Жерлесіміз Ерік Нұрдәулет татамиде атой салды

«Тараз-Аренада» дзюдодан жасөспірімдер
арасында ҚР чемпионаты басталды

«Тараз-Арена» спорт сарайында дзюдодан 2002-2003 жылдары туылған жасөспірімдер арасында ел чемпионаты жалауын көтерді. Аталған спорт додасына еліміздің барлық аймағынан 600-ден астам спортшы қатысып, ұлдар тоғыз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаса, қыздар сегіз салмақта өзара кім мықтыны анықтады.
Чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз сөйлеп, жас балуандарға сәттілік тіледі. Мұнан соң дзюдодан Азия чемпионы, республикалық дзюдошыларды даярлау мектебінің директоры Мұратбек Қыпшақбаев пен дзюдодан ҚР-ның мемлекеттік жаттықтырушысы Жандос Қонысбаев та бұл жарыстың өте маңызды екеніне тоқталып, биылғы жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысатын үміткерлер осы жарыста іріктелетінін айтты. Кейіннен облыстық филармония әншісі Әлішер Болтаев әннен шашу шашты.
Кеше аталған жарыста бірқатар салмақта чемпиондар анықталды. Қыздар арасында 40 келі салмақта қарағандылық Әлина Жұмағұлова ел чемпионы атанды. Ол финалдық белдесуде батысқазақстандық Айшабибі Нұрәділовадан басым түсті. Бұл салмақта қос қола жүлде Аяжан Әзім мен Аружан Арманға (екеуі де Алматы қаласынан) бұйырды. Ұлдар арасында 46 келі салмақта тараздық жерлесіміз Ерік Нұрдәулет алтыннан алқа тақты. Ол шешуші белдесуде ақтөбелік қарсыласы Әли Санжарды мерзімінен бұрын айқын басымдықпен ұтты. Қола жүлделерге қызылордалық Бекарыс Жаныс пен алматылық Қуаныш Жанбай қол жеткізді. Жарыс алдағы жексенбі күнге дейін жалғасады. Бұл аламанда жамбылдық жас балуандар үмітті ақтайды деген сенім бар.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.