінен қорыққан өлім оған қарсы келе алмайды. Бірнеше күн бойы музыкасын үзбей ойнаған Қорқыт бір сәтке ұйықтап кеткенде өлім жылан кейпінде келіп, шағып алады. Одан Қорқыт өлмейді. Ол не өлі емес, не тірі емес халде болып, бақсылардың піріне айналады. Содан бері барлық мұқтаж адамдарға көмек көрсетеді.
Байқап тұрғанымыздай, бұл дүниеде мәңгілік өмір таппаған Қорқыт енді аспаптық музыканың күшіне жүгінеді. Қазіргі кезде де Қорқыт баба сияқты рухы биік, өлімді музыканың немесе қасиетті діни сөздердің (мантраның) көмегімен жеңе алған тұлғаларды кездестіруге болады. Мысал ретінде екі өмірдің арасында мәңгілік орын тапқан Хамбо-лама Даши-Доржо Итигэловты атауға болады. 1927 жылы 75 жастағы Хамбо-лама Итигэлов өз шәкірттеріне бұл дүниеден кететінін жариялайды, ол өзінің денесін 75 жылдан кейін жерден қазып алуды тапсырады. Оның бұл өсиеті 2002 жылы 10 қыркүйекте орындалады. Итигэловтың денесін Ресейдің денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «судмедэкспертиза» бюросының мамандары тексереді. Профессор Виктор Звягиннің айтуы бойынша, Итигэловтың денесі бұдан 12 сағат бұрын қайтыс болған адамның денесіндей сақталған. «Кожа упругая, суставы подвижны, вот только кровь стала желеобразной» – деген қорытындыға келеді ол. Профессор Галина Ершованың айтуынша, Итигэловтың қолы зерттеуші ғалымның қолынан да жылы болған екен.
Енді Қорқыт туралы аңызға оралар болсақ, Қорқыт бабаны адамзат тарихындағы ең алғаш рет өлімді музыка тілімен жеңе алған, сол арқылы ерекше (не өлі емес, не тірі емес) дәрежеге жеткен қасиетті тұлға дей аламыз. Бұрынғы кезде әр бақсының жеке әуені (сарыны) болған. Сол әуенін емшілік жасағанда немесе басқа да әдет-ғұрыптарды атқарған кезде қолданған. Алғашында Қорқыттың орындағандары құрылымы жағынан қалыптасқан күй емес, әуен түрінде болған. Біз білетін күй ретінде Қорқыттың сарындары кейінірек қалыптасты.
Г.Омарова қобыз күйлерінде, соның ішінде Қорқыт күйлерінде қайталанып отыратын әуендер (мотивтер) туралы жазады. Қорқыттың орындағандары осы әуендер болуы әбден мүмкін. Кейінгі қобызшылар оларды енді әдет-ғұрыптардан тыс орындай бастайды. Соның салдарынан Қорқыттың әуендері бара-бара өзіндік шығармаға айналып бізге күй түрінде жетеді.
Сонымен қорыта келе мынадай тұжырымға келуге болады:
1) Қорқыт алғаш рет қобыз аспабын ойлап тапқан адам емес. Ол – көшпенді халықтар ішінде ең бірінші болып тағдырға қарсы тұрған адам. Сол себепті оның есімі тарихта сақталған. Бірақ Қорқыт тағдырдың жазғанына төтеп бере алмады. Десе де магиялық музыканың күшіне сүйене отырып, екі өмірдің арасында орын алған ерекше (не өлі емес, не тірі емес) халге жете алды. Осы халде ол ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы «өмір сүруі» мүмкін.
2) Қорқыт қазақ даласында болған ең бірінші бақсы емес. Оған дейін де көптеген бақсылар болған. Қорқыт бабаның ерекшелігі – оның аса биік рухани күшінде. Сол арқылы ол бақсылардың піріне айналды.
3) Қорқыттың ойнағандары алғашында магиялық рөл атқаратын шағын әуен (сарын) түрінде болды. Сол сарынның үні арқылы өзін екі өмірдің арасында тұрған ерекше (аңыз бойынша «не өлі емес, не тірі емес») рухани дәрежеге жеткізді.
4) Күй түрінде Қорқыттың сарындары кейінірек қалыптасты. Қорқыт бабаны пір тұтқан қобызшылар сол сарындарды өзгертпей сақтап қалуға тырысты. Алғашында магиялық рөл атқарған Қорқыт сарындары енді әдет-ғұрыптардан тыс орындала бастайды. Сөйтіп олар бара-бара өзіндік шығармаға айналып, нәтижесінде бізге күй түрінде жетеді. Қазіргі күйлерде қайталанып отыратын әуендерді Қорқыттың өзі орындаған сарындары деп білуге болады.
5) Енді прима-қобызға келер болсақ, ол – халық аспаптар оркестрі мен ансамбльдерде қолдану үшін арнайы әзірленген аспап. Құрылымы мен орындаушылық тәсілдері жағынан қылқобызға ұқсас болуына қарамастан прима-қобызды мүлде басқа аспап деп есептеуге негіз бар. Прима-қобызда дәстүрлі күйлер орындалмайды. Оның репертуары негізінен скрипка шығармаларының өңдеуінен құрылған.

Пернебек ШЕГЕБАЕВ,
өнертану ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың профессоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support