Жоспар жүйелі, жұмыс нәтижелі

Өткен 2018 – ел өміріндегі елеулі оқиғаға толы, тұрақтылық пен татулықтың жылы болды. Елбасы былтыр халыққа екі рет Жолдау арнап, ел дамуының бағыт-бағдары мен сапалы өмір сүрудің тетіктерін анықтап, атқарушы билік өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Болашақтың бағдарын айқындайтын «Рухани жаңғыру» жолындағы жұмыстар жалғасын тауып, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласы өмірімізге жол тартты.
Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында Қазақ ауылынан Ниязқұловтар отбасы бас жүлдені иеленсе, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы, меценат Сайрамбай Дөненбаев Қазақстанның Еңбек Ері атанып, ел мерейін үстем етті. Ауыл шаруашылығы саласы облыста алдыңғы үздік үш ауданның қатарынан көрінді. Осылайша өткен жыл аудан үшін берекелі де табысты болды.
Елбасының халыққа Жолдауын, одан туындаған міндеттер мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі, «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы мен барлық салалық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. Аудан көлемінде де осы Жолдау міндеттеген тапсырмалар аясында ауқымды шаралар жоспарланып, мақсат-міндеттер белгіленді.
Аудан аграрлы болғандықтан, биыл ауыл шаруашылығы саласын барынша дамытуға басымдық берілмек. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Аудандағы 568698 гектар жайылымды электронды порталға кіргізу жұмыстары толық аяқталып, елді мекендердегі жайылымдық жерлер мәселесі қаралып, шаруалар ұсыныстары ескеріледі. Биыл аудан бойынша төрт түлік малдың басын 104 пайызға, мал өнімдерін 105 пайызға арттыру көзделуде. 2019 жылы 5 ауылдық округте сүт және ет өнімдері бағытындағы 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру жоспарланды. Мүйізді ірі қараны түпкілікті бордақылау мақсатында 1000 бастан жоғары 2 мал бордақылау алаңы құрылып, сиыр еті шетелге экспортталатын болады.
Суармалы жерлер көлемін ұлғайту, ғылыми негізде агроөнеркәсіпті дамыту үшін Аграрлық университетпен жұмысты жандандыру өз жалғасын таппақ. Аудан аумағында 15 ауылдық округте кем дегенде 15 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, олар өздері өндірген сүттерін биыл іске қосылатын «Астана» шаруа қожалығының қуаттылығы тәулігіне 15 тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі бар зауытқа өткізеді. Зауыт шикі сүттен май, қаймақ, ірімшік, айран, құрт, йогурт сияқты өнімдер өндіреді. Суармалы егістікті ұлғайту мақсатында тозығы жеткен 18 каналдың 16 данасына күрделі жөндеу жүргізу үшін республикалық меншікке өткізілді.
«Сарыбұлақ» және «Жарлысу» каналдарына аудандық бюджеттен 4 миллион теңге қарастырылды. Олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, биыл механикаландырылған жасақ арқылы тазаланады. Соның нәтижесінде 162 гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылады. Аудандағы ауыл шаруашылығы техникалары паркін межеге сәйкес 7 пайызға жаңарту үшін 2019 жылы 45 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу бойынша шаруалармен жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тапсырмаға сәйкес 320 сиыр, 4870 қой сатып алу жоспарланды. Ауыл шаруашылығында ветеринария саласы маңызды рөл атқаратыны белгілі. 2019 жылы 11 ауылдық округте ветеринарлық пункттердің құрылысын және 11 мал емдеу қоралары құрылысын жүргізу жоспарланса, қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау питомнигінің (тәлімбақ) ЖСҚ-ын дайындау көзделіп отыр.
Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Ауданда өнеркәсіп пен құрылыс саласында да тың жобаларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Луговой ауылының сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын аяқтау, осы елді мекендегі Луговой ауылындағы І және ІІ кезеңдегі тұрғын алқаптары көшелеріне шағал тас төсеу сияқты тың жобалар бар. Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын алқабына электр желісін тарту жұмыстарын аяқтау көзделуде.
Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық мектептің құрылысын жүргізу үшін 338 миллион теңге бөлінген. Ол биыл толық аяқталады деп күтілуде, мердігері – «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Ауданда «7-20-25» бағдарламасы аясында облыс әкімінің қолдауымен 80 пәтерлік 2 үй құрылысын салу жоспарлануда. «Тереңөзек-Шолаққайыңды» автокөлік жолын орта жөндеуден өткізуге 137 миллион теңге, Қарақат ауылына кіреберіс автожолын орта жөндеуге 42 миллион теңге қарастырылған. Құлан ауылы Жібек жолы көшесінің автожолын орташа жөндеуге 209 миллион теңге бөлінген. Ауылдық округтердегі елді мекендерде 23 көше жолын жөндеуге 240 380 мың теңге жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын ашу, жаппай жұмыссыздықты жою, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, әлсіз топ өкілдері мен мүгедек азаматтарды қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Бұл шара ауданда шешімін тауып келеді. 2019 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, яғни шартты ақшалай көмек алушылардың ішінде еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шарасына тарта отырып, жұмыспен қамту үлесін 21 пайызға жеткізу жоспарлануда. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, өтініш түсуіне қарай оларға міндетті гигиеналық құралдар, кресло-арбалар, протез-ортопедиялық көмектер, тифлотехникалық құралдар, сурдотехникалық құралдар, санаторий-курорттық емдеуге жолдама беріліп, жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектерге жеке көмекші қызметі, есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманы қызметі көрсетіледі. Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу жәрдемақысы бойынша 2019 жылға 80 балаға 4848 мың теңге жоспарланған.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының І бағыты аясында қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 230 азаматты тарту, ІІ бағыты аясында аудан бойынша 60 азаматқа өз ісін ашуға шағын несие беру жоспарлануда. ІІІ бағыты бойынша ақылы қоғамдық жұмыстарға 225 азаматты, әлеуметтік жұмыс орындарына нысаналы топқа жататын 56 азаматты, Жастар тәжірибесіне 82 азаматты жұмысқа жолдау көзделуде.
Білім саласы – қашанда қолдау мен қамқорлықты қажет ететін, нәтижесі болашақта көрінетін үлкен сала. Ауданның білім саласын әлемдік стандарт талаптарына сәйкестендіру бағытында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар баршылық. Биылғы жылы мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалар үлесін – 100, мектептерде оқу кабинеттерін интерактивті құрылғылармен қамтамасыз ету үлесін 100 пайызға жеткізу, бір мектеп базасынан ІТ сынып ашу жоспарлануда. Барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопаркін ашу және «Бизнес-инкубатор» үйірмесін ашу қолға алынды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген маңызды шаралар өткізу көзделуде. Соның бірі – жас өлкетанушылардың «Өлкетану экспедициясын» құру. Сондай-ақ «Сарбаз» патриоттық клубтарын құру, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жұмыстар атқару, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін түсіндіру бойынша жоспарлы жұмыстар қолға алынбақ.
Қоғамда адам өмірі мен оның денсаулығы – басты назарда. Дені сау ұлт – мемлекеттің баға жетпес байлығы. Өткен жылы 4 ауылда медициналық нысан салынса, биыл 6 ауылда жаңа құрылыс нысандары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүргізіледі.
Емдеу мекемелерін толыққанды цифрландыру мақсатында қосымша 25 компьютер қарастырылды. Барлық емдеу мекемелері интернет желісіне көшірілді. Интернет желісінің жылдамдығын көбейту жұмысы да өз шешімін табады.
Халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында әрі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы 7 ауылдан (Өрнек, Жарлысу, Ақбұлақ, Юбилейное, Луговой, Көгершін, Тереңөзек) Цифрландырылған ақпараттық орталық ашу жоспарланды.
Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жергілікті жерде ілгерілету аясында да біршама жұмыстар жоспарлануда. Жақсылық ауылынан демеушілер есебінен жастарға арналған «Спорт кешені» ғимаратын, Құлан ауылынан 3 гектар жерге жастарға арналған арнайы Демалыс орталығы мен кіші футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойыны алаңдары, «Жастар кафесі» демалыс орнын демеушілер көмегімен салу жоспарлануда.
«Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары аясында білім бөлімі жанынан «Жас өлкетанушылар» экспедициясын құру, «Өлкетану» үйірме-клуб жұмыстары арқылы аудандық тарихи-өлкетану музейімен, мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім бөлімдерімен бірлесе жергілікті туризмді дамыту көзделуде. «Т.Рысқұлов ауданының киелі жерлері» туристік бағытымен өлке тарихын насихаттау, «Ауыл – ел бесігі» жобасына үлес қосу мақсатында демеушілер есебінен әр ауылдың «Өлке тарихы мен мәдени даму мұражайы» арнайы музейлерін жабдықтау қолға алынбақ. Бұл жұмыстың бәріне зор жауапкершілік пен белсенділік қажеттігін әр азамат сезінуі қажет.
Биыл Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2019 жыл «Жастар жылы» болып жариялануы баршаны қуантты. Аудан жастарының әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жоспарлануда.
2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Жас талап» жас кәсіпкерлер мектебі құрылып, жеке кәсібін ашуға ниетті 87 жастың тізімі анықталды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының Т.Рысқұлов ауданындағы филиалымен жұмыстар басталды.
Ауданда «Еріктілер тобы» құрылып, ерікті жастардың қолдауымен Құлан ауылынан «Әлеуметтік дүкен» ашу жұмысы жолға қойылады. Онда азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар еріктілер бастамасымен жиналып, ол мұқтаж жандарға тегін таратылатын болады. Негізгі мақсат – Елбасының Жастар жылының ашылу салтанаты аясында берген тапсырмасының бірі жастар мен студенттерді тартып, еріктілер жұмысын жандандыру.
Құлан ауылынан «Жастар саябағын» салу, осы ауылдың кіреберісінен жастар демалатын «Махаббат аллеясы» арнайы жобасын жүзеге асыру шаралары қолға алынады. Ауылдық округтерде демеушілер мен меценаттар есебінен Жастар демалатын мәдени-көпшілік орындарды жабдықтау, «Футбол алаңдары» арнайы орнын жабдықтау, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласына орай демеушілер мен ірі кәсіпкерлер есебінен ат спорты ойындары алаңын жасақтау жоспарланды. Құлан аграрлық колледжінің ескірген оқу-өндірістік базасын қалпына келтіріп, жастарды ауыл шаруашылығы саласына, бизнеске бейімдеу бойынша жоспарлы жұмыс – 500 қой, 200 ірі қара өсіріп, «Мал бордақылау алаңын» құру қолға алынады. Бұл жұмысқа студент жастар, ниет білдірген жас азаматтарды тарту жоспарланды. Құрылыс жұмыстарына «Студент жастар отряды» мүшелері тартылмақ. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Луговой ауылындағы бұрынғы кеден бекетінің ғимаратын спорт кешені ретінде қайта жабдықтау басталады.
Өңір экономикасы мен әлеуетін арттыруда жоба көп. Оны орындау – алдағы күннің еншісі. Жолдаудағы басымдыққа ие болған бағыттар өңіріміздің өркендеп, болашақтың бүгінгі күннен де нұрлы болуына жол ашатыны анық.

Асқар Қырықбаев,
Т.Рысқұлов ауданының әкімі.

Comments are closed.

микро займ на карту