- Advertisement -

Өртке оранған бейкүнә періштелер

72

- Advertisement -

Құдай-ай, тілі жалаңдаған жалынның құрсауында қалғанда не күйде болды екен, жандарым?
«Анашым!» деп шыңғырды ма екен?
«Әкешім!» деп жылады ма екен, әлде?
Ең үлкені — 13 жасқа толған әпкелері шырылдаған бауырларын құтқармақ боп жанталасқан шығар-ау!
Әлде…
бәрі алдымен түтінге уланып, көз жұмды ма?
Онда…
жандары мен ойлағандай қиналмаған шығар-ау!
Өмір не деген әділетсіз?
Тағдыр қандай қатыгез?
«Біреудің ажалы — оттан, біреудің ажалы — судан» деп отырушы еді баяғының күншуақты күзеткен момын шалдары. «Е, Жаратқан, бәле-жалаңнан сақтай гөр» деп күбірлеп қоятын сосын.
Солар айтқандай, Қазақ халқын бәле-жалаңнан сақтай көрші Алла тағала!
Бар қиындықты баспанасыздар мен жарлы-жақыбайлардың басына үйіп-төгіп қоятыны несі екен осы?
Кешіре гөр, Құдай! «Жазымышыңа» шүбә келтіріп отырған жоқпын. Бірақ жазықсыз періште-бөпелердің отқа оранатындай не жазығы бар еді дейім де?
Ойлайтыны — арамдық, жасайтыны — жамандық небір құзғын-адамдар жүр ғой осы қара жерді қорықпай басып.
Уһ…
Айтарға сөзім жоқ.
Отқа оранған бейкүнә періштелер енді тоңбайтын шығар.
Отқа оранған бейкүнә періштелер енді үлке-е-ен Астананың ең кішкента-а-ай үйінде тұрғандарына қымсынбайтын шығар.
Отқа оранған бейкүнә періштелер енді ата-аналары түн қатып жұмысқа кеткенде ештеңеден қорықпайтын шығар.
Жә…
Олар енді Жұмаққа тікелей тартып, оның төрінен бірден орын алатын шығар.
Тілім-тілім болған жүрегімді осылай жұбатам, қайтем енді.

 

Көсемәлі Сәттібайұлы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support