- Advertisement -

Енді көлік құжаттарын делдалдан алмайсыз

112

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында партияның 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссия отырысы өтті.
Алқалы жиында күн тәртібіне сәйкес, облыс бойынша Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлік құралдарының құжаттарын қабылдау және көлік жүргізу куәліктерін беру жұмыстарының ұйымдастырылуы сөз болды.
«Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссияның кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Абай Нұржанов іс-шара мақсатын түсіндіріп өткен соң, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның облыс бойынша филиалының «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» бойынша мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Шалхар Елемес филиалдың мамандандырылған бөлімінің қызметіне тоқталды. Баяндамашының айтуынша, Тараз қаласында 2013 жылдың 20 желтоқсанында пилоттық режімде жұмысын бастаған орталықта халыққа бірнеше қызмет түрі тез әрі сапалы көрсетіліп келеді. Дейтұрғанмен мұнда түйткілді мәселелер де жоқ емес. Мәселен, аталған мекеме мен полиция департаментінің құрылымдық бөлімшесі аумағымен жапсарлас жеке тұлғаның меншігіндегі жерде орналасқан бейберекет сауда, кеңсеге жабдықталып ауыстырылған контейнерлер (шағын автобустар), асханалар, сақтандыру компанияларының өкілдері, көлік құралдары иелерін міндетті сақтандыру, көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу және мемлекеттік қызметті алуға қажетті құжаттар топтамасын әзірлеу (айыппұлдарды өтеу) бойынша қызметтерін жүзеге асырып жүрген тұлғалар, көбіне сақтандыру компанияларының қызметін жамылып жүрген делдалдар сыбайлас жемқорлық көріністеріне жағдай туғызуда. Мамандандырылған бөлімге ғана емес, мемлекеттік органдардың қызметіне нұқсан келтіріп жатқан мұндай келеңсіздіктердің алдын алуды қарастырған мамандар орталықты бөлек ғимаратқа орналастырған жөн деген ұсыныстар айтты.
Ал облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы емтихан алу бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Жайдар Құттыбаев:
– Әкімшілік полицияның жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бөлімшелері мемлекеттік қызметтің 2 түрін көрсетеді. Олар «Көлік құралын мемлекеттік тіркеу және теңестіру нөмірлері бойынша кейбір көлік құралдарының түрлерін есепке алу», сонымен қатар «жүргізуші куәлігін беру», – дейді.
Баяндамашы сондай-ақ 2018 жылғы 26 мамырдан бастап жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік қызметтер стандарттарындағы өзгерістерге байланысты «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу» мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің де қысқарғандығын баса айтты.
– Қазір облыстық полиция департаменті тарапынан сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары аумағында көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру мемлекеттік қызметін көрсету ісіне кері әсер етіп жүрген делдалдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп, қатаң шаралар қолға алынды. Сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәліктерін беруге негіз болған құжаттар мен сынақ қабылдау кезіндегі сыпайылық пен сапалы қызмет көрсету де басты назарда. Ал халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мәселесі департамент басшылығының ұдайы бақылауына алынған, – деді Жайдар Құттыбаев.

Альмира Омарова
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support