- Advertisement -

Ат пен электромобиль полицейлердің қолын ұзарт ты

79

- Advertisement -

– Осы атты патрульдің жүрген жерінде қылмысқа жол берілмейді. Бүгінгі күні бізде 29 қызметтік жылқы бар. Жылдың барлық мезгілінде суық пен ыстыққа қарамастан жүре береді. Әсіресе көктем мен күз айларында жер балшық болған кездері аттың көмегі өте зор, – дейді Жол патрульдік полициясы басқармасы кавалериялық (атты) взводы командирінің орынбасары, полиция аға лейтенанты Рафхат Файзырахманов.
Атты жасақтың күшімен биылғы қаңтар айының өзінде төрт қылмыстың беті ашылды. Оның біреуі ұрлықтың алдын алу. Жетінші шағын ауданда күдіктінің көлік тонап жатқан жерінен атты патруль дер кезінде үстінен түскен. Үш оқиға 7,5,8-шағын аудандарда қоғамдық орында заңға қайшы затты қолдану бойынша ашылды. Атты полицейлер көбіне автокөлік жүре алмайтын жерлерде, саяжайларда, өзендердің жағалауларында, тұрғын жай алқаптарында жүреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аттардың көмегімен 19 қылмыстың беті ашылған. Олардың қатарында құқық бұзушылық, тонау, есірткі заттарын қолданушылар бар.
Соңғы кездері көне шаһар күн өткен сайын түрленіп, құлпырып келеді. Қала тұрғындары мен қонақтары серуендейтін саябақтар мен өзге де мәдени орындар көптеп ашылуда. Заман талабына сай бұл салаға да өзгеріс енгізу шаралары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта тәртіп сақшылары қоршаған ортаға зиянсыз көліктерді де тізгіндей бастады. Қылмыстың алдын алу мақсатында электромобиль көлігі діттеген жерге жедел жетуге мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі тарапынан заман жетістігі әзірге «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылғандықтан осы аумаққа қызмет көрсететін полицейлерге берілген.
Жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы Жасұлан Омаров:
– Осы электромобильді бергеніне бір жылдай уақыт өтті. Саябақтың аумағы үлкен болғандықтан негізінен қылмыстың алдын алу шараларын жүргізіп, осында боламыз. Екі ауысымда 24 сағат бойы аралап жүреміз. Тиімділігі – жаяу жүрмейсің, қылмыс орын алған аумаққа тез әрі дер кезінде жетуге мүмкіндік бар. Бұл жерде бізден бөлек Ұлттық ұланның сарбаздары қызмет атқарады. Демалыс орны пайдалануға берілген күннен осы уақыт аралығында әзірге бұл аумақта ешқандай қылмыс тіркелген жоқ. Тараз қаласында бір саябаққа бір электромобиль жетеді деп ойлаймын. Осы көлікпен алғаш рет жүре бастағанда тұрғындар таңданысын жасырмайтын. Қазір көздері үйренді. Полицейлер ауқымы үлкен демалыс орнымен қатар, бүгінде халықтың сүйікті орнына айналып үлгерген «Үшбұлақ» жағажайының да тыныштығын сақтап отыр.
– Мен Жеңіс саябағы арқылы күнделікті жұмысқа жаяу қатынаймын. Басында полицейлердің мұндай көлікпен жүргені қызық көрінді. Бірте-бірте көзіміз де үйренгендей. Заман талабынан қалмай, тәртіпті қадағалау ісіне қосар үлесі зор болады деп ойлаймын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Күлмараш Сейітбекова. Көліктің бұл түрі экологияға да еш зардабын тигізбейтінін атап өтті ол.
Электромобиль – қажетті жарық, дабыл және орталықпен байланыстырар барлық құрылғылармен толық қамтылған. Сондықтан түнгі уақыттағы рейдтік жұмысқа да жарап тұр. Айта кетерлігі, 4 орындықты көлік қозғалтқыш орнына аккумулятормен жүреді. Шығыны аз әрі тиімді. Кернеуі 220 вольт электр желісінен алынған қуат, күнұзақ 12 сағатқа жетеді. Ал стационарлық бекетінде қуаттандыру процесіне небәрі 2,5 сағат уақыт жеткілікті. Сондықтан да саябақтағы қоғамдық тәртіпті бақылау үздіксіз жүргізіліп отыр. Полицейлер тиімді бастаманы қолдайтынын және шаһардың өзге де аумақтарында қолға алынса деген ниетте. Сол арқылы оң көрсеткіш еселенеді деген пікірде.
– Электромобильмен саябақта екі наряд жұмыс істейді. Біріншісі сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жүреді. Қылмысты болдырмау мақсатында демалыс орнын аралап, тұрақты бақылауда ұстайды. Осы электромобильді Жеңіс саябағына бергелі бұл аумақта ешқандай қылмыстық оқиға тіркелген жоқ. Түнгі мезгілде де тәртіп сақшылары жұмыстарын жалғастырады. Қазіргі заман талабына сәйкес осындай көлікпен жүрген өте ыңғайлы әрі тиімді. Жөндеу жұмыстарын да аса қажет етпейді. Уақтылы қуаттандырып қойса болды, – дейді полиция капитаны, рота командирі Руслан Оразбақов.
«Экспо-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі өтіп жатқан тұста қалашықтың аумағы мен Астана қаласындағы саябақтар, адам көп жүретін қоғамдық орындарды осы электромобиль деп аталатын жеңіл қозғалысты заманауи көлік пен «Скутер» мінген жол-патрульдік полиция қызметкерлері күзеткен болатын. Оларды қазір елордадағы көпшілік жүретін аймақтардан әлі де кездестіруге болады. Мұндай көліктердің тиімділігі жоғары екендігі Тараз қаласында да дәлелденіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта шығыны аз әрі экологиялық жағынан тиімді көліктің бұл түрін көбейтетін болсақ тек саябақтың ішін ғана емес, қоғамдық орындарды да жан-жақты қадағалауға мүмкіндік туады.

 

Алпамыс ҚАЗЫБАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support