- Advertisement -

Таластың шаруалары үшін мәселенің үлкені – су

71

- Advertisement -

Аудан, ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесуі Ойық, Кеңес, Үшарал ауылдық округтерінде өз жалғасын тапты.
Әнуарбек Тәжімбетов атындағы Мәдениет үйінде есеп берген Ойық ауылдық округ әкімі Медет Уристенов өңірлерді, аграрлық секторды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар негізінде былтыр атқарылған бірқатар істерге жеке-жеке тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Досмаханбет Алиев есепті кезеңде аудан экономикасын еселеп, халықтың әл-ауқатын арттыруда қол жеткен жетістіктерді атап, маңызды салалар бойынша индикаторлардың орындалу көрсеткіштерін айтып өтті. Аудан басшысы жыл ішінде межеленген міндеттер толығымен орындалғанымен, ауыл шаруашылығы сияқты асыраушы салада ет, сүт өнімдерін өңдеу ісі алдағы уақытта бірлесіп шешілетін негізгі мәселелердің бірі екендігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Есепті кездесуде алғаш болып жарыссөзге шыққан аудандық мәслихаттың депутаты Ақынбек Бектай:
– Ауылда 2183 гектар суармалы егіс бар. Егістік, жайылымдық жерлердің көбі Талас өзенінің бойында жатыр.
Көктем айларында су тасып, арнасынан асқанда, сол жерлер шайылып кетеді. Сондықтан өзен арнасына қойылған бөгетті жөндеу керек. Бүгінде ауыл тұрғындары «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Десек те қазіргі таңда ауылда газ кіргізілмеген үш үй қалды. Алдағы уақытта бұл мәселеге қайта жоба жасауға қаражат қарастырылса, – дей келе, Көктөбе ауылындағы мектептің жайын да сөз етті.
Ал ауылдық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Пана Рахманбердіұлы тұрғындарды алаңдатқан мал ұрлығы, елді мекеннің жолдарын асфальттау мәселесіне тоқталып, ауылда жастарды тұрақтандыру үшін спорт, саз мектептері салынса, Тұрымқұл ауылында клуб ашылса, Ш.Смаханұлы атындағы мектептің жылу жүйесіне газ орнатылса деген тілегін жеткізді.
Жиында көтерілген осы және өзге де мәселелер бойынша аудан әкімі:
– Ауылішілік жолдарды жөндеу үшін қомақты қаражат керек, өкінішке қарай, қаржы қарастыруға әзірше мүмкіндік жоқ, – деп Ойық ауылында газ кіргізілмеген үш үйге қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізуді ауыл әкіміне тапсырды.
Есепті кездесуге жиналғандар ауылдық округ пен аудан әкімінің жыл ішінде атқарылған жұмыстарын қанағаттанарлық деп бағалады.
Келесі есепті кездесу Кеңес ауылдық округінде өтті. Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Еркебұлан Тәттібай өткен жылы жүзеге асқан жұмыстар жайын баяндай келе, 2019 жылы нәтижелі ұйымдастырылуы тиіс бірқатар істерді атады.
Басқосу барысында ауыл ақсақалдары тарапынан Көшек батыр ауылына клубын салу, шабындық жерлерді жыл сайын су шайып кететіндіктен, тұрғындар мал азығын сырттан сатып алатындығы, сондықтан «Нұралы» каналына бөгет қойылу керектігі айтылды.
Ауыл тұрғындарын алаңдатқан сұрақтар бойынша жауап берген Досмаханбет Қасымұлы ішкі кварталдық жұмыстар аяқталысымен ауылға газ келетіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ «Бөлек қызыл» су қоймасын қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынса, клуб салу мәселесі бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ұсыныс жасау жұмыстары қарастырылатындығын жеткізді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Еркебұлан Тәттібай мен аудан әкімі Досмаханбет Алиевтің есебіне оң баға берді.
Ал Үшарал ауылдық округінде өткен әкімдердің былтырғы жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы бірлескен есебі Үшарал ауылындағы Әбдір Сағынтаев атындағы мектепте ұйымдастырылды. Округ басшысы Рахымжан Айтуов есепті мерзімде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуында орын алған оң өзгерістерді саралай келіп, 2019 жылы іске асуы тиіс Арал, Қайыр ауылдарының көшелеріне жарық жүргізу, жаңадан Жастар саябағын салу немесе қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды міндеттерді атады.
Мұнан соң сөз алған аудан әкімі Досмаханбет Алиев өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық салада өсім байқалғандығына тоқталып, ауылға «көгілдір отын» тарту үшін қазіргі таңда 5 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда, құны нақтыланған соң бюджеттік өтінімге ұсынылады, – деді.
Жарыссөзге шыққан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Жүсіп тұрғындар тұтынып отырған судың сапасы мен байланыс жүйесінің жылдамдығы төмен екендігін, жарық жиі өшетіндігін айтты.
Жиын барысында сонымен қатар учаскелік полиция қызметкеріне қызметтік көлік берілсе, балалардың қауіпсіздігі үшін басты көшелердің жолдарына кедергілер орнатылса деген ұсыныстар айтылды.
Көтерілген осы және өзге де мәселерлерді мұқият тыңдаған Досмаханбет Қасымұлы ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту күн тәртібінен түспей, бірінші кезекте тұрған мәселе екендігін баса айтып, тұрғындарды толғандырған барлық мәселенің шешімі қарастырылатындығын да атап өтті.
Кездесуге келгендер ауыл және аудан әкімінің есебін бірауыздан қанағаттанарлық деп бағалады.

Мадина ЖАРАС,
журналист.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support